Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Маздақ ғұмыр

Маздақ ғұмыр

...Біздің ауыл биік төбенің басында еді. Төбе етегін ұдайы телегей теңіздің тентек толқындары шайып жататын. Бала күнімізде күн батыстағы ұлы теңіздің аржағында, ту алыста ақ сағыммен бұлдырап бір жұмбақ арал, сол аралда қоныс тепкен жұмбақ ауыл елес беретін. Біз аң-таң болып мұнартқан әлгі аралға көз майымызды тауысқанша, өңешімізді өлгенше созып қарайтынбыз.
Бұл не екен? Әлде ертегі-аңыздан жеткен ауыл ма екен деп бала қиялымыз ақ бауыр шағаладай шарқ ұратын. Сонан оның мәнісін үлкендерден үздігіп сұраймыз ғой баяғы. Ал, олар болса «Ә, ол Көкарал ғой» дейтін жайбарақат. Сонда да көк теңіздің ортасында көк сағым көмкерген әлгі ауыл әлі оң-солымызды танымай жүрген бізге онан сайын тіпті таңсық көрінуші еді. Кейін оң-солымызды танып, ортаға түскенде біздің ауылдың үлкендері жазғы сағыммен кешкілік көзге бұлдырап көрінетін Көкаралды көрсетіп, өз-өзінен өлеңдетіп қоя беретін. Бұл өлеңнің мазмұны төмендегіше болатын:
Туған жер алтын ұям – Көкаралым,
Сені ойлаумен қолыма қалам алдым.
Мамықтай күміс құмың шырайлы өлке,
Сендей жер еш маңайдан таба алмадым.
Біз ержете келе бұл өлеңнің авторы, осы Көкаралдың тумасы, қазір Ақбасты елді мекенінде тұрып жатқан Смағұл ақын екенін білдік.
Кейін біз Көкаралдың Аққұм, Өндір, Сарша деген жерлерінде болдық. Мектептен соң бір ай жылым тарттық, балық ауладық, тұңғыш рет ұлы еңбектің тәтті дәмін таттық. Смағұл Сәуелханұлы ағамыз жырлағандай, Арал өңіріндегі нағыз жер жәннаты сонда осы Көкарал ма деп қалдық. Ал, осынау қасиетті топырақтан қанат қаққан, осы жерде кіндік қаны тамған түлектердің бірі де бірегейі, осыдан жыл бұрын сексен бір жасында дүниеден өткен Қуанышбай Ердіхалықов ағамыз болатын. Осыдан сексен жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының үшінші жылы, 1943 жылы 10 мамырда Ердіхалық Жәрменов ақсақалдың отбасында жарық дүниеге келген Қуанышбай ағамыздың өмірбаяны одан әрі төмендегішеөріліпті:
Ауылдағы бастауыш білім ұясынан соң №22 Ауан орта мектебінде онжылдықты тәмамдайды. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін әуелі Арал қаласындағы ауылшаруашылық кәсіптік училищесінен тракторшы мамандығын меңгеріп, Қарақұм өңірінде біраз уақыт трактор тізгіндейді. Екпінді комсомол мүшесі атанады. Сонан кейін Алматы қаласындағы Энергоқұрылыс техникумын, іле-шала осы қаладағы Ауылшаруашылығы институтын еңбектен қол үзбей жүріп ойдағыдай оқып бітіреді.
Оның алдында осыдан кейін үлкен өмір жолы сайрап жатқан еді. Бұралаңы көп сол жолдан ақиық арманына, мәйекті мақсатына жету үшін жас жігітке көпті көрген көнекөз әке ақылы әбден қажет болатын. Өйткені Қуанышбайдың әкесі Ердіхалық ата екінші ұлы алдына келгенде оған айтқан ақылы: «Біреуден озба, біреуден қалма. Топтан озған адамды күншілдік төмпештейді. Артта қалсаң көзіңді шұқиды. Тағы бір айтарым, адал бол, аяр болма. Елге жасаған қызметің ескерусіз қалмайды. Абырой деген кір шалмаған айна сияқты болады. Кірлетіп алма» деген еді.
