Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұмытылмас ерлік: Сері Махашовтың еңбегі

Ұмытылмас ерлік: Сері Махашовтың еңбегі

Ұлы Жеңіс – бүгінгі бейбіт өміріміздің негізі екені анық. Ол бізге оңай келген жоқ. Миллиондаған адамның өмірі мен тағдыры осы соғыста құрбан болды. Сондықтан біз соғыс ардагерлерін ұмытпауымыз қажет. Олардың ерлігі мен батырлығы – мәңгі ұрпақ санасында сақталады. Мінекей, біз осы Жеңістің қадірін біліп, бейбітшілікті сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Тарихымыздағы сонау сұрапыл кезеңде қолына қаруын алып, ел үшін жері, үшін Отан қорғауға аттанған менің атам Сері Махашов елге жеңіспен оралған екен. Осындай ерлігімен соғыстан аман оралған ол Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық кеңесінің «Ақшатау» колхозында шаруа отбасында 1925 жылы дүниеге келген.
Сері Махашов 1943 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, 166-атқыштар дивизиясының 517-ші полкінің 3-ші атқыштар ботальонның 3-ші ротасында пулеметте көздеуші болды.
Ұлы Отан соғысының қаншама жылдық тарихында басты орын алатын Ленинград түбіндегі шайқаста қарулас жолдасын жау қолынан аман алып шықты және атақты Курскі доғасындағы қанды шайқаста қырағылық танытып, неміс офицерінің он шақтысын атып түсіреді. Сонымен бірге бірінші Белоруссия майданы құрамындағы маусым айында Баранович қаласын және сол төңіректегі ондаған елді мекенді басқыншылдардан азат етуге қатысқан.
1944 жылдың ақпан айында Литва републикасының Шауляи қаласын азат ету шайқасында 13 неміс офицерін тұтқынға алады.
Майданда бірнеше жарақат алған. Үшіншісінде қатты жараланып, Даугава қаласында ұзақ емделуге тура келеді, сол жерде жатып Ұлы Жеңіс хабарын естиді. Ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және тағы басқа көптеген медальдарды иеленді.
Атам Сері 1960-1966 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагокикалық институтының география мамандығы бойынша оқып шыққан. Туған жеріне келіп өзі үйренген тәлім-тәрбиесін балаларға үйреткен. Райым Ақшатау, Қарамола жетіжылдық мектептерінде, №66 Шөмішкөл негізгі мектебінде география және қосымша тарих пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Халық ағарту ісінің озық қызметкері, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Қасқұлан ауылдық советінің депутаты лауазымында да қызмет етті.
1956 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін ауыл ардагерлерімен шер тарқататын. Сері атам мен Базаркүл әжем 3 ұл, 4 қызды тәрбиелеп өсіріп, аяқтандырды. Қазір әр баласы еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар. 7 баласынан 28 немере, 13 шөбере сүйді. Атам 2014 жылы 90 жасында дүниеден өтті.
Сапарғали НИЕТІЛДАЕВ,
Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің иегері,
Қазақстан Республикасы білім саласының еңбек ардагері
19 мамыр 2025 ж. 51 0