Бексұлтан ОРЫНБАСАР: Өмірім өнермен өріліп жатыр

Жас та болса, жасампаздықпен көзге түскен ол – жыр өнерінің жанашыры, «Күміс домбыра» иегері. Оны айтып қана қоймай, жаңа леппен, тың бағытта ұсынуға ұмтылып жүрген өнерпаздың бірі. Жақында өзімен жыраулық өнердің бүгіні мен болашағы, шындық пен шабыт жайында, сондай-ақ өнердегі азаматтық ұстанымы туралы ой қозғаған едік...
Тынысы – бөлек, тынығы – ерек
– «Айтыс – халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір» деген едіңіз. Осы сөзді қазіргі айтыстың ахуалымен байланыстырып көрейікші. Бүгінде сол алтын көпірдің қуаты қандай? Айтыстың халық пен билікке әсері бар деп ойлайсыз ба?
– Әрине, айтыс – халқымыздың рухани қазынасы, ел мен елді, бұқара мен билікті байланыстыратын киелі көпір. Қазақ қайда жүрсе де, қай ғасырды бастан кешірсе де, айтыс өнері қашанда оның серігі, сөз өнерінің шырағы болып келеді. Бұл өнер – жай ғана сөз сайысы емес, ол – тәрбие мектебі, ұлттың ішкі жан дүниесін тербетіп, қоғамның көкейкесті мәселелерін дөп басып айтатын мінбер.
Ақынның әрбір ұтқыр ойы, астарлы әзілі мен отты шумағы тыңдаушының жүрегіне жол тауып, сана-сезіміне әсер етіп, терең ойға жетелейді. Сондықтан да айтыс – халықтың үні, елдің тамыры, ұлттық сана мен қоғамдық пікірдің айнасы деуге толық негіз бар.
Бүгінгі айтыстың тынысы – бөлек, тынығы – ерек. Замана талабына сай түрленіп, сахна мәдениетімен үйлесім тауып, халықпен тікелей байланысын үзбей, ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқаны – бұл өнердің жаңғырып, жаңарып, жаңа белестерге қадам басып жатқанын көрсетеді. Демек, айтыс – тек өткеннің мұрасы емес, бүгіннің де, ертеңнің де сөзбен сомдалған шежіресі.
– Халық «Өнер – баға жетпес байлық» дейді. Десе де ол байлықты кез келген адам бағалай бермейді. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың жаны – ән мен өлең» деген, бірақ сол өнерді бағалайтын қазақ азайып бара жатқандай! Қазіргі қазақ өнеріне халықтың көзқарасын қалай бағалайсыз?
– Өнерліге өр де, төр де тиесілі. «Өнерлінің өрісі кең» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Қазақтың дәстүрлі өнері – ел руханиятының алтын қазығы, көздің қарашығындай сақтауға тиіс асыл қазынасы. Қолда барда қадірін білмей, қадірі кеткенде қайран қалып жататынымыз бар. Сол бір өкінішті сәттерді Нұртуған жырау да аңғарып, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ, бір күні қолдан кетсе болар керек» деп, терең мағынамен жеткізген екен.
Бүгінде әлемдік мәдениет кеңістігіне еніп, шығыс пен батыстың алуан түрлі жанрларымен бетпе-бет келгенде, төл өнеріміздің тұғыры шайқалатындай көрінетіні рас. Алайда шынайылық ешқашан көмескі тартпайды. Жалғанның жылтыры уақытша ғана, ал ақиқаттың сәулесі мәңгілік.
Қазақтың жүрегінен шыққан жыр-термесі, күй мен әні, мың бұралған биі – бәрі де ұлттың табиғи болмысының көрінісі. Олар – көңілдің қазынасы, рухтың шырағы. Бұл өнер біздің қанымызда бар. Ал қанға сіңген нәрсе ешқашан өшпейді, қасықтап төксең де, түбінде қайта оралады. Қазір болмаса да, келер ұрпақ бұл мұраны жаңаша бағалап, өз орнына қоятынына сенім мол.
Сондықтан біз бүгінгі күннің үдесінен шығу үшін аянып қалмауымыз керек. Ұлттық өнер – ұлттың рухы. Оны сақтап, ұрпаққа аманаттау – әрбір саналы азаматтың борышы.