Әкесінің мұны айтатын жөні бар болатын. О кісі көпті көрген, көппен жастай қоян-қолтық араласқан зерек қарт еді. Көкаралдың табанындағы Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасының орынбасары, ферма басқарушысы, ауылдық кеңес хатшысы, тіпті озат балықшы атанған білікті кісі болған еді. Өмірлік серігі Әзбергенқызы Зейнегүл екеуі алты перзент тәрбиелеп өсірген. Үлкендері Сайын жоғары білімді. Қаржы саласында жауапты қызмет атқарса, үлкен қызы Марияш, күйеуі баласы Жұмантай екеуі ұзақ жылдар сауда саласында тер төккен. Ал, Қуанышбай шал мен кемпірдің қас-қабағына қарайлап, қара шаңырақта қалған болатын. Інісі Шыман болса бір кездері  Кеме жөндеу зауытында еңбек етіп, Аралдағы Электротехникалық зауытын, кейін аудан әкімшілігінде экономика және жоспарлау бөлімін басқарып, құрметті демалысқа шыққан. Қазір Арал қаласында тұрады. Бір көшенің ақылгөй ақсақалы. Інісі Биболат болса ағамыз Айжарық Сәдібекұлының жазуына қарағанда, аспанда 14 мың сағат ұшқан ержүрек ұшқыш атаныпты. Қазір Қызылордадағы Қорқыт Ата мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс береді. Үлкен әулеттің сүт кенжесі Сәбираш алматылық, мамандығы экономист көрінеді.
Міне, бір кездері ұлы теңіздің жарты аралын жайлаған Көкаралдағы Аққұм ауылынан түлеген Қуанышбай Ердіхалықов сөйтіп бір жағынан әке ақылымен, екінші жағынан мамандығына сәйкес алғашқы еңбек жолын сол Алматы қаласындағы ТЭЦ-тен бастайды. Мұнан соң біршама уақыт Қызылорда қаласындағы электр орталығында тер төкті. Бірақ көп ұзамай туған жерге оралуына тура келеді. Себебі, оның жолына ата-анасы көз майын тауысып қарап отырған еді.
Ол елге келген соң 1973 жылы аудандық Энергожүйесіне әуелі электрослесарь болып жұмысқа қабылданған Қуанышбай ағамыз салғаннан өзінің қабілетін, іскерлігін таныта біледі. Жас маманның болашағынан зор үміт күткен сала басшылары көп ұзамай оны диспетчер, шебер, инженер, мекеме басшысының орынбасарлығына жоғарлатады. 1987 жылы  өз алдына электр қуатын тарату бөлімін басқарады.
Сөйтіп жүргенде ескі қоғам есіктен шығып, екінші жаңа қоғам табалдырықтан аттап, төрге озады. Бұл тоқсаныншы жылдарғы тоқырау кезеңі басталған тұсқа дөп келеді. Шаңырағы шайқалып, уықтары сықырлап құрдымға құлап бара жатқан бұрынғы кеңестік жүйеден үміттерін үзген талайлар осы тұста тыңнан жол іздей бастайды. Ел-елді, жер-жерді тапшылық, жоқшылық жайлаған кезеңде қалалар мен үлкен-кіші базар жағалап, базарлы нарықтың ащы дәмін тосыннан татады. Біртіндеп осынау өтпелі кезеңде жан сақтап қалған мекемелердің бастарына қара бұлт үйіріледі.
Кешегі кеңестік кезеңде мемлекетке мойын артып үйренген мекемелер енді тығырықтан шығар жол іздеп шарқ ұрады. Соның көш басында осы Қуанышбай бар болатын. Ол энергожүесінен бөлініп шығып, өз алдына дербес серіктестік құруға құлшына кірісті. Ол үшін әуелі капиталдық жүйені, оның есеп-қисабын, басқару жұмысын, істі жүргізу тәсілін жатпай-тұрмай зерделеді, зерттеді. Сөйтіп аз уақыттың ішінде кәсіпкерлікке бет түзеді.
