Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақынды ардақтайтын уақыт келді

Ақынды ардақтайтын уақыт келді

Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді оятып қана қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып, рухани күш алады.
Міне, қанатты сөздерімен қуат беріп, елді біріктіріп, жердің киесін танытатын өзгеше өнер иелері қай уақыттан да қадірлі болған. Жұртшылыққа жырымен танылған жандардың бірі Сағынай Ешекенов еді.
Бүгінге дейін аралдықтардың ауызынан түспейтін талай ақынның төл бесігіне айналған Шижаға топырағында туған Сағынай Дәріғұлұлы 1951 жылы 16 мамырда дүниеге келген. Арал қаласындағы №13 орта мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы театр және өнер студиясын бітіріп, қызметтік еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы драма тетарында әртіс болып бастады. Осында жүріп бірнеше рольдерді сомдап, көрермендер көзайымына айналады. Кейіннен еңбек жолын Шижағада партия қызметтерімен жалғастырды.
Әкесі Дәріғұл Ешекенов 1982 жылы дүние салған Ұлы Отан соғысының ардагері, ал анасы Балиға Ешекенова Кеулімжай-ахунның қызы.
Әкенің тәртібі мен ананың тәрбиесінен тәлім алған Сағынай Сақыпжамал Сырлыбаевамен шаңырақ көтеріп, 7 перзент тәрбиелеп өсірді. Шиелі ауданы, Сұлутөбенің сұлуына баланған Сақыпжамал анамыз 40 жылдан астам мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Қазір зейнет демалысында, кіші ұлы Бауыржанның қолында Астана қаласында тұрады.
"Әкеге қарап ұл, анаға қарап қыз өсер" деген осы шығар. Сағынайдың тұңғыш қызы Шынар ананың жолын жалғап ұстаздық етіп жүрсе, Айгүлі мұнай-газ маманы. Ал Жақсыгүлі бухгалтер-есепші, Ләззаты телекоммуникация маманы. Ұлдары да ата-ананың ұлағатын көріп, бір-бір кәсіптің иесі атанды. Сағынайдың сөзге шеберлігі мен тіл байлығы Қайратының болашағын айқындағандай. Бүгінде ол журналист болып еңбек етсе, Талғат жер кадастры, Бауыржан телекоммуникация маманы. Еліміздің әр аймағында абыройлы еңбек етіп жүрген балалары Сағынайдың жақсы атын шығарудан жаңылған емес.
Иә, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазуға машықталған балаң ақын аудандық газет беттерінде таныла бастайды. Кейіннен туындылары облыстық, республикалық басылым беттерінде жарық көрді. Алғаш «Мамырдың майда жаңбыры» өлең жинағын өзі өмірден өткен соң інісі Ерсайын Ешекенов бауырлық борышындай көріп басып шығарды. Осылайша ақын ағасының арманын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ақынның «Мамырдың майда жаңбыры», «Арманда кеткен ақындар», «Жұлдыз ғұмыр – жыр ғұмыр» атты кітаптары жарық көрген.
Ақындығы өзгеше, жыр саптауы шебер үйлесім тапқан Сағынай жайлы көп айтуға болады. Алайда адамның болмысы жайлы бірге жүрген жолдастарынан артық білер жан жоқ болар. Осы ретте ақын жайлы замандастарының естеліктерін айта кетсек, сөзіміз салмақтырақ бола түспек.
Сағынай Ешекеновтің досы, қаламдас жолдас болған марқұм Қази Данабаев "Досымның арманы" деп естелік қалдырған болатын.
"Күні кеше ауылдан келіп, қала қызығын түгесе алмай жүрген өңкей бозбала едік. Алматыдағы тетар студиясын бітірген соң облыстық драма тетарында актер болып, атағы ауызға енді іліне берген Сағынай:
– Тетарды қоямын, елге кетемін, – деді.
– Қой, ей, дейміз досымыздың тосын шешіміне сенбей қарап. Ауылда сен күткен қызмет бар ма?
– Жоқ болса да кетемін. Өз жолымды өзім қуып жүргенімде әке-шешем қартайып қалыпты. Менен кейінгі інілерім әлі мектепте жүр. Қазір бермеген көмегімді енді қашан беремін?
Әшейінде дос көңілі үшін жер түбіне аттануға әзір Сағынай уәжге келместен ауылға жөнеп кетті. Елдің тірлігі мал бағу еді, алғашқыда қой айдасып жүр деп естідік. Көп ұзамай ауылдағы комсомол комитетінің хатшысы болыпты деген хабар келді. Бұған дейін балауса өлеңдерімен облыстық газет пен радио хабарынан көзге түсіп қалған жас талап хабар ошарсыз тынып қалды. Бір күні досымнан хат келді.
"Балауса жырың сәлемің болып жеткендей,
Жаныма менің сағыныш сазын сепкендей.
