Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шәкірт ойы» оқушылардың ой-өрісін арттырады

«Шәкірт ойы» оқушылардың ой-өрісін арттырады

Жуырда №220 орта мектебінің және «Толқын» газеті редакциясының басшылығы өзара уағдаластыққа қол қойып, үлкен жобаға бастамашыл болған еді.
Рас, біз қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желінің белсенділігі күн санап артқан заман туды. Алайда, осынау шапшаң хабармен үлкен-кішіні өзіне баураған интернетте көбіне көп шынайы ақпарат таратыла бермейді. Нағыз ресми дәйек пен дерекке сүйенетін, ашықтықта бағдаршам ететін басылым ғана өміршеңдігімен өрге қарай озады. Бұл ретте дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өркениеттің көшін көрікті қылған Америкада да, Жапонияда да немесе басқа даму жолындағы мемлекеттерде газет құнын жойған жоқ. Қазақта да солай.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қағидасы әлі де өз күшінде. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ұясының тың жобасы қолдауға тұрарлық. Себебі, бұл болашағын журналистика саласымен байланыстыратын өрендер үшін маңызды. Тек оларға ғана емес, педагогикалық қауымның шығармашылықпен айналысуына таптырмас құрал.
Кеше мен бүгінді сараласақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз. Талай шәкірттің қиялын қанаттандырып, кемел келешегін көрікті еткен мектептен қаншама жастар ғұмыр жолын жазуға, ойдың кенін қазуға арнады. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырып, елдің әлеуетін тақырпқа арқау етті. Бүгінгі күні Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте журналистика мамандығын таңдаған студенттерге дәріс беретін Асыл Оразова осы саламен тағдыры сабақтас Құлбарақ Сәменов, Алтын белгі иегері атанып, шығармашылыққа ден қойған Айсәуле Әбілдаева, республикалық «Халық» газетінде тілші қызметін атқаратын Айтілес Жайшылық мектептің мақтаныштары.
Ендігі жерде «Шәкірт ойы» деп ақпарат айдынына жол тартқан газеттің бағыты айқын болғай. Мектеп мұғалімдерінің ізденісін молайтып, оқушылардың санасына жақсы дүниелер сіңіретініне сеніміміз мол. Тоқсан бес жылдық тарихы бар «Толқын» газетінің Сіздерге жолын берсін!
Абай Елешов,
Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы,
Журналистер одағының мүшесі.
07 сәуір 2024 ж. 263 0