Адам болу бір басқа, азамат болу бір басқа демекші, көп ізденіс, көп жұмыстың нәтжесінде Қуанышбай ағамыз осылайша енді бұрын-соңды бұл елге мүлде таңсық кәсіпкерлік жолына біржола бет бұрған. Сөйтіп 1998 жылы өзінің өмірлік тәжірибесі, зеректігі, білім мен біліктілігінің нәтижесінде Қуанышбай ағамыз «Дәулетэнерго» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаңырағын көтерді, босағасын бекітті. Осылайша ол Аралдағы кәсіпкерліктің алғашқы қарлығашы атанды. Біртіндеп серіктестік жұмысы ілгері басқанда мекеме директоры бір уақ жан-жағына қарады. Аудан орталығы мен шалғайдағы ауылдардың шамшырағы тұрақты түрде маздап тұрғанын көрді. Алда қолға алатын шаруалары әлі де бастан асатынын білсе де, осы бір пайдаланған жарығының пұлына төлемақы жасауға қолдары қысқа отбасыларға қарасты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі отбасылардың оқушы балаларына бір жолы 15 мың теңге аударып, мектеп құралдарын сатып алуына жәрдемдескен. Бұл сол кезеңде әжептәуір қаржы болатын. Қуанышбай ағамыздың қайырымдылық істері мұнымен шектелген жоқ.
Әйгілі Мұқағали ақын «Жасасаң қайыр қарыз деп айтпа жарқыным» дегендей, Куекең ел-жұртына жасаған жомарттығын ешқашан малданған емес. Оған абыз азаматтың ары да, жаны да жібермейтін еді. Өйткені әкесі Ердіхалық қарт балаларын адалдыққа, адамгершілікке баулығанын олар төмендегіше әңгімелейді екен: «Ата-анамыз біздерді ес білгеннен біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Қандай қызметтің тұтқасын ұстасаң да кәсібімізге адал болуға, қысылғанға қолұшын беруге баулыды».
Мұны осыдан 15-20 жыл бұрынғы Қуанышбайдың қайырымдылық істерінен қанығуға болады. Сол уақыттары ол тұрмысы төмен отбасыларының 50-ге жуық мектеп жасындағы балаларына біржолғы қайырымдылық акциясын өткізді. Мұндай шара өзі өмірден өткенше жалғасын тапқанын аралдықтар жақсы білсе керек.
Аудандық мәслихаттың қатарынан бірнеше мәрте депутаты болып сайланған Қ.Ердіхалықов сайлаушылар аманатын ақ адал атқаруда ілкімділік танытқанын осы күндері сол елді мекендердің тұрғындары жиі айып отырады. Қуекең сонымен бірге бірнеше үкіметтік орден-медальдармен марапатталған үздік кәсіпкерлердің бірінен саналады. Мұндай құрметке ол әбден лайықты жан еді. Қуекеңе «Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі» атағының жоғары тараптан берілуі де әбден заңды болатын. Ол осындай құрметке өзінің адал еңбегі, адами асыл қасиетінің нәтижесінде жеткен еді. Ал, сонан кейін Арал ауданының Құрметті азаматы атанғаны тағы бар.
Жұртын сонау тоқсаныншы жылдарғы тоқырау тұсындағы қараңғылықтан күндізгідей жарыққа жеткізген және оны тұрақтандырған Қуанышбай ағамыздың ілкімді істерін Аралдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Оның сондай жан жадыратар жақсы істерінің қатарында өткенді ұлықтауы дер едім. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ. Жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлының осыдан біраз жыл бұрын жазуына қарағанда, Қуекең Көкаралда кіндік қаны тамған, кейін кеңбайтақ еліміздің тұс-тұсында өмір кешіп жатқан ауылдастарының басын қосып, аруақтар рухына ас берген көрінеді. «Өлі жебемей тірі байымайды» деген осы болар. Одан беріректе де Қуанышбай ағамыздың осындай имандылық істері болғаны көпке мәлім. Бірде өзінің қабырғасымен кеңесіп, сонан кейін ағайын-туыс, отбасымен ақылдасып сол Көкаралға бұл жерде  бір кезде ел болған деп ескерткіш тақта орнатқанын ердің ісі демей не дерсің. Өзі жетпістің жуан ортасынан асып,     сексен жасқа жеткенше атқарған игілікті, ізгілікті шаралары шаш етектен. Соның ең бастысы, жоғарыда айтқанымыздай, сонау 1998 жылдан бастап Қ.Ердіхалықов іргетасын өз қолымен қалаған «Дәулетэнерго» ЖШС ұжымы аудан тұрғындарын электр жарығымен күндіз-түні тұрақты түрде қамтамасыз  етіп келеді.
