Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АЛАШҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСАСАМ НЕ АРМАН...

АЛАШҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСАСАМ НЕ АРМАН...

Дариға дүние!
Қаламға сүйенген алпамса арысым,
О, неге шулайды жан іші...
О, неге тулайды намысым.
Тұңғиық гүліндей бүрлеген тереңнің,
Құдайсыз ғасырдың құйынды ұлы едім.
Алмадай тістелген жұмақтың ішінде,
Алғадай жүрегім!
Сонда да...
Елімді дәл сендей сүйе алсам беріліп,
Жерімді дәл сендей сүйе алсам егіліп.
Ақиық тау аңсар мерейін өсіріп,
Тұлпардың жер тарпыр мінезін көшіріп.
Аруана ботасын жоғалтқан күндердей,
Айару аруға сыйланған гүлдердей.
Кер шөлге үйірсек кебеже бұлттай,
Иірім жылғаға иілген тұнықтай.
Жағасын кемірген дария, өзендей,
Ақындар ән салған жария кезеңдей.
Мылқаудың тіліне ұйыған дыбыстай,
Боздақтың борышын сезінген қылыштай.
Сол қылыш соғылған алдаспан Болаттай,
Найзағай намыстың ұшқынын жоғалтпай,
Қазақты дәл сендей сүйе алсам,
Не арман!?
Не арман!?
Мінгенде келместің күймесін,
Бір шайыр кеткенде,
Бір дәуір өледі кейде шын.
Зүбаржат өлеңдей тынысты,
Заманнан озады оғлан...
Оларда жаттанды жабағау жоқ ұран.
Қазағы жайнады шағала шырайлы,
Қазаны қайнады бағала ұдайы.
Күпірлік көмілген күл емес,
Шүкірлік қазақтың – Құдайы!
Сонда да,
Сүйе алсам бауыры тас-темір бауырды,
Жүрегі Тобықты, ақжарқын ауылды.
Қаражол шайырдың шайқалған мазары,
Даңғайыр дәуірге дәруіш қазағы,
Сапарлы жандарды шақырды жаратқан,
Жаратқан бәріне жәрдемші бола гөр.
Тағдырлар тыңдайды, тұр бірақ есітпей,
Ақынның кеудесі ең ұлы мешіттей.
Тоғысқан жолдардың өсінде айналып,
Тобықты тағдыры қазаққа байланып,
Алашқа қызмет жасасам не арман?
Айдар САЙЛАУОВ

Фото: egemen.kz
10 тамыз 2025 ж. 56 0