Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақпанда аққан жұлдыз

Ақпанда аққан жұлдыз

...Оның арманы асқақ еді. Қысқа ғұмырын құнды етіп, журналистика саласын аз уақыттың ішінде игеріп, елдің мақтанышына айналды. Әрқашан көптің алғысына бөленді. Қашан көрсең де қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажырату жолында қалам тербеді. Тілі өткір болатын. Айтса қиып, жазса жұлып түсетін қаршадайынан ауылдан шыққан қара бала жазуға ерте машықтанды. Кімнің үйінде кітап болса, сол шаңырақты төңіректеді. Үлкеннің батасын алып, өркенің өссін деген тілекпен қанаты қатайды.
Құмдағы білім ұясы, яғни №59 орта мектепте дәріс алып, осынау білім ұясындағы ұлағатты ұстаздардан сапалы білім мен саналы тәрбиені жүрек кестесіне тоқыды. Артынша асқақ арман жолында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кәсіби мамандыққа бейімделіп, журналистика факультетінің студенті атанды. Талайларды шыңдаған қара шаңырақта білім ала жүріп, облыс орталығындағы телеарналармен тығыз байланыс орнатқан Сахитжан «ҚоғамТВ» және «Қазақстан-Қызылорда» телеарналарында көп нәрсені меңгеріп, көп нәрсені көңілге түйді. Облыс айнасына баланған аталмыш қос телеарнада көрермендер құрметіне бөленіп, өзінің дара жолын қалыптастырған Сахитжан, әсіресе «Түйін» ақпараттық-сараптау бағдарламасын жүргізген кезде халыққа тіптен таныла түсті.
Қабілеті ерекше, таланты бөлек жасқа әртараптан сұраныс артты. Әкесі Асанхан, анасы Меруертпен кеңесе отырып, білікті маман 2007 жылы облыс әкімінің баспасөз хатшысы-баспасөз орталығының жетекші қызметіне кірісті. Тынымсыз тірлік. Облыс әкімінің шаруасы шаш етектен. Соның бәрін үйлестіре алған Сахитжан күн-түн демей қағазға үңілді. Барлық уақытын тек жұмысқа бөліп, артылған сенімге қанда бар қасиетімен адалдық танытты.
Арқыраған ақпан. Қыс қаһарына мінген кез. Әне-міне дегенше көктемнің де қарасы көрінуге жақын. Осындай қос мезгіл алмасар шақта дария жағасындағы Қызылорда ертерек қарекетке кірісіп, су тасқыны дүрбелеңге салмау үшін қауіптің алдын алу үшін негізгі міндетке көшкен. Сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған арнайы топ солтүстік аудандарға аттанған-ды.
Ақпанның соңғы күні...  Оның алдында Жаңақорған, Шиелі аудандарының жағдайын көзбен көрген облыс басшысы Қармақшы, Қазалы аудандарындағы су басу қаупі бар ауылдарға бағыт бұрып, ел-жұртқа дария дүмпуінен еш қауіп жоқтығын айтып, көңілдерін жайлаған еді. Түс ауа бәрі күрт өзгерді. Жалағаш ауданына таяған тұста «Ми-8» тікұшағы сыр берді. Темір құс басқаруға бағынбай, төмен қарай құлдилай құлады. Экипаж мүшелерінің бірінің «Құлап барамыз, белдіктеріңді байлаңдар!» деген жанайқайы естілді. Барлығы да көзді ашып-жұмғанша орын алған көрініс-тұғын. Тікұшақ ішіндегілер Тәңіріне сыйынды. Көктен жерге қарай құлдилаған алып техника бар салмақпен белді жара шаншыла құлады. Қара жер қарсы айрылды. Борттағы 18 адам жан-жаққа шашылды. Айтуға ауыз бармайтын қаралы күнде облыс әкімінің баспасөз хатшысы, журналист Сахитжан Бермағанбетов жантәсілім етті.
Өткен күнде белгі қалатынын білеміз. Алайда, сол белгінің жан сыздатар оқиға ретінде айтылатыны жүрекке салмақ салатыны өкінішті. Апат айтып келмейді. Жұмыр басты пендеге бір өлімнің болатыны ақиқат. Біреудің ажалы оттан, енді біреудің ажалы судан деген. Қас-қағым сәтте кірпік қағуға шамасы келмей ауыр жарақаттан ыңырсыған кісілер Жалағаш ауруханасына жеткізілді. Оларға шұғыл дәрігерлік көмек көрсетіліп, хирургтар қандауыр алып апаттан зардап шеккен азаматтарға араша түсті.
