Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сан шәкірттің шамшырағы

Сан шәкірттің шамшырағы

"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" деген қағида әлі құнын жойған жоқ. Жоймайды да. Біз тақырыпқа арқау еткен сан шәкірттің шамшырағы Бекболат Сәдуақасов әке жолын жалғаған жан. Асқар таудай айбатының өмірін өз тағдырына бағдаршам қылған кейіпкеріміз ұзақ жыл білім саласында мінсіз қызмет етті. Ақбастыдағы ертеректе қам кесектен қаланған мектепке директор болған Әки Сәдуақасов жағалау жұртының ұл-қыздарына тәлім берді. Әр шаңырақтың үкілі үмітінің санасына сәуле құйып, олардың кемел келешекке деген сенімін оятты. Тереңнен су маржанын сүзген балықшы қауымның ұрпақтарын ел тарихын терең тануға, Отанды шексіз сүюге үндеді. Бақандай 40 жылдық ғибратты ғұмырында талайдың көкірек шамын жақты. Бала бағбаны айрықша ұстанымымен ел экономикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қаншама азаматтың қалыптасуына жол ашты. Олардың қатарынан  өнер адамдары да, мемлекеттік қызметте шыңдалған әкімдер де шықты. Бұл өлшеусіз еңбектің жемісі тұғын.
Хош. Енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Сөз еткен Бекболат ата-ананың тәрбиесімен ерте есейді. Білуге құлшынды, үйренуге ұмтылды. Бекболат Әкиұлы алғашқы еңбек жолын аудандық мәдениет үйінде бастап, аталған өнер ордасының онан әрі дамуына тамшыдай болса да үлесін қосты. Артынша, Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде жұмысын жалғастырып, өнер өлкесіне еркін құлаш сермеді. Болар баланың белін буған қазақ емеспіз бе? Таланты ерек, ұстанымы бөлек азамат отбасында тілеуін тілеген Әки қария мен ақ жаулықты Пиязы анасының сенімін ақтады. Теңіздің ұлы таяздықты қадамайтыны бесенеден белгілі. Ол асқақ арман жетегінде Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түсіп, Алаштың анасы атанған Сырдағы майталман мамандардан көп нәрсені үйренді, жаманнан жиренді.
Диплом қолда. Енді не тұрыс деген жалындай жас туған жерге ту тігуді қалады. Осылайша біртіндеп әке салған сара жолмен білім саласына бет бұрды. Арал қаласындағы №2 мектеп-интернатында басшы, онан әрі №83 орта мектепте жұмыс жасап, кәнігі мұғалімдердің арасына дендеп енді. Жай ғана еніп қоймады, сол мектептердің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Әрқашан  оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барын салды. Өнерді де, ұстаздықты да қатар алып жүрген мақсаты биік жанды басқа әріптестері қолдады, демеді.
Ақты ақ, қараны қара дейтін әділдік қанында бар Бекболат біреудің тарысы піссе, соның тауығы болатындар қатарынан табылмады. Ұдайы ашығын айтты, турасын сөйледі. Содан да шығар, аудандық білім басшылығы оның нағыз маман екеніне көз жеткізді. Қызметке шақырып, 1987-1993 жылдары білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметіне кірісіп, саланың тынысын ашуға үлесін қосты. Аудан орталығындағы №71 орта мектеп пен №262 мектеп-гимназиясының директоры болып та қызмет жасаған Бекболат өзінің талапшылдығымен таныла түсті. Қай кезде де жауапкершілікті жіті сезінетін аға уақытпен үндесіп, оқушылардың танымын молайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Нәтижесінде өзі басшы болып тұрған кездерде жыл сайын сол мектептегі түлектер алтын еншіледі. Ата-анаға салмақ салмай грант иегері атанды. Оның бәрі дерлік қажырлы істің айғағы болатын.
 Мектеп-кеме, білім-теңіз. Сол бір ұшы-қиыры жоқ айдында еркін жүзген сансыз шәкірт Бекболаттың іскерлік болмысын ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Ата-аналардың да алғаусыз ризашылығы тіптен бөлек. Үш мектепке басшылық еткен кездерде тек ел ертеңін еңселі ететін  жастардың Абайша айтқанда мынау бір кірпіш дүниеден кетігін тауып қалануына ықпал етті. Әр оқушымен әкесіндей сырласып, олардың қиялдарына қанат бітірді.
