Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Басылымға бар ғұмырын арнаған ана

Басылымға бар ғұмырын арнаған ана

Сонау бір жылдары аудандық «Толқын» газетінің редакциясына бас сұққан жан болса, Жанар Барбосынова апаны білмеуі мүмкін емес еді. Өйткені ол бүкіл саналы ғұмырындағы еңбек жолында табан аудармастан үзіліссіз осы аудандық басылымда қажырлы еңбек еткен. Сондықтан да биылғы жыл басылымның 95 жылдық мерейтойы деп айшықталғалы, осылай қарай қуана елеңдеп, қуана қарап жүрген ардагерлердің бірі.
Жанар апа мезгіл-мезгіл редакцияға әдейі соғып та кетеді. Сол келгенінде біз көпті көрген, көненің көзі Жанар апаға бір-жар сауалымызды қайымдап, газеттің өткен тарихынан мағлұмат алып қалуға тырысамыз. Ондаған жылдар бойы аудандағы барша сөз зергерлерінің, қаламгерлердің ұжымында қызмет еткендіктен де, апай салиқалы сөзге ағып тұр. Бұл күнде жасы ұлғайып қалса да, нықтап, мықтап қадай айтқан сөздері оның әлі де ширақтығын, жан сергектігін, парасатты, өткір болмысын көрсетеді.
Жақында бір келген жолы да газеттің байырғы қызметкері Жанар Барбосыноваға:
– «Толқын» газетіне қалай келдіңіз? Ол кездегі газетттің жайы қалай болды, журналистер, баспагерлер қалай еңбектенді? Жылдар тасасында қалған оқырманға басылымды жеткізудің қиын да қызықты сәттерін еске түсірсеңіз, – деген қызығушылық білдірген сауалымызға еш бұлданбастан ақтарыла әңгімелеуге көшті.
– Мен 1966 жылы қаламыздағы №13 Т.Шевченко атындағы мектептің 11 сыныбын жақсы оқып бітірдім. Алайда отбасы жағдайыма байланысты арман қуып жоғары оқу орнына баруға мүмкіншілігім болмады. Сол кездегі «Толқын» газетінің редакторы Мәлік Сәрсенов туыстас, жақын ағам еді. Кәмелеттік аттестат алып жатқанымды білген жеңгем Құралай мені қолайлап: «Мектебіңді бітірсең, өз жаныма алып дүкенші қыламын» деп айтып жүретін. Ол уақыттарда дүкенші болу да көптің қолына түсе бермейтін мамандық. Бірақ өр мінезді, өжет сөзді  Мәлік ағам: «Дүкеншілік дегенді қой, бұл қызды жақсы білемін. Өте алғыр. Қай жұмысты да үлгеріп алып кетеді. Менің қасымда болады» деді де, сол жылдың шілде айынан бастап баспаханаға әріп терушіге үйренуші етіп қабылдаттырды. Бұл мамандықты жете меңгеріп кетуге үш ай береді екен. Алайда мен жан-тәнімді сала беріле кірісіп, бір айдың ішінде үйреніп шыға келдім. Мені үйреткен тәлімгерлерім ерлі-зайыпты әріп терушілер Дәуір мен Күлпаш Қалқаевтар еді. Баспахана бастығы майдангер аға Еңсеп Ізбасқанов еді. Ол уақытта әріп терушілерге разъряд береді. Мен 3-разърядтықтан бастап әріп терушілікке жұмысқа қабылдандым.
Қазіргідей жетілген технология жоқ. Баспаханадағы жұмыстың дені жалаң қолмен атқарылады. Газет материалдарын бергенше сарыла күтіп отырамыз. Сосын біртіндеп қолмен тереміз. Кейде кездейсоқ оқиғалар да болып тұратын. Бір күні Жанқожа Тәшпенов деген газет басушы дайындалып қойған 4 бетті бекітейін деп жатқанда, бір бетін саудыратып шашып алды. Азапты жұмысты қайта істеуден қиын нәрсе жоқ шығар. Бүкіл баспахана қызметкерлері санын соқты да қалды. Ол кездегі тәртіп бойынша шығатын газет таңертеңге дейін басылып дайын тұруы керек. Жоғары, төменнен сұрауы зор. Өкінгенмен не пайда, түннің бір уағында білегімізді түрініп қайта жұмысқа кірістік. Бұдан да басқа қиындықтар жетіп-артылатын. Әсіресе, мал шаруашылығындағы төл алу науқаны кезінде кеңшарлардан алынған қозы туралы мәлімет келіп болмайды. Соны күтіп отырамыз. Қой отарларынан алынған мәлімет фермаға, фермадан кеңшарға, кеңшардан атқару комитетіне, содан барып редакцияға түседі. Осылайша бір бетке толайым жоспарланып қойылған апталық мәлімет беріліп болмайды, кешіктіреді де жатады. Әбден ішегіміз үзілердей уақыт болғанда ғана әлгі мәліметтер қол қойылып жеткізіліп, түннің бір уағында жұмысты қолға аламыз. Оның үстіне кейде редактор Мәлік Сәрсенов екі кештің аралығында баспаханаға келіп, дайын макетті бір қарап шығып, өзгертетін де сәттері болып тұрады. Таңертең жұрт жұмыстарына бара жатқанда, біз сілеміз құрып қайтып келе жататын кездеріміз болатын...
Одан кейін баспаханаға әріп теретін линотип машинасы келіп, жұмыс жеңілдеді ғой.
1969 жылы редакция корректоры Киікбай Мырзағұлов Алматыдағы жоғары партия мектебіне жолдамамен оқуға кетті. Басшылар сенім білдіріп мені сол корректорлық орынға ауыстырды. Содан «Толқын» газетінде табан аудармастан 40 жылдай корректор болдым. Ұжымдағы әріптестерім арасында беделім болған болуы керек, он жыл мекеменің парторгі қызметін де атқардым. Ара-арасында жауапты адамдар кезекті еңбек демалыстарына кеткен кезінде баспахананың директоры, газеттің жауапты хатшысы болып та жүрдім. Өз мамандығымды жақсы көргенім сондай – газеттің қандай жұмысы болса да белсене араластым. Уақытпен санаспай еңбек еттім.
«Толқын» газеті аптасына үш рет шығады. Түнде басылып шығып тұрған газеттің 20 данасын таңертең аудандық партия комитетіне, бөлімдерге жеткіземіз. Саяси органдағы адамдар бастан-аