Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Келіндер институты: Құндылық пен қағидат

Келіндер институты: Құндылық пен қағидат

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есімнің мына бір әңгімесін көзім шалып қалды. "Келген адамды қалай қарсы алуымыз керек. Келіннің аяғынан дегеніміз, оның осы алғашқы қадамы емес пе? Алғашқы қадам алысқа бастамақ.
Ақ келіннен ақ әжеге дейін жүріп өтетін ұзақ жол жатыр. Бұл жол кімге жеңіл болған. Тағдырдың әр келінге сынақ даярлап қоятынын кім білген. Қуаныш деген серпілген бір қайғы. Шіркін, қуаныш сағым болмай, қайғы са¬ғым болсайшы. Мен, ақ келін (шынында да ақ, әдемі еді) болып түскен шешемнің қилы тағдырын көз алдыма елестетемін. Үйелмелі-сүйелмелі, қарасаң көз тоймайтын сүп-сүйкімді екі қызы өсіп келе жатқанда күйеуін «халық жауы» деп ұстап (ол ақын еді), түрме азабына төзе алмай опат болды. Ақ келіннің жесір, екі қыздың жетім қалуы жазу ма, әлде заман қасіреті ме? Бұл сауалға жауап қайда ол кезде? Кім жесір қалған келіннің жан азабын түсінбек? Осындай әңгіме болғанда шымкенттік бауырым, өз қайғысын қоса айтып еді.
– Әкем соғыста, неміс тұтқынына түсіп, елге кейінірек оралды. Шешемнің қолында әкемнің соғыста қаза болғаны туралы «қара қағазы» бар. Бірақ, ол «қағазға» сенбепті. Ол тірі, тірі, – деп ешбір сөзге көнбей, 1947 жылға дейін туған сіңлісімен бірге ауыл шетіндегі жұпыны үйде өлместің күнін көре берген. Ешқайда қоныс аударып көшпеген, себебі ол үйді күйеуі салған. Ол өз үйінен соғысқа кетті, қайтқанда да өз үйіне енсін дегеннен таймапты. Айнала ағайын әкемнің өлгеніне сенген, көнген, тек үміт шешемде ғана сақталған. «Бірде түн ауа, «есікті біреу қағады», – дейді шешем. – Ол кезде үй қорығандар бар, жастық астына балта жастап жатамыз. Балтаны қолға алып есікке барсақ, бір таныс дауыс: – Есік ашыңдар, – дейді. Шешем шыдап сыр білдірмей тың-тыңдап тұрса, сіңлісі, апа, бұл көкемнің үні ғой», – деп болмайды.
Ашайық, ашпайық деп тұрғанда әкемнің шешемнің есімін айтып жылап тұрғанын естіп, есікті ашса, өлдіге санаған адам аман-сау келіп тұр. Қызық оқиға содан кейін басталды. Шешем әкемнен бес жас үлкен болатын, ол әңгіме өз алдына бір тарих, – деп әңгімешіл бауырым бір жымиып, сөзін әрі қарай жалғастыра берді.
Араға екі-үш жыл салып, шешем бір әңгіме шетін шығарыпты.
– Ел өлдіге санап еді, аман-есен оралдың, басың олжа, мен болсам бала көтерер емеспін, саған салар қолқам бар, мені тыңда. Мына сіңлімді сенің шаңырағыңа келін қылып түсірем.
Әкем оқымаған, момын адам болатын, бұл сөзге көнбей азар да безер болады. Бірақ шешем қайтсе де көндіріп, содан үш ұл, бес қыз өмірге келдік. Олардан өскен ұрпақ, құдайға тәубе, қара орман десек те болғандай. Бәрі¬мізді тәрбиелеген де үлкен шешеміз, сондық¬тан оны «шеше» деп кеттік, – деп әңгімесін аяқтады. Бұл не, көрегендік пе, әлде өзі сіңген отбасына деген ерекше құрмет пе? Қазақтың осындай келіндері көп болған.
Міне, біз жоғарыда айтқан ақ келіннен ақ әжеге дейін жүріп өтетін ұзақ жол – осы.
Не айтпағымызды түсінген боларсыздар. Жалпы "келін" ұғымын көнеден білеміз. Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қазақ солай бола тұра келінді қонақ демейді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Келін қонақ емес, ол отбасыңызға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе елдің көркі» деген мәтел осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік.
Расында қазақ келіннің қадамынан құт күтеді. Кешегі қазақ келіндерінің кемеңгерлігі соның көркем көрінісі. Тарихқа үңілсек, өзінің ақылымен, данышпандығымен өз ошағының ғана емес, ел-жұртының абыройын қорғап қалған келіндер тапқырлығы жайлы әлі күнге аңыз болып айтылатын әңгімелер қаншама. Соның бірі – ат тергеу хақында. Ертеректе бір қарияның балаларының аты Қамысбай, Қасқырбай, Қойбай, Өзенбай, Қайрақбай, Пышақбай, Баубек, Балтабай екен.
Балтабайы үйге келін түсіріп, сол жаңа түскен жас келінді сынамақ болған атасы өзеннің ар жағынан сасқалақтап жүгіріп келіп: «Судың ар жағында, қамыстың бер жағында қойды қасқыр жеп жатыр. Жылдам ауылға хабар бер. Балтабай пышақ қайрап әкеліп, адал бауыздап алсын. Мен қасқырды қуып кеттім», – депті. Мұнысы – «қысылтаяң шақта келінім көргенсіздік танытып, өзінің қайын аға, қайын атасының атын атап қояр ма екен» деген ойы ғой. Сөйтсе, келіншек не істепті десеңші, шапшаң төбеге жүгіріп шығып, күйеуіне: «Шапқы-ау, Шапқы, шапшаң кел. Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Атам жанаманы білеуітке жанып әкелсін дейді. Өзі ұлыманы қуып кет¬ті», – депті.
Осы секілді ертеректе болған тағы бір оқиға: «Бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп, бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжет¬тік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам болса да, мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады, әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен».
Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс, жанжалдың болмауына келіннің иіліп, бір ғана сәлем салғаны себеп болған.
Иә, батырлық және лиро-эпостық жырлар мен қанатты сөз, шешендік толғаулар, қай-қайсысын парақтап отырсақ та, ақылды жар, сұлу да сенімді қалыңдық, байсалды да мейірімді ана-әжелердің біразын көрер едік. Құртқа, Назым, Торғын, Қарашаш, тіпті бері келе Баян сұлу, Қыз Жібек, Ақтоқты, Құралай сұлу, әйтпесе, ұлт анасындай болған Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зере, Шоқанның Айғаным әжесі секілді қазақ әйелдер галереясын тізбектеп шығудың өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Иә, біз батыл анадан, батыр анадан туғанбыз, біз ақын анадан, ақылды анадан туғанбыз. Біз – анамыздың жанарындағы күн нұрынан, кеудесіндегі жүрек жылуынан жаралғандармыз. Ал бірақ қазір осыны қазақ қызы сезіне ме? Қазір біз кімбіз? Қазақтың қызы, қазақтың қарындасы, қазақтың жары,қазақтың келіні, қазақтың анасы, болашақ қазақтың әжесі осы өмірлік рөлдердің бәрін орындай алып жүрміз бе, әлде тек қыз, әйел, ана ғана болып жүрміз бе? Кімнің жарымыз? Кімнің анасымыз? Алғаш ақ босағаны аттағанда біз тек бір үйдің емес, ұлттың ұйытқысы екенімізді, қазақтың келіні екенімізді сезінеміз бе?
Қарап тұрсақ, осы жолда қазір де бізге үлгі боларлық аналар, әйелдер аз емес. Соның көш басында күллі қазақ келіндерінің символына айналған Батыр атамыз, қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлының келіні – жазушы Зейнеп Ахметова апамыз тұрса, Алаштың зиялы азаматы Иманғалидай ұлды дүниеге алып келген Ділдә Тасмағамбеткелінінің даналығы жайлы да ел-жұрт аз айтпайды. Билік басында жүрген ханымдардың арасынан отбасын, оның ішінде, өзінің келіндік парызын да мүлтіксіз атқарып, енесінің бабын тауып жүргендердің қатарында Данагүл Темірсұлтанованы атауға болады. Ол – Райымбек Сейтметовтей ардақты тұлғаның келіні. Бұл – тек біздің сырттай қарағанда, көзімізге түскені, ал мұндай үлгі тұтар келіндердің қазақта көп екендігіне күмән жоқ.
