Е.ОРЫНБАСАРОВ КҮЙШІ: ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ РУХЫ ҰШҚЫН БОЛЫП ДАРЫДЫ

Жақында сәті түсіп, күйшімен сөз барысында домбыраға алғаш келу себебін, ұстаздарының еңбегі мен байқаулардан алған әсері және күй өнерінің бүгінгі қоғамдағы орны жайлы әңгімелескен едік.
– Бала кезде бойдағы шынайы қызығушылық кейде үлкен тағдырдың басын ашып береді. Әр адамның өнерге келу жолы әртүрлі, біріне ұстаз, біріне әке мұрасы себеп болады. Сізге домбыра алғаш рет қашан және қалай сыр шерткен еді?
– Менің алғаш домбыраға ықыласымның түп-тамыры өзімнің есімімде жатқандай. Атам менің атымды ырымдап, Қарасақал Ерімбет ақынның құрметіне қойған деседі. Ұлы тұлғаның рухы, өнерге деген құштарлығы менің бойыма да бір ұшқын болып дарыған шығар деп ойлаймын.
Алғаш рет домбыраны төртінші сыныбымда қолыма алдым. Туған ағам өнер мектебіне баян аспабына қатысатын, мен сол ағама еріп жиі барып жүрдім. Сонда домбыраның үні жүрегімді ерекше тербеп, аспапқа деген қызығушылығым оянды. Сөйтіп өнер мектебіне домбыра сыныбына жазылып, күй әлеміне қадам бастым. Сол кезден бастап домбыраға деген ынтам ашылып, оны тереңірек меңгеруге деген құштарлығым күшейді.
– Бүгінде күй өнері тек сахналық орындаумен ғана шектеліп қалмауы керек, себебі ол – ұлттың көрінісі. Аға буын күйшілердің көзқарасы мен кейінгі жастардың көзқарасы арасында белгілі бір алшақтық байқалады. Сіздің ойыңызша, қазіргі жас буын күйшілік өнерге қалай қарайды, домбыра үнін қалай ұғынады?
– Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы. Біз оны қастерлеп, биік ұстауымыз керек деп білемін. Бабаларымыздан жеткен күйлерді бүгінге дейін жеткізген зерттеушілер мен өнерпаздардың еңбегі орасан зор. Ағаларымыздың дәстүрді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен мұрасын біз жалғастыруға тиіспіз.
Бүгінгі жастар да домбыраға бейжай қарамайды, тіпті кәсіби түрде білмесе де, шертіп үйренуге талпынады. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейді ғой, бұл сөздің жаны бар. Әлеуметтік желілер арқылы да күй өнері кең насихатталып жатыр, сондықтан қазіргі буын күйді жаңаша ұғынып, өз деңгейінде бағалайды деп ойлаймын.
– Байқау – өзіңмен өзің бетпе-бет келетін ерекше алаң. «Сыр толқыны» республикалық конкурсында жүлдегер атануыңыз үлкен еңбектің жемісі екені анық. Осы байқауға қалай дайындалдыңыз және сайыс сізге не бере алды?
– «Сыр толқыны» байқауы өз дәрежесінде өте керемет өтті. Бұл байқауға үлкен дайындықпен келдім, әр күйімді бірнеше рет пысықтап, өңірімнің намысын қорғауға тырыстым. Осы өнер бәйгесінен көптеген нәрселерді өзіме ала білдім – жаңа күйлерді үйрендім, дәстүрдің мәнін тереңірек түсіндім, басқа өңірден келген өнерпаздармен тәжірбие алмастым.
Байқауда жеті күйшілік мектеп дәріптелді, соның ішінде сыр өңірінің мектебі кеңінен насихатталды. Біздің мақсатымыз Сыр бойының күйшілік дәстүрін өзге өңірден келген қатысушыларға танытып, дәріптеу болды. Дода өнерге деген құштарлығымды арттыра түсті деп толықтай айта аламын.
– Әр өнер иесінің артында бір жан – бағыт беруші, дем беруші ұстаз тұрады. Қанша талантты болса да, жақсы ұстазсыз ұлы жолдың есігі оңай ашылмайды. Ерімбет үшін ұстаздың рөлі қандай болды, күйшілік жолыңызға ықпал етті деп кімдерді атай аласыз?
– Шынымен де, ұстазсыз өнер жолын елестету мүмкін емес. Маған алғаш домбыраны қолыма ұстатқан ұстазым – Мәдина Жүсіпова апайым. Ол жанға алғысым шексіз. Кейін жеті жыл бойы Айгүл Жансерікова апайымнан дәріс алып, талай байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Колледж қабырғасында Төлепберген Тоқжанов ағайдан бір жыл тәлім алып, тәжірбиемді толықтырдым. Әлия Мұратбаева апайым да менің өнерімді өрге сүйреп, талай байқауға қатыстырып, нәтижелі еңбек етуге жол ашты. Колледжді тәмамдаған соң Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, онда да Төлепберген Тоқжанов ағайымнан сабақ алдым. Осындай ұстаздардың арқасында көп дүниені бойыма сіңіріп, өнер жолында жетістіктерге жеттім.
– Қазіргі ақпараттық заманда жастар көбіне эстрадаға, жеңіл ырғаққа әуес. Бірақ бұл дәстүрлі өнердің әлсіреуіне себеп болмауы тиіс. Осы тұрғыда күй өнерінің бүгінгі қоғамдағы орны мен беделі туралы сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?
– Меніңше, өнердің қазіргі қоғамдағы беделі өте жоғары. Ақпараттық заман болса да, әлеуметтік желілер арқылы күй өнері кеңінен дәріптеліп келеді. Сондықтан ол ешқашан өлмейді деп сенемін. Жастардың көбі кәсіби тұрғыда білмесе де, домбыра шертуді біледі, өйткені ол қазақтың қанында бар қасиет. Ең бастысы, ақпараттық технологияларды дұрыс, пайдалы дүниелерге, ұлттық өнерді насихаттауға жұмсай білуіміз керек. Сонда заман өзгерсе де өз мәнін жоғалтпайды.
– Нағыз өнер иесі ешқашан тоқтап қалмайды, ол үнемі ізденісте жүреді. Ал жаңа туынды жазу – әрбір күйшінің ішкі арманы. Осы тұста өзіңіз болашақта авторлық шығармалар жазып, өз мектебіңізді қалыптастыру туралы ойлайсыз ба?
– Әрине, күйші-домбырашы болғандықтан, өзіңнің де күйіңді шығарғың келеді. Бірақ оған үлкен шабыт керек. Қазіргі таңда өз шығармашылығымда бір күй бар. Болашақта да тоқтап қалмай, шабыт келген сайын жаңа туындылар жазсам деген ниеттемін.
Күйші үшін ең маңыздысы – өнерге адал болу және жүректен шыққан үнді халықпен бөлісу. Бұйыртып жатса, алдағы уақытта өзімнің күйшілік қолтаңбамды қалыптастырып, оны кейінгі буынға аманат ете алсам деген арманым бар.
Сұхбатыңызға рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА
Фото: автордан