Көзі тірісінде Қуекең өз қолымен ұйымдастырған бұл ұжымның атына байланысты төмендегі деректерді қосымша айта кеткен жөн болар. Себебі, Қуекең өткенді ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан 2011 жылы «Тұмар» баспасынан өз қолымен құрастырып кітапша етіп жарыққа шығаған «Дүйсем аталығынаның шежіресі» атты еңбегінде «Ешкім де ештеңе де мәңгілік емес, атақ-мансап, шен-шекпен, дәулет-дәреже де, керек десеңіз мұның бәрі адам құндылығымен салыстырғанда түкке татымайды» деген екен. Осы кітапшада өзінің арғы бабасы Дүйсем аталығының Қасай тармағынан тараған Дәулет екенін жазады. Осыған байланысты өзі өмірге әкелген серіктестіктің атын «Дәулетэнерго» атаған көрінеді.
Жоғарыда Қуекеңнің ата-баба шежіресіне арналған шежірелік кітапшасын тілге тиек еттік. Оған қоса бұл азаматтың «Құтты шаңырақ», «Тарихы кенен Көкарал» атты сүттей ұйып отырған тату-тәтті отбасы, кіндік қаны тамған қасиетті туған жер туралы толғанысқа толы, түрлі-түсті суреттермен безендірілген қос кітабын қолға алғанбыз. Айтары мол шынайы шығармалар екенін алғашқы беттерін парақтағаннан көз жеткіздік. Жас ұрпақтың жадында сақтар, оларға өмірлік өнеге берер дүние екені даусыз бұл кітаптардың.
«Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» деген екен бұрынғылар. Бұған «Дүйсем аталығының шежіресі» кітапшасы шынайы дәлел болады. Кітап иесінің жазуына қарағанда түп атасы Бәйімбет, одан бергі аталары да сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында жоңғарлармен найзаласып, қылыштасып, қилы-қилы уақыт кешкен жаужүрек адамдар болыпты.
Әр пенде үшін кір жуып, кіндік кескен, балалық шақтың бал қызығын кешкен туған жерге деген махаббатқа тіршілікте ештеңе жетпейді. Әне, сол сезімді терең сезінген Қуанышбай ағамыздың туып-өскен кіші Отаны – Көкарал туралы қалам тербеуі бекер емес еді. Сол Көкарал Қуекеңнің жазуына қарағанда заманында жеті жұрт көшіп, жеті жұрт қонған Жиделбайсындай жер төресі болыпты. Талай сөз зергерлерінің зердесіне қоныпты. Сонан да шығар сонау отызыншы жылдары Шу-Қарағанды теміржолын салуға еріксіз елден кеткен Мәдірейім шайырдың:
«Көкарал сағымданып көріне ме,
Қарауға елдегілер еріне ме,
Шұңғыл көз, шоқша сақал менің жездем,
Шекесін семіз қаяз кеміре ме» деуі тіпті бекер емес болатын. Өйткені осынау төрт жол өлең шайырдың сағынышынан туған еді.
Сол Көкаралда кіндік қаны тамған аудан, облысқа белгілі кәсіпкер, көпшіліктің көңіліне жарық пен бірге жылу сыйлаған атпал азамат Қуанышбай Ердіхалық баласы бұл жалғаннан өткелі, мәңгілік мекеніне жеткелі жыл болса, оның өмірлік серігі Пәтшайы апай дүниеден бірнеше жыл бұрын өтіпті. Ендігі жерде балалары мен немере-шөберелеріне Алла жүрім берсін. Ата-ана рухын ардақтап, туған халқына қалтықсыз қызмет көрсетуге жазсын ұрпағына.
Бұрынғылар «Шариғатта адамның игілігі үшін жол салған, көпір салған, қараңғыда жарық берген пенделер Алланың рахымына бөленеді» деуші еді. Ендеше ағамыздың мәңгілік мекені күндізгідей жарық, жайы жұмақтың төрінде болғай!
Т.НҰРЖАН-БАЛТА
21 қаңтар 2025 ж. 65 0