Шалшықтағы шаттық

Биылғы жаз баршасына ұмытылмастай әсер сыйлады. Себепкері –Махан ата. Бұл кісі кішкентай қолғанаттарын қуанту арқылы өзі де рахаттанады. Құрметті еңбек демалысына шыққалы тіптен көңілшек. Бұрын қауырт жұмыс ешқайда алаңдатпайтын. Енді үйден сәл ұзаса, кез келген көрініске мойын бұрады. Қалам ұстаған қиялшыл аталарын немерелері де жақсы көреді.
Бүгінгі желпінісі өзгеше. Таң атпай қозғау салған – ауылға деген сағыныш. Түсінде толқыны тайдай тулаған теңізде құлаш ұрып жүр екен. Ертемен таза ауамен тыныстайтын әдеті бар. Сол пәтпен қуыс көше мүйісінен бұрыла берген. Базардан теміржол тұйығына дейінгі сортаң аумаққа жан біткендей. Жол жиегіндегі еріген қар мен жаңбырдан іркілген шалшық беті құртақандай құстардан көрінбейді. Кескіні торғайға ұқсайды.
Қарт көз жететіндей жерден бақылауға көшті. Оймақтай құс жүзуге келгенде өте шапшаң. Жо-жоқ, бұл торғай емес! Қара торғай, бозторғай, суық торғай, бұқпа дегендерін бала кезден біледі. Бірде-біреуінің суға шомылғанын көрмепті де естімепті. Рас, қанатын кергілеп құмға аунағаны шомылғанға бергісіз. Мынаның пошымы бөлектеу, алыстан әдемі көрінеді. Әдетте, торғайлар бозамықтау не қоңырқайлау келеді ғой.
Махан ата ой қамауынан шығып, жүзі жылы үлкен-кіші назарын шалшықтағы құстарға аударды. Бірқатары басын шайқап, иығын қиқаңдатты. Кейбіреуі «мына шалдың есі дұрыс па? дегендей рай байқатты. Сөйтіп дағдарған сәтте арсалаңдап етікші Есет кездесе кетті.
– Қарағым, анау жыпырлаған бармақтай құсты не деуші еді?
Бар болғыр Есет тосылтпай жағымды жауап қатты.
– Ағасы-ау, бұл шымшық деген шабарман!
Қарт шынымен-ақ шымшықтан бейхабар. Балықтың ірілеуін жеп, майдасына мұрын шүйіретін теңіз түлектері қораш құстарды елестіре бермейтін. Сонда да жұмыртқасы көгілдір шақшақай мен жарқабақты үңгіп жағалай ұя салған қарлығаш әлі күнге көзге ыстық көрінеді. Керегедей қанаты қалқан тәрізді қарақұс пен бірқазанға, италақаз бен шағалаға кім сүйсінбес?! Қоштасу әнін шырқайтын тырналар мен қоғалы тұста сабаттайтын аққуларды көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Шымшық үшін көз жасындай көлшік шалқар айдыннан кем соғып тұрмағандай. Тілдей төсін жұмырлап еркелей жүзуі қандай сүйкімді! Топтанып ұшып, қаптай қонғанда, біреуі шашау шықсайшы. Қиқымдай болып үп еткен желмен жарысатындай. Қияқтарды қалқалап жасырынбақ ойнаған балалардай олай да бұлай бұлтыңдайды. Түймедей тұмсықтары лайсаң суға жиі сұғынып, сүйрік пен балдыр іздейді. Тыным табар түрі жоқ. Шал осылай ойлайды. Шымшықтар алаңсыз ойқастайды.
Бетон төсеніштердің қос қапталын орай баптаусыз өскен сексеуіл шоғыры шымшықтар шатыры іспетті. Жұмбақ құс нәзік қауырсындарын қусырып алып, ұлпадай жасыл шашақтар арасына лып етіп сіңіп кетеді. Дала шыршасына ілінген жаңа жылдық ойыншықтардай көз аулап, сайрай жөнеледі. Сый қалтадан уыстап шашылған жаңғақтардай шоқ сексеуілден төгіле тарасады. Риясыз табиғат суреті көңіл айнасында құлпыра түрленеді.
Ертеңіне түске салым Махан ата әр қиырдан құшағын қыздырған немерелерін шұбыртып, шымшықтар шаттығын бірге тамашалады. Екі жастан асқан Санжар мен үштегі Мейрамбек атасының шалғайынан тартқылап, шалшыққа ессіз ұмтылады. Бұлардан ересектеулері де қалысар емес. Жүдә, жеті-сегіз жастағы тетелес Нұраян мен Нұрбек ұялы телефондарының моншақтай камераларын ыңғайлай бастапты. Айтпаса да түсінікті: құс базарын суретке түсірмек, бейнетаспаға да тартпақ.
Алматылық Әмина бұл көрініске таңдай қаға қоймады. Алатауға қол созған ақша бұлтпен жарысқан қыранға көз талдырғаны жақында ғана емес пе еді?! Байқоңырлық Әдина жерді солқылдатып, көкті қақыратқан зымыран зіркілінен шошынбаған көгершіндерді қайдағы бір бұршақтай құсқа теңестіргісі жоқ. Тілімделген теңіз табанын әжелердің әжім торлаған маңдайына теңейтін аралдық ұландардың айдын атаулыға құрметі бөлек. Нұрбек бұл мезетте борсыған шалшыққа қауырсынын былғаған шымшықтарға қалай болысарын ойлап әлек.
