Жұпар жырлары жас жүректерде жатталған

Өңір халқы бойына сегіз өнер қатар қонған тұлғалы ағаны өте жақсы біледі. Ол 1945 жылы Райым ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Саналы ғұмырын негізінен баспасөз саласына арнады. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген Жұмабай Жақып Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде жауапты хатшы, облыстық теле-радио комитетінде аға редактор, облыстық «Сыр бойы» газетінде аймақтық тілші, аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор болып қызметтер атқарған. Қазір аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігінің төрағасы. Қазақстанның Құрметті журналисі, Арал ауданының Құрметті азаматы. Ол – көркем шығармаларға арналған бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері. Қаламгердің жүйрік қаламынан туындаған «Шешілген түйін», «Теңіз қызы мен тау жігіті», «Тарихи тұлға, тілді би», «Сазер-күйші Шал Мырза», «Жастық шақтан бір белгі», «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар», «Әлем таныған Арал», тағы басқа түрлі жанрлардағы кітаптардың авторы.
Ол – ақиқатшыл журналист, зерлі сөзді жазушы, дәулескер күйші-сазгер, арқалы ақын, зерделі зерттеуші.
Ұланғайыр шығармашылықтың дарабозы ретінде аталмыш мерейтой туған жерімізде кеңінен аталу басталды десек болар. Сол бастау сәті «Айсәуле» балалар шығармашылығының үлесіне тигені құптарлық-ақ.
Әр сөзімде арым бар, ожданым бар,
Әр сөзімде өз тілім, өз қаным бар.
Мен осылай жазамын жанымменен,
Болмайды әсте менде бір кез дамылдар, – деп, автордың өзі жырлағандай оның өмірлік, шығармашылық кредосы айқын екенін көреміз. Кезінде қазақтың бір талантты ақыны Шөмішбай Сариев «Аз жазса да саз жазатын, өлеңді киелі деп ұғатын, оның қасиетін қадірлеп, өлең мен ақынның ұлылығын қастерлей білетін сезімтал, сырбаз азамат ақын» деп, оның поэзиядағы өзіндік жолын айдарлаған екен.
Ақын Жұмабай Жақыптың жұлдызды осындай поэзиялық туындыларын «Айсәуле» орталығының «Көркем сөз оқу», аудандық Оқушылар үйінің «Сахна тілі» үйірмелерінің шәкірттері мен қала мектептерінің оқушылары жарыса оқып, жұпарлы жырларды жүректерге жеткізді. Шабыттана өлең оқыған жас дарындар автордың және кештің қадірлі қонағы болған шығармашылық иелері Толыбай Абылаев, Бекболат Сәдуақасов, Абай Елеш, Айдар Сайлауов, Ерғали Абдулланың қошеметіне ие болды.
«Жұпар жырлары жүректерде» атты байқау-фестивалінде өнер сайысында ерекше дараланған Нұрәділ Талғатұлы, Әлиасқар Зейнолла, Іңкәр Тасболатова, Саламат Нұрғали, Айзере Махабетжанова, Ақбота Марат, Аяла Алпысбаева, Айзере Заурханқызы, Қуаныш Жәнібек, Айару Зинелғабдин, тағы басқаларды атап өткен жөн.Шара барысында «Айсәуле» орталығының бүлдіршін бишілері қазақ биі «Өрнекті» мың бұрала билесе, жас термеші Нұрдәулет Тасболатов «Зейнолланың соңғы монологы», «Тәлім» жырларын нақышына келтіре орындады.
Кештің мазмұнды өтуіне «Айсәуле» орталығының қызметкерлері Мұхамедияр Маханов, Жазира Тажмағанбетова белсене атсалысты.
Байқау-фестиваліне қатысқан оқушылар орталықтың дипломы мен сыйлықтарға ие болды.
«Жұпар жырлары жүректерде» атты байқаудың басты қонағы жазушы-журналист, сазгер-күйші, ақын Жұмабай Жақыптың иығына шапан жабылып, үлкен құрмет көрсетілді.
Ақын Жұмабай Жақыптың жас жүректерде жатталған жұпар жырларының жыр бәйгесі баршаның көңілінен шықты.
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