Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНА: «КІТАП FEST – 2025» ШЕРУІ

КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНА: «КІТАП FEST – 2025» ШЕРУІ

Жүрекке жарық, санаға сәуле сыйлаған «КітапTime – 2025» республикалық кітап фестивалі теңізді өлкедк ерекше салтанатпен өтті. Фестиваль білім мен өнердің, парасат пен ойдың тоғысқан шағы болды. Оқырмандар үшін шынайы мереке саналатын шара «кітап – өткеннің үні, бүгіннің қазынасы, болашақтың бағдары» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кітап – адамзат тарихындағы ең киелі дүние. «Әр кітап – бір әлем, әр кейіпкер – бір тағдыр» деген ұстанымды арқау еткен кеште қазақ әдебиетінің алтын қорына енген туындылар жаңаша кейіпте көрініс тапты.
Фестивальдің ең әсерлі бөлігі «Таңдаулы 100 кітап» жобасы аясында өткен шығармалар шеруі болды. Сахна төрінен ұлт әдебиетінің алып тұлғалары, ел мен жер тағдырын арқалаған кейіпкерлер, махаббат пен адалдықты жырлаған ғашықтар көрерменмен қауышты.
Алдымен 100 кітаптың алғашқысы болып тізімге енген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы желісімен Абай кейіпкері өзінің өшпес мұрасы болған «Қара сөздерінен» үзінді қойылып, көрерменді рухани биікке жетеледі. Кейінгі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы халықтың тарихын айшықтап, Қасым ханның бейнесі арқылы қазақ елінің тамырын танытты.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өңір тарихын тереңнен жазған «Қан мен тер» туындысы балықшы өімірінің жанқиярлық тағдырын паш етсе, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» ұлттық тәрбиенің мәйегін әже мен бала Бауыржан арқылы сахнаға алып шықты. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы нәзік, бірақ қайсар мінезді қазақ әйелінің бейнесін бүгінгі ұрпаққа айқын көрсетті.
Ал махаббат пен адалдықтың символына айналған Ербол мен Меңтайды көргенде, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы жастардың пәк сезіміне куә болдық. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі оқушылар үшін сенім мен аманаттың рухын асқақтатты.
Көрермен жүрегін тебіренткен тағы бір туынды Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасы болды. Ақбаланың тағдыры арқылы бейбіт өмірдің қадірі, ядролық сынақтың қасіреті айшықталды. Артынша Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» күлкі мен ойға жетелесе, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші» – көшпелі халықтың мұң-зарын, атамекенге сағынышты қайта тірілтті.
Фестиваль аясында өткен «Оқырмандармен ашық диалог» алаңы да көпшілік көңілінен шықты. Мұнда арнайы қонақтар – ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, қарымды қаламгерлер Жұмабай Жақып пен Толыбай Абылаев оқырмандарға ізгі тілегін арнап, сонымен бірге жақында тұсауы кесілген Жұмабай Жақыптың «Аңыз адам. Нағыз адам» деректі кітабын кітапхана қорына тарту етті.
Мұнан соң Мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов арнайы сөз алып, фестиваль аясында шараларға белсенді қатысып, кітап оқуды насихаттап жүрген жас өрендерді, оқырман қауымды Алғыс хатпен марапаттады.
Ал «Bookcrossing» бұрышы кітап сүйер қауымды жаңа бір әлемге жетеледі. Оқырман өз үйіндегі кітабын әкеліп, орнына жаңа кітап алып қайтты. Бұл дәстүр – рухани байлықпен бөлісу, оқырмандар арасындағы алтын көпір іспетті болып, руханият орталығында дәстүрге айналған шараның бірі.
Фестивальде өткен «Күзгі эллегия», «Жаңа кітаптар», «Оқуға тиіс 100 кітап» көрмелері оқырмандарды ерекше әсерге бөледі. Кітап әлемінің бай қазынасы мен жаңа туындыларға куә болған олар әдебиетке деген сүйіспеншілігін артқанын айтысып, риза болды.
Кеш туралы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісіГүлбану Күлмашова:
– «КітапTime – 2025» – «Соңғы көштей» әсерлі қойылыммен аяқталғанымен, нағыз рухани көш әр оқырманның жүрегінде жалғасын табары анық. Кітаппен достасқан әр жан өз тағдырымен бірге тұтас ұлттың болашағын жарқын етеді. Бүгінгі фестиваль соның айқын дәлелі болды. Мәнді кездесулер көбейіп, кітап әлемінде жолымыз тоғыса берсін! – деп жылы лебізін білдірді.
Г.САҚТАПОВА
27 қыркүйек 2025 ж. 126 0