Кенет шалшықтың дөмпейілдеу тұсына топ етіп сүттей аппақ құс қонды. Балалар аң-таң. Махан атадан сабыр кетті. «Құдайым-ау, мынау сүңгіттей ару құсты бұрын қайдан көріп еді?! Аяқтары шидей және қып-қызыл. Алыстан қарағанда, бір тал шыбыққа қадап қойғандай. Арқасы мен қанатына жұқалап қара бояу жаққандай. Тоқтай тұр, осы дәуде болса баяғы қызыл сирақ балшықшы болып жүрмесін!» Теңіздің дәуірлеген шағында жағалауда қыдырыстаудан жалықпайтыны енді-енді еске түсе бастады. Көптен жоғалтып алған көзайым құс қарт жанарында сағыныш тамшыларын мөлдіретті.
Немерелер шұнаңдап, атасын топан сұрақтың астында қалдырды.
– Шымшықтың өзі құрттай. Сонда балапаны қандай? Неге осындай жаман жерге әуес? Әншейінде тұйықтау Әмина да шешіліп, түйінді пікір тастады.
– Жаңағы соңғы құс неге жалғыз жүр? Біреу қатты қорқытқан шығар... Әдина айыптыны көктен іздейді.
Балалар сұлу құсты аяп тұр. Мұнда шымшыққа тән еркіндік жоқ. Көлшік бетін шарламайды. Орнынан тапжылмай, аққудай мойнын иілтіп жемтік талмайды. Бедірейген тұйық су балшықшының көлеңке көшірмесін нақпа-нақ қайталайды. Шалшықтың сәнін келтірген мейман құс талайды таңырқатты.
Үйге қайтар жолда Махан ата немерелеріне су құстары туралы сарқыла әңгімеледі. Қанаттыға мылтық кеземейтін, жұмыртқасына да қол созбайтын, ұясын бұзбайтын ауылдан шыққанын мақтанышпен мәлімдеді. Туған жер тартылысынан денесі қызынып, теңізден ескен самал желпитіндей. Жадын жаңғыртқан балшықшыға бек риза.
– Ата, біз де сізге ұқсаймыз. Көгершін мен қарлығаш, торғайлардың досымыз. Олар үй шатырына қонақтайды, ұя салады, ауладан дән, қиыршық тас іздейді. Теңізді теледидардан ғана көреміз. Шымшықтың шалшықта жүзгені сияқты кейде шағалалар да сорға қонып жатады ғой, – деп налыған Нұраянды бәрі қостап бастарын шұлғиды.
Махан ата миығынан күліп, немерелерін бауырға тартты. Шынашақтай пысықтарға шымшық пен балшықшының ұнап қалғаны байқалады.
– Білесіңдер ме балапандарым, құстар-тыныштық елшілері, көңіл-күй емшілері. Қанаттыда қасиет бар. Оны мәпелегенді Жаратушы да жарылқайды.
Жадыраған өрімталдар атасының шекпенін күркеге айналдырып жіберді. Өздерінің бір сәт шымшыққа ұқсап бара жатқандарын аңғарар емес. Шамалыдан кейін шаршағандарын ұмытып, компьютер алдында отырды. Таласа-тармаса ғаламтордан шымшық туралы ақпараттарды ақтарды. Керекті мәліметтер сұрыпталып, суретімен қоса ақ қағазға өрнек салды.
– Ата, міне, қараңызшы! Шымшықтың тұрқы 70 миллиметр, салмағы 13 грамм. Қанат-құйрығы қара, бауыры ақ, сары қауырсыны ерекшелеп тұрады. Аталығының тақия тәрізді кекілі бар. Шыршалы жерге үйір келеді екен. Даусы ашық, өсімдік тұқымы, майда жәндіктермен қоректенеді. Балшықшының салмағы 200 грамм, қанаты 22,5 сантиметр, тұмсығы, арқасы, қанаты қара. Омыртқасыздармен нәрленеді.
Махан қарт аузын ашып қалды. Немерелер жаңа заман артықшылығын мойындатпай қояр емес. Әркімнен сұрағыштап ұққанынан мына тасқайнатарлардың көк сандықтан тапқаны әлдеқайда толық. Нұраян шымшық пен қызыл сирақ балшықшының монтиған тұлғасын көз алдына тосты.
– Әп бәрекелді! Компьютерің нағыз құймақұлақ. Білмейтіні жоқ. Шалшықтың не сиқыры бар десем, сексеуілдің жасыл шырпылары мен жел ұшырған дәндері қоғалы көлге ұқсатқан екен-ау! Саздауыт пен ұйықта жыпырлаған ұсақ жәндік, әрине, көп болады. Бір өкініштісі, мына шалшыққа наурыз бен мамыр арасында ғана құс айналады. Одан әрі күн нұры, жел күшімен бірден құрғайды. Шымшық пен балшықшы да көз алдыңнан ғайып болады.
Атасының жеңіл күрсінгені балалардың лүпіл қаққан жүрегін дір еткізді. Адамдар сияқты құстармен де қауышу ғажап, қоштасу азап екен. Сонда не істеу керек? Жыл құстары адаспай оралатын жасанды айдын өзен-көлі, теңізі жоқ әрбір мекенге ауадай қажет емес пе?! Балғын қауымның осынау періште арманы бүкіл әлемде жаппай жүзеге асса ғой, шіркін! Болашаққа наз Махан атаны құбылаға қарап қол жайғызды. Немерелердің нәркез жанары көк жүзін шарлап барады.
Жаңабай КЕМАЛ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Арал ауданының құрметті азаматы