Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Борандағы балықшылар

Борандағы балықшылар

Иә, балықшы. Бұл ұғым ежелден келе жатқан байырғы, теңіз шетінен нәпақасын теріп жеген халықтың есімі. Бұл халықтың өзге адамдардан айырмашылығы, көңілдері әрдайым ақжарқын болады. Дос көңілін қалдыруды білмейді. Бәлкім сіздер түсінбей отырған шығарсыздар "мұндай халық бар ма?" деп. Әрине, бар. Мен сол халықтан боламын. Негізі балықшы қауымы бөлек ел ғой, шіркін. Тоңуыңды білмейтін, ыстығыңды сезбейтін, отқа күймейтін бұрынғының Қобыландылары ғой.
Мен бұл қауымға 16 жасымнан араластым. Баламыз ғой, көпті біле бермейміз. Арасында суға құлап аламыз. Түсінікті болу үшін айта кетейін. Олар жайлы мынадай бір әзіл бар. Бірде көшеде екі қария кездесіп қалыпты. Әңгіме-дүкен құрып тұрса бір машинамен адамдар өтіп бара жатыр дейді. Сонда қариялардың бірі "ой, мыналарды адамдар ма десем, балықшылар екен ғой" депті. Оқырманға балықшылардың өзгешелігі енді түсінікті болған шығар.
Жә, бұл жай әзіл ғой. Шындығында балық аулаудың әдісін кәнігі балықшылар ғана меңгере алады. Сегіз қырлы балықты, тоғыз қырлы жігіт алады деген емес пе?! Мұның қызығы мен шыжығы толып жатыр.
1992 жылдары балығы мол болса да өтімі нашарлау болды. Мен енді үйреніп жүрген баламын. Ауыл жол бойынан шалғайда жатыр. Аулаған балықты алып бару қиын болып тұрған кездер ғой. Бекбауылдан тұздалған балық іздеп келетіндер болады. Ал мен ол уақытта балық тұздауды білмеймін. Аулауын аулайсың-ау, өткізе алмайсың.
Мұндай қызықтар көп болды. Бірде ауыл маңындағы шағын шалшық судан балық аулап жүргенбіз. Бір сәтте аспанды қалың қара бұлт торлап, найзағайлатып құйды да кетті. Қазіргідей міне қашатын көлік те жоқ. Жыңғылдың бұтағын паналап, жаңбыр басылғасын қолға ілінген 5-6 мөңкеміз алып ауылға қайттым. Ауылға кіре берісте нағашыларым кездесіп "мына алай-дүлейде балықты қайдан таптың?" демесі бар ма. Сол кезде жиендікке салып "жаңбырмен бірге балық жауды ғой, ауылға жаумады ма?" деп қағытып алдым.
Алғаш рет теңіз айдынына 2000 жылы шықтым. Камбала балығының өсімі молайып, аулауға толық негіз болды. Ауылдан 4-5 адам балыққа шықтық. Ұмытпасам ақпан айы болуы керек. Аралдан алты аяқты КамАЗ көлігімен, артында жатын есебінде сүйреп келе жатқан вагоны бар, бас аяғы 100 шақты адамбыз.
Сонымен не керек, кеш түсе Сексеуілге келдік. Алдымыз түн.  Ауа райы да ішіне бір сыр бүгіп тұрғандай үнсіздеу. Сексеуілге келіп бір үйге тоқтадық. Бізді бастап алып келе жатқан менің нағашым. Бәрі қызық. Сонан соң әлгі тоқтаған үйге кіріп, сусындап болған соң, сол үйдегі ақсақал: "Айналайындар, алдарың түн, жолдарың ұзақ қой, бүгінше үйде болыңдар. Күн райы да бұзылғалы тұр екен, борамаса болар еді" деді.  Қанша дегенмен үлкеннің аты үлкен ғой, көргені бар, өмірден түйгені бар. Біз болсақ өрекпіп тұрмыз. Жүре берейік. Көлігіміз сайлы ғой. Анау-мынау емес ведущий КамАЗ. Сонымен "иә, сәт" деп жолға шықтық. Біз де Сексеуілден ұзауымыз мұң екен, тап біздің шыққанымызды күтіп тұрғандай, боран да жайлап басталды. Қараңғы қоюлана бұрқасын да күшін көрсете бастады. Жолдың бойы барған сайын көлік жарығынан ғайып болып келе жатыр. Нар тәуекел деп бізде келе жатырмыз. Бір кезде жолдан адасып қалдық. Енді не істейміз, тас қараңғы. Күн болса ашуына енді мінді-ау деймін, бұрқасын  күшейді. Арамызда үлкендеу бір жігіт: "Қап бағанағы ақсақалдың айтқанын қылу керек еді, бекер шықтық-ау деймін" деді. Ал мұның бәрі алғаш рет осындай сапарға шыққан мен үшін – қызық.  Біреуі жобасы – бұлай дейді, біреуі – оны түзейді. Әркім өзінің білгіштігіне салып жатыр. Шопыр "ізімізбен артқа жүріп көрейік, бәлкім байқамай өтіп кеткен шығармыз" деді. Ыңырана қозғалған көлігіміз кері бұрылды. Машинаның жарығымен байқағаным, келген ізіміз көрінбейтін сияқты. Шопыр мықты жігіт екен. Жобалап ізін тауып алды. Ауыр жүк көлігі адыр-бұдырды елемей, ақырындап жүріп келе жатты. Бір кезде жобалап келе жатқан жолымыз біржола көрінбей қалды.  