Өнер – мәңгіліктің мәні
– Дәстүрлі өнердің өкілісіз. Бірақ заман өзгеріп, тыңдарманның талғамы да түрленіп келеді. Осы тұста сұрай кетейінші, дәстүрлі өнердің болашағы туралы не ойлайсыз? Оның жаңа заман ағымына бейімделуі қажет пе, әлде өз қалпында сақталғаны дұрыс па?
– Өнер – мәңгіліктің мәні. Ол келешекте де өз құнын жоймақ емес. Себебі жыраулық дәстүр мен айтыс өнері – ата-бабадан мирас болып, үзілмей келе жатқан асыл арна. Бұл киелі өнердің тамыры тереңде, ал сабақтастығы – бүгінгі ізбасарлар арқылы жалғасып келеді. Дәстүрлі сипатынан жаңылмай, заманауи тыныс алып жатқан бұл өнер түрлері жаңаша форматта қайта түлеп, түрлі жобалар арқылы жаңа белеске көтерілу үстінде.
«Заманың түлкі болса, таз болып шал» демекші, бүгінгі таңда рухани құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда дәстүрлі ән өнерін әлемдік сахнаға асқақтата жеткізген Димаш Құдайбергеннің есімін ерекше атап өткен жөн. Ол – қазақ әнінің үні мен үнін өзгерпей, оның қадір-қасиетін бұрынғысынан да биік деңгейге көтерген бірегей өнер иесі.
Иә, уақыт өзгерсе де, өнердің өзегі – шынайылық. Әуеннің сазы мен сөздің мағынасы жаңғырып, жаңа пішінде көрініс табуы мүмкін, алайда рухани өзегі сол күйінде сақталып қалуы тиіс. Болашақта бұл жолдың жалғастығы – бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан өнерді өрге сүйрейтін, оны жаңғырта отырып, тамырынан ажыратпайтын ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың қасиетті парызымыз.
Бұл өмірдің шындығы – жалғандығы
– «Айтыс – сахнадағы сайыс қана емес, ол – сөзбен кестеленген шындық» деген едіңіз. Бірақ шындықтың жүгі ауыр. Шәкәрім «Шындық жоқта сый да жоқ» дейді, алайда кейде сол шындықты айтуға мүмкіндік болмайтын сәттер бола ма? Айтыс ақыны үшін шындық пен шекара қай жерде түйіседі?
– Қазақта «Бұл өмірдің шындығы – жалғандығы» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Расында, айтыс ақыны да – қоғамның бір бөлшегі. Оның да көңіл таразысы, ой елегі бар. Кей сәтте белгілі бір мүдделерге, елдік ұстанымға, халықтың тыныштығы мен тұтастығына сай шындықты бүкпей айтуға шек қойылуы мүмкін. Қоғамның іші – қазандай қайнап жатқан ала да бар, құла да бар әлем. Сол себепті бар шындықты жайып салып, жайратып тастау өнердің де, азаматтықтың да өлшемі емес. Шындықты айту – парыз, ал оны шебер жеткізу – ақынның шын шеберлігінде. Айтылған сөздің әр иірімі, әр бұралысы тыңдаушыны ойға қалдырып, жүрекке жетуі керек.
– «Сөз – адамның айнасы» деп жатады. Бірақ кейде айнаның беті шаң басып, шынайылық бұлыңғыр көрінуі мүмкін. Өзіңізді бұрыс түсінген кездер болды ма? Мұхтар Әуезов «Сын есік алдындағы құлып емес, ол – ішке бастайтын жарық сәуле» дейді. Бірақ кейде сол сын орынсыз болғанда, өнер адамы қалай шыдайды?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөздің салмағы әр заманда да орнын жоғалтпаған. Өнер жолындағы адам болсын, ел ішінде сөзі өтімді азамат болсын – бәріне де сын айтылады. Ол заңдылық. Ең бастысы – сол сыннан сабақ алу, шын ниетпен айтылған сынды қабылдай білу. Ал орынсыз, астары теріс сынға келгенде оған жүрек жүгіртудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі мұндай пікір адамның болмысына әсер етпейді. Ең маңыздысы – ішкі түйсіктің тазалығы, ойың мен сөзіңнің ақтығы. Егер жүрегіңмен дұрыс деп санаған жолың болса, соның нәтижесін уақыт пен Жаратқан Иенің әділетіне тапсырған жөн. Сын – пікір. Пікір – пікірталасқа бастайды. Ал пікірталас – кейде жаңа бір биікке жол ашады. Сол үшін де сынға сыни көзбен қарау керек, ренжігенмен емес, түсінумен қабылдау қажет.
