Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАМБАШ КӨЛІ

ҚАМБАШ КӨЛІ

Көл емес екен бұл Қамбаш,
Жәудіреп жатқан көз екен.
Көз емес екен бұл Қамбаш,
Бір тамшы жастың өзі екен.
Жанына батқан шер, қайғы,
Көкірегімді қозғап бір,
Ел жайлы айтсам, жер жайлы,
Төгіліп кете жаздап тұр.
Ырысы менен несібін,
Теңізден адал тапқан ел;
Тартылып Арал... есігін
Жоқшылық келіп қаққан ел;
Теңізбен бірге күн санап,
Тартылып бара жатқан ел;
Алды-артын түнек тұмшалап,
Алқынып қана жатқан ел, –
«Толады Арал!» – соңғы үміт
Лап етіп қайта өшкенде;
Бәрін де, бәрін қалдырып,
Үдере ауып көшкенде, –
Әдетте, бұлай бұрқанбас,
Ебіл де дебіл боп кенет,
Жылаған екен бұл Қамбаш:
– Туғандар, тастап кетпе! – деп.
Жылатып бірге өзімен,
Көкірегін елдің қозғапты.
Даланың жәудір көзінен,
Төгіліп кете жаздапты.
Қанықпын бүгін бұл сырға,
Бұл сырға бей-жай қалмас кім?
Кеткен ел қайырылсын ба,
Жасына бола Қамбаштың?!
Қазір де жылай береді,
Жылай да жылай қаусаған.
«Теңіздің жасы» деп оны,
Кетіпті атап ел содан.
Ел содан «теңіз жасы» деп,
Лебізін әркез арнаған.
Осынша қайғы-қасірет,
Сыйды екен оған?
Таңғалам!
Жанына батқан шер, қайғы,
Көкірегімді қозғап бір,
Ел жайлы айтсам, жер жайлы,
Төгіліп кете жаздап тұр.
Жүрегің болса кеудеңде,
Тұрсаң сен мұнда алғаш кеп,
Қамбашты алғаш көргенде,
Кетерсің өзің Қамбаш боп...
Көл емес екен бұл Қамбаш,
Көлкіп бір жатқан шер екен.
Шер емес екен бұл Қамбаш,
Шер жұтқан қайран ел екен...     

Қуаныш ЖАЗАЙ
Сурет "Қамбаш Музасы", 2024 жыл
Авторы Қ.Оразғалиев
23 қараша 2024 ж. 83 0