Өгей баладай жыр отауынан бұл күнде,
Сезініп жүрмін алыстап біраз кеткендей".
...Осыдан кейін біздің елдегі тірлігіміз қат-қабат өтті-ау деймін. Ауыл жаққа мұғалім болып мен де бардым. Даланың елтең-селтең өлеңді басып тастайтын пірі бар ма, жыр атаулыдан алыстай бастағандаймын. Кейінірек Сағынай екеуіміз аудан орталығында кездескенде бір білдім, ақынға орта керек екен ғой. Бұл кездері Сағынай ауылдық кәсіподақ комитетіне төрағалық жасап, әрі Мәскеудегі жоғары кәсіподақ мектебіне сырттай оқуға түскен.
...Арал өңіріндегі шығармышылық өкілдерімен өткен кездесуден соң екеуіміз қисая басып, қонатын жағымызға қарай тартып келеміз. Қиқу естілсе, ептеп арқа қозатындай. Ертеден бері сахна төрінен өлең оқығандарға қарап, өзімізше шабыт айналдырады. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан пойыздың бекаузы алдымызда. Біз асыққан жоқпыз. Қысқы түн сырт көзден жасырғанмен, біріміз бөтелкені, екіншіміз стақанды ұстап, тамшысын төкпей құюымыз үшін сүт жарығын себездеген. Темір жолдан асып түссек болғаны, Қазығұл есімді Сағынайдың ағасының үйі. Ол жаққа асықпаймыз. Сағынай шабыт туралы өлең оқыды.
"Шынымен, саған кеттім бе болып тағы тым,
Кешірім ет те, құшақта мені, шабытым.
Жүректің шерін тарқатып біраз тастайын,
Мен дайын, кәні, балауса жырлар ағытыл."
– Қалай? – дейді өлеңін оқып тастап маған қарап.
– Москвадағыдай! Сағынайдың Москвада оқитынын есіне салып жатырмын. Сонан кейін мен бөтелкені қойныма тығып, Сағынай бөлке нанды екі қалтасына салып жүріп келеміз. Кәсіподақ басшысы деген қарапайым аты ғана, әйтпесе ол заманғы ауыл қызметкерлері қойшы қолаңмен бірге мал бағысып, шөп шабысып жүре береді. Сондай қат-қабат тірліктерге қарамастан Сағынайдың өлеңге уақыт тапқанына қайран қаламын. Өзі де:
– Ауыл – дастан, мен бір жүрген кейіпкер,
Ашылмаған көп қой алда сейфтер.
Тек көңілді құлазытып кетеді-ау,
Сонау қырдан көрінетін бейіттер, – деп машина ішінде келе жатып жыр оқыса, осы суреттер көз алдымызда өлеңмен жапсарлас көшіп жататын. Тірі табиғаттың өзімен тұтасып тұрғасын өлең әсерлі естіледі. Алайда Сағынайдың бейіттер туралы жазғаны мені селт еткізбеген. Ал оның Сағынай үшін әсері айрықша екенін кештеу біліп қалдым.
Сағынай бықсып жануды білмейтін жалынды жігіт емес пе, еліне келісімен ауылының мәдени жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Бұрын өзі қызмет істеген облыстық драма тетарымен байланысын үзген жоқ. Ал зәуқайымда әртістер гастрольге шықса «Шижағаның» табанындағы Сағынайдың үйіне ат басын тірейтін. Өзінің өлең-жыры, ақ жарқын көңілі арқасында бұл күндері марқұм болып кеткен талантты сатирик Оспанхан Әубәкіровпен сыйластықты қарым-қатынаста болды. Сондай-ақ ақын Қуандық Шаңғытбаевпен інілік байланысы бар-ды. Арагідік республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда өлеңдері жарияланып жүрді. «Сені ойлаумен» деген шағын өлеңі әлі жадымда.
Қалай сындым,
Білмеймін төзімді едім,
Сен кеткен күн дөңбекшіп көз ілмедім.
Бір атадан өрбіген үш шаңырақ,
Оты сөнбес шырағы өзің бе едің?
Демеймін ғой, апатай, айып қылдың,
Мен дегенде құшақты жайып тұрдың.
Сені ойлаумен сарғайып жүргенімде,
Сіңілің де біреумен тайып тұрды.