– «Өнер – атадан балаға аманат» дейсіз. Абай да «Туғанда дүние есігін ашады өлең» депті. Демек, өнерге келу – тағдырдың тартуы. Осы аманатты лайықты алып жүрмін деп ойлайсыз ба?
– Өнер – бұл жай ғана талант емес, ол атадан балаға мирас болған қастерлі аманат. Ол жыраудың тамағында жаңғырып, домбыраның шанағында тербелген тылсым үн. Дәстүрлі өнер – тұтас ұлттың болмысында бедерленген қасиет. Сондықтан сол аманатқа қиянат жасамай, ұрпағына ұсыну – біздің азаматтық һәм адами парызымыз. Қос ішекті қара домбыраны қолыма ұстағалы біраз жылдар өтті. Осы жылдар ішінде осы киелі аманаттың үдесінен шығуға, өнердің биігінен түспей, қадірін түсірмей, маңызын жоғалтпай келе жатырмын. Өмірде түрлі сынақтар болады – кейде өлеңнің иіні қанбай, кейде жолың кедергіге толы. Бірақ дәл сол сәттерде өнерден безіп, өзіңді жоғалту – міне, нағыз қиянат сол болар еді. Болашақта өнер тізгінін ұстайтын жастарға бағыт-бағдар беру жолында адал еңбек ету – мен үшін қасиетті міндет.
Көңілдің көркем көрінісі
– Кейбір жан «Шабыт – еңбекпен келеді» дейді, енді біреулер «ол тек жүрекке қонады» дейді. Ал сіздің ойыңызша, шабыт деген не? Ол сізге көбінесе қашан келеді?
– Шабыт – адамның ішкі шындығы мен көңілінің көркем көрінісі. Ол – жүректен бастау алып, қиялдың қиясынан келіп, сөзбен өрілетін орамды ой. Шабыт – тек қайғының да, қуаныштың да, намыстың да, жігердің де жемісі. Адам өзін-өзі алдауы мүмкін, бірақ жүрегін ешқашан алдай алмайды. Сондықтан нағыз шабыт – жүректен шығып, жүрекке жететін шын сөздің бастауы. Мен үшін шабыт – белгілі бір уақыттың, жағдайдың, не бір мезеттің жемісі емес. Ол кейде бір сәтте, күтпеген жағдайда келеді. Қайғырып отырғанда да, қуанып тұрғанда да оянады. Көңілдің тұңғиығынан туындайтын, еш өлшемге бағынбайтын тылсым құбылыс.
– Кейде өнер адамдарына «Өнерден бөлек не істей аласың?» деген сұрақ қойылады. Менің де қойғым келеді: егер ақын болмасаңыз, қандай жолды таңдар едіңіз? Өнерден бөлек сізді қызықтыратын дүниелер бар ма?
– Жырау Алмас Алматовтың «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деген сөзі менің де ішкі болмысымды дөп басады. Менің арманым мен мақсатым – өнермен өріліп жатыр. Өнер – менің өмірлік серігім. Бірақ әр адамның тағдыры әртүрлі. Егер ақын болмаса, бәлкім, ата-анамның жолын қуып, ұстаз болар ма едім деп ойлаймын. Олар – мектепте еңбек етіп жүрген ұлағатты жандар. Ұстаздық та – өз алдына өнер, оның салмағы мен жауапкершілігі де аз емес.
Сонымен қатар, атбегілікке деген ерекше ықыласым бар. Жылқы – қазақтың жаны. Сол себепті жылқы шаруашылығын дамытып, ұлттық спорт түрлерін жаңғырту да арманымның бір парасы. Қай істі бастасам да, қай жолға түссем де, басты мұратым – ел игілігіне қызмет ету. Бүгінгі өнер жолындағы барлық сүрлеу мен соқпақтан өтіп, халқымның үмітін ақтап, шын көңілмен еңбек еткім келеді. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.
Сырлы сұхбатыңызға алғыс. Болашақта биік белестерді бағындырып, дәстүрлі өнердің шыңына шығуыңызға тілекшімін!
Әңгімелескен Г.САҚТАПОВА