Сыр ана демін ішіне тартты. Күллі Сыр елі селт етті. Ел-жұрттың алдында азаматтық міндеттерін мінсіз орындаған жандар туралы кезінде мейлінше айтылып, мейлінше жазылды. Сөз ретінде «Төлеген ақынның:  "Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» деген сөзі нақ Сахитжанға арналып айтылған сияқты. Ортамызда аз жүргенімен, көптің көңілінде мәңлігік өшпестей сақталып қалды. Журналистік қызметтегі сөз саптауларын жарыса мақтады. Тосын қаза көктен аққан жұлдызды көптің көз алдына әкелді.
Иә, телеарна – сиқырлы әлем, көрген адамды өзіне тартады. Оның БАҚ -тан артықшылығы, әрбір журналисті танымал етеді. Өйткені, тележурналистің немесе бағдарлама жүргізушісінің бет-бейнесімен сөз саптауындағы шешендігі қалың бұқараға сүйікті қылады. Осы бір көгілдір экранда жұлдыздай жарқырап, демі біткенше еліне алғаусыз қызмет еткен Сахитжан болашақта Астанадағы ірі телеарналарда қызмет жасап, өзі армандағандай мұратқа жетер ме еді?! Сол жүректерді мұңға малған қайғылы оқиға куәгері қазіргі, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов 2010 жылы жарық көрген «Құмда қалған сағыныш» атты белгілі журналист Жеткерген Жүсіповтың кітабында  Сахитжан інісі туралы төмендегіше сыр шертеді:
– Сол кезең көп адамның есінен кетпейтін шақ. Облыс әкімі М. Құл- Мұхаммед және төтенше жағдайлар министрі жедел техникамен шұғыл әрекет жасау шараларын ұйымдастырды. Сол 27 ақпан күні облыс әкімі және облыстық мекеме аппаратының басшылары, баспасөз құралдарының өкілдері Арал қаласына қарай ұшып шықтық, – деп қаралы күнді қамыға еске алады.
Көрерменді риза қылды әр күні,
Кейде дауысы найзағайдай жарқылы.
Талантымен тамсандырған Сахитжан,
Танылды елге «Қоғам ТВ» арқылы.
Мір оғындай сөздерді мол ағытқан,
Қоғам шерін қалжыңымен қағытқан.
Көңіл шіркін әлі күнге сенбейді,
Арамызда жоқ дегенде Сахитжан.
Айрылдық-ау азаматтан асылдай,
Тікұшақта тұрып едім қасында-ай.
Қас-қағымда, көз алдымда, апырма-ай.
Жарқ еттің де, жоқ болдың-ау жасындай.
Арулардың Сахитжан еді арманы-ай,
Сұм ажалдың іліп кетті қармағы-ай,
Үміттенген, күліп жүрген сол күні,
Жастық ғұмыр үзілдің-ау, жалған-ай.
Сол бір күні, соңғы күні ақпанның,
Тұр екенбіз тап аузында қақпанның.
Есеңгіреп емханада сол күні,
Сахитжан-ау, сені ойлап жатқанмын.
Жақсы менен жайсаңдардан бата алған,
Інім едің, жасампаз жігіт атанған.
Мұхтар ағаң Құл-Мұхаммед секілді,
Тектілікпен озып едің қатардан.
Бақилыққа кетті қимас жарқыным,
Аңызға да айналды ғой алтыным.
Жүректерде мәңгі қалды бейнесі,
Ұмытылмас ұлы болып халқының – деп тікұшақтағы бірге болған әріптесіміз Мейрамбек Шілдебайұлы Сахитжанның өлшеулі өмірі жайын осылайша өлеңмен өрген еді.
Иә, жанды да сөнді. Болайын деп тұрған бала еді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген тәмсіл осындайдан шыққан болар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Сахитжанның жымиған жылы жүзі, салмақты әрбір кестелі сөзі жұртыңның жадында әрқашан жатталып қала бермек. Жаңалыққа жаны жақын асыл азаматты жоқ дегенге сенбесімізге де, көнбесімізге де болмады. Тағдырдың талайына, Алланың жазғанына не шара?! Сенің нұрлы жүзің сөнбес сәуледей кейінгі буынға мәңгілікке үлгі болып қала бермек...
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
22 ақпан 2025 ж. 72 0