...Өлеңдері де өзіндей шынайы болатын. Біздің Сағынай да әлгі айтыла беретіндей: «Қалай өмір сүрсе солай жазды, қалай жазса солай өмір сүрді». Ол ақындарға тән табиғатымен көптің көзіне күрделі адам болып көрінуі мүмкін. Бір нәрсенің басы ашық: жастығына қарамастан Сағынай өзі үшін, тіпті, өз отбасы үшін де өмір сүрген жоқ, көпке қызмет етті. Аз уақыт ішінде бір ауылдың өзінен ұлт аспаптар оркестрін құрып, оған «халық ұжымы» деген атақ алып беруге мұрындық болды. Облыстық драма театрдан ауыл көркемөнерпаздарына қажетті деген опа-далап, сақал-шаш, кішкене киімдерден бастап жәшіктеп тасыды. Облыстық кәсіпшілер үйінің көркемөнерпаздар бөлімін басқарып жүргенімде қаншама деген музыкалық ауыр аспаптарды ауылына қарай арқалай жөнелетін. «Алдым-бердім» деген құжат жоқ, бәрін де қолымнан тартып алып, ақшасын артынан аударып жатады. «Елге бәрі керек» деп бір келген сапарында үрмелі аспаптар мен қос пианиноны қатар тиеп кеткен. Міне, соның бәрі ауылынан музыкалық мектеп ашылған күні халық қажетіне асты. Бәрі де Сағынайдың көзі еді.
Сол ауылда ізіне ерген іні-қарындастарымен бір үйдің баласындай араласып жүруші еді. Ешқашан жасының үлкендігін, қызметін бұлдап жатқан Сағынайды көрген емеспін. Жанының жомарттығы жырларынан байқалып тұратын.
Ұл қызыммен мәртебем биіктеген,
Солар үшін барымды үйіп төгем.
Бұл өмірге тағы бір іңкәр қылған,
Шалқар шабыт,
Пәк сезім,
Сүйікті өлең.
Адал іс, көпке жұмыс атқару үшін де сезімнің тазалығы болу керек екен ғой.
1983 жыл. Сағынай жетекшілік жасап, керегесін керіп, уығын шанышқан халық ұлт аспаптар оркестрі Алматыға шақырылған. Сол жерде теледидарға түсіп, шет елдік қонақтар алдында концерт көрсетпек. Дайындық басталып кетті деп естідім. Осы іске қатысты адамның бірі болғасын «Сағынайға телефон соға салыңдар, қасымда адам бар» деп мен де Аралға кеткенмін. Топшылауым бойынша Сағынай біздерді машинамен күтіп алуға тиіс. Сағынайдың шопыры да, машинасы да таныс, вокзал басында олардың қарасын шалғасын өзін іздей бастадым. Ауылының бір жігіті қол созып амандасады. Жағдай сұрасып үлгерген жоқпыз:
– Сағынай бүгін азанда операция үстінде дүние салды, – дейді.
Қай бағытқа жүрерімді білмей қалдым. Солай тұрсам да Тереңөзектегі Еркінге телеграмма салдым: «Келе ғой, Сағынай дүние салды». Ауыр қазаны басқаша тілмен жеткізерлік сөздің жеңілін таба алмадым.
Өмір ғой, өз ағынымен өте берді. Сол кездері Сағынай қолынан құрған оркестрге өзім басшылық жасап, қиындық-қияметін көрдім. Сағынай ойыма түседі. Есте қалған өлеңдері жадымда жаңғырады.
Алаулаған гүлді жұлма, тамырынан қан шығар,
Жас аруды алдай көрме, көзден жасы тамшылар.
Жалғыз жүрген ақмаралды атпа, достым, қайтесің,
Бұл пәниден өз сыңарын іздеп жүрген аң шығар?
Сағынай досымның жарқын бейнесі мәңгі достық жүрегімде сақталады."
Міне, осындай еңбегі ерін, өнегесі терең жанның есімі қатарластарының есінде сақталғанымен кейінгі ұрпаққа ұлағаттап қалдыра аламыз ба?
Осы сауалды көтерген ақынның немере қарындасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аға ұстаз, Гүлжамал Махамбетжанқызы:
– Сағынай ағамызды бала кезден танимыз. Ол өнер десе, өлең десе өзгеше көзқарастағы жан болатын. Өмірін ақындыққа арнады. Ақындықтан бөлек туған жерге деген махаббаты, ықыласы ерекше еді. Бірінші кезекте өзін емес, отбасын емес, ауылды, жердің болашағын, жастардың келешегін ойлап өткен адам. Шығармашылықта қаншама достары болды. Қалаға шақырды, шығармашылық ортада бол деді. Бірақ ауылын қиып кете алмады. Ақындардың, өнер адамдарының көбісі Алматыға ағылып, сол жақта танылып жатқан уақытта ол ауылда жүріп-ақ жырларын өзінен кейінгілер жатқа айтатындай дәрежеге жетті. Жастар үшін қолда барын аямады. Енді міне, сол кейінгі ұрпақ, жастар ағамыздың атын ұмытып кете ме деп қорқамын. "Елім деген ер болмаса, ерім деген ел қайдан болсын" деген тәмсіл бар ғой. "Елім" деген азаматтардың бірі Сағынай ағамыз болатын. Ендігі кезекте туған елінің "ерім" деп ұрандатып, ауылы үшін ауқымды еңбек еткен азаматтың атын өшірмей, көше атауын берсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
28 қаңтар 2025 ж. 84 0