Із қайда, біз қайда? Мен де қорқа бастадым. Ары-бері жүргенімізбен жолды таба алмадық. Ақыры тоқтадық. Сағат түңгі 1:00-ді көрсетіп тұр. Не болса да таң атқасын көреміз деп, сүйреп келе жатқан вагонымызға топырлай кіріп демалуға жайғастық. Жағалай көрпе салып, қалың күпәйкемізді жамылып, аяғымыздағы резеңке етікпен жата кеттік. Ақырып тұрған ақпан емес пе?!  Жамылғымыз жайсыз болып, суыққа шыдамай, сыртынан  киіз жауып алдық. Бойымыз жыли бастады. Ұйқыға бас қойдым. Бірақ таңға жақын вагон іші мұздатқыштай салқындай берді. Көрер таңды көзбен атырдық.
Межелі жерге жеткенше тоқтамау керек. Бірақ түндегі бұрқасын бұрқасын ба. Таң ата тіпті күшейді. Біз де шешінген судан тайынбас деп жобалап жүріп келеміз. Боран бір қапталдан соғып тұр. Жолдың сұлбасы  көрінгендей болды. Ақырын жүріп келе жатыр едік, көлігіміз бір сайға күмп етіп сүңгіді де кетті. Ал керек болса, көлік анау-мынау шана емес суырып ала қоятын. Машинадан секіріп түстік. Ой, тоба, көліктің екі дөңгелегі әлгі сайға өлшеп қойғандай дәл ме дәл, қимылдамай қалыпты. Енді не істеу керек? Меніңше мынадай бұрқасында жан-жағыңды көру мүмкін емес. Арамыздағы егделеу келген жігіт ағасы, бұрын бұл жерлермен жүрген болуы керек: "алдымызда Қосаман ауылы болуы керек, жаяулап жүріп көрейік" деді.  Менің ауылдан алып шыққан кішкене шанам бар еді, соған бір қап бауырсағымды таңып байлап алдым. Кім біледі қанша жүретінімізді. Қаз балапанындай тізіліп, бөрен бойын жағалап жүріп келеміз. Міне керемет, көп жүрмей-ақ алдымыздан бір үй көрінді. Бара үйдің ығына тұра қалдық. Бір кезде жаңағы үйдің терезесін ақырын қағып едік, терезе жапқышы жайлап  ашылды. Қара торы келіншек үйде адам жоқ, алдарыңда бір үй бар соған барыңдар дей салды. Біз одан әлі жөн сұрасқан жоқпыз. Соған қарағанда қыс айларында бұл жерде далада қалушылар болғаны ғой. Амал нешік, жазған құлда шаршау бар ма, алға қарай жүрдік. Алдымыздан жаңағы үй шықты. Есігі ашық үйіне апыр-топыр кіріп бардық. Тап біреуді тұтқындауға барған жендеттердей. Үйде тек егде жастағы екі жігіт бар екен. Болған жағдайды баяндап бердік. Танысып білістік. Сөйтсек біздің келіп  тұрған жеріміз Қосаман емес, Бердікөл немесе Қотанбұлақ ауылы. Ал, қош. Әлгі екі жігіт нағыз азаматтар екен. "Үй бәрімізге жетеді, саспаңдар бес-бестен бөлініп екі үйге жатасыңдар" деді. Аллаға Шүкір. Егер бұл жерге келмегенімізде тағдырымыз не болар екен? Әлгі бір жігітте рация бар екен. Сонымен ауданға хабарласып, көмек сұрадық. Негізі біз Арал теңізі қоғамдық бірлестігі атынан бара жатқанбыз. Бас демеушілеріміз осылар. 
Сол күні кешке ұлыған боран басталды. Сол басталғаннан 3 күн борады. Әлгі жігіттің үйінде жатырмыз. Жеңгей Сексеуілге азық-түлікке кеткен екен бір күн  бұрын.  Әйтеуір үйіндегі азын-аулақ асымен бөліскен әлгі жігіттерге ризамын. Боранда басылысымен далаға шығып, бинокольын алып сарай   төбесіне жайғастым да жан-жаққа шолу жасадым. Бірде әуедегі ұшаққа қараймын. Тым жақын ұшып бара жатқандай. Көлігіміз тұрып қалған бағытқа қарай биноколды салып отырсам, бір нәрсе қылаң еткендей болды. Кара түтін бұрқ-бұрқ етіп бір нәрсе көрінді. Көмек келе жатыр. "Жігіттер көмек келе жатыр" деп айқай салдым. Бәрі сарай төбесіне өрмелеп шықты. Алма кезек қарап К700 келе жатыр деді. Не керек, азанда көрінген көлігіміз  кешке жетті-ау. К700 Трактор дегенің өгіздей болады екен. Өң-өң дегенде зәрең қалмайды. Тап мынадай жақыннан көруім осы. Келген көмегіміздің айтуынша жол мүлдем жүруден қалған. КамАЗ оңбай түскен екен сайға. К700 шопыры азанда ала кетті. Сонымен КамАЗ шықты, кеуіл бірленді. Тек алға қарай жылжу керек. Баратын жеріміз әлі алыс екен. Оны маған нағашым айтты. 
"Е, онда қызықтың көкесі әлі алда десейші"...
Айбол ӘБУОВ

19 шілде 2025 ж. 53 0