Иә, гендерлік теңдік бүгінде келіндердің де қызметке, кәсіпке, етене араласуына жол ашты. Мәселен елдегі әйелдердің саясаттағы рөліне тоқталсақ. Еліміздің саяси өміріне барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету мемлекетте демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді.
Бүгінде қазақстан үкіметі әйелдердің саясатқа араласуына, олардың жай ғана саясатпен айналысып қана қоймай, шешім қабылдау деңгейінде араласқанына мүдделі болып отыр. Өйткені бұл – уақыт талабы. Осыған орай мемлекет басшысы 2020 жылы саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізіп, бұдан бұлай партиялар мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттеген еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылы 1 ақпандағы дерегіне сәйкес, ҚР Сенатында 9 әйел, Мәжілісте 28 әйел депутат болып қызмет атқарады. Сарапшы мамандардың пайымынша, мәжіліс пен сенаттағы әйел депуттар санын көбейту кейбір заңдық мәселерді шешуде маңызды рөл атқарады. Заңгер, құқық қорғаушы Айман Омарова да саясатпен айналысатын әйелдер санын арттыру қажет екенін айтады.
«Бізде әйелдердің құқығын қорғайтын заң бар. Бірақ сол бар заңды әйелдердің өздері пайдалана алмайтын кездер де болып жатады. Заңды дұрыс білмейді. Мемлекет басшысы партиялар туралы заңға өзгеріс енгізген тұста саяси партиялардың депутат болудан үмітті адамдары тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуға тиіс екені айтылды. Әйелдер осы құқығын пайдаланып, саясатқа араласып, онымен айналысады деп ойлаймын. Сенатта, Мәжілісте неғұрлым әйелдердің саны көп болса, соғұрлым олардың құқығы туралы мәселелер көтеріледі» деген.
Анығында дәстүр мен тәрбиені сақтау, тек отбасының ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі болу, үлкендерге ізет көрсетіп, кішіге қамқор болуды жалғастыру жаңа ғасыр келіндерінің ғана қолынан келіп отырған дүние. Қазіргі келіндер бұйығып, тек үйде отырумен шектелмейді. Олар жан-жақты дамыған, білімді, іскер, шығармашыл, өз ойын ашық жеткізе алатын тұлғалар. Отбасы мен мансапты тең ұстау арқылы заманда келіндер үй шаруашылығымен қатар, білім алып, мансап құруға, кәсіп ашуға, өзін дамытуға үлкен мүмкіндіктерге ие екенін көрсетіп келеді. Кейбірі ірі компанияларда қызмет етсе, енді бірі жеке кәсібін дөңгелетіп, табысты әйелдер қатарына қосылып жүр.
Алайда бүгінде қазақтың ат тергеу, иіліп сәлем салу деген салт¬тары қолданыстан қалып бара жатқан секілді. Тіпті қонақ келгенде табақты қалай дұрыс тарту керек, ата-енеге шайды қалай ұсыну керек деген қазақтың тек өзіне ғана тән салт-дәстүрі әр отбасында әдемі жарасымын тауып жүр ме?
ТҮЙІН: Осы орайда бір ұсыныс: қазіргі кезде қыз балаға ақ босаға аттаған соң, қайын жұртқа қалай сіңіп, төркінімен қандай қарым-қатынаста болуды, үй шаруасын қалай жақсы атқару жайын, қарапайым ғана шай құю, етті қонаққа кәделеп ұсыну секілді тыңғылықты үйрететін келіндер курсы, тіпті Келіндер институтын ашуды қолға алу керек секілді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
07 сәуір 2025 ж. 135 0