 Көргені де, түйгені көп ұстаз сонау №2 мектеп-интернатта директор болып тұрғанда шақта нарыққа бейімделді. Оқушылардың ішіп-жемінің кемімеуіне, мұғалімдердің қысқармауына жұмыс жасады. Ал жатағандау ғимараттағы №71 мектепте жоқтан бар жасады. Әр педагогқа сабақ беру үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызып, шалғай ауылдардан келген балалардың интернатпен қамтылуы үшін ізденді. Ақырында аталған мектеп қаладағы озық оқу орындарының санатына енді. Онан кейінгі лауазымы бөлек директорлық қызмет №262 мектеп гимназиясында жалғасты. Еңселі ғимаратқа енген ұжым барлық талапқа сай жұмыс жасап, Қазақстан  Республикасының Тұңғыш Премьер Министрі Ұзақбай Қараманов есімін еншілей алды. Көтере алмайтын шоқпарды белге байламауға жаны қас Бекболат Сәдуақасов мектеп-гимназиясының шашауын шығармай, еш жерін қиратпай ұстады. Осылайша ғимаратты көрген адам қызығатындай кейіпке енгізді. Қазақта би түсетін үй деген түсінік бар. Шынында да мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған аталған гимназия аз уақыт ішінде сыртқы көркімен де, ішкі жұмысымен де  аудан тұрмақ, республикаға танылды. Қияға қанат қомдаған барлық түлектер осы мектепте ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, білім деңгейін таразылады. Еліміздің түкпір-түкпірінен білім додасына комиссия мүшелері келіп, ұдайы оң бағасын берді.
Мемлекет басшысының әр жылдардағы Жолдауы негізінде жемісті жұмыс жасай білген Бекболат Әкиұлы тәрбие мен білімді ұштастырып, қанша баланың шамын жақты. Халық аспаптар оркестрінде жүрген уақытта көрермендерді таңдай қаққызып, сиқырлы таяғымен ерекшеленген Сайлау Тілеповпен рухани достық орнатты. Сол Сайлау екеуі Мәскеуде өткен бүкілодақтық дәстүрлі халық шаруашылығы көрмесінде облыс өнерін асқақтатты. Өткен күнде белгі бар десекші,  бұл жайында көзкөргендер әлі де сөз етеді. Кім-кімді де марапат марқайтады. Лайықты баға ынталандырады. Үш бірдей белді білім ұясын басқарған Бекболат Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына қол жеткізген. Сондай-ақ, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкерлеріне берілетін төсбелгіні кеудеге тағып, білім министрінің Құрмет грамотасына иелік етті.
Мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген ардақтымыз шырайлы Шиеліден Мария есімді аруды өмірлік серік етті. Сонау Сұлутөбенің сұлуымен институт қабырғасында жүрек жарастырды. Қос ұстаз қолұстасып бүгінге жетті. Мария ұзақ жыл Арал қаласындағы әуез мектебінде директордың орынбасары қызметін ұршықша иіріп, жастардың талантын онан әрі шыңдады. Екеуінің көз қуанышындай Сәбиті мен Сәкені бүгінді үйлі-баранды. Екеуіне де нәпақа мұнай саласынан бұйырған. Экономиканың негізгі көзі саналатын қара алтын өндіруге қолтаңба қалдырып жүрген олар іске тиянақтылығымен ұжым құрметтісіне айналған. Келіндері Эльмира мен Гүлсінай білім саласында.  
Адал еңбек алысқа апарады. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, «Алты алаштың басы қосыла, төрдегі орын мұғалімдікі» деген тәмсіл айна-қатесіз айтылғандай. Себебі, Бекболат Сәдуақасовтай құрметті ұстаздың шәкірті көптеп саналады. Қазіргі таңда зейнеттегі аға шаршадым демеді. Оған аудан әкімінің ұйғаруымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағалығы жүктелді. Міне, ұзақ жылдық тәжірибесін ана тілдің кеңінен насихатталып, беделі көтерілуіне атсалысып жүрген ағаның айшықты бейнесі, кісілік келбеті осындай.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ      



19 қазан 2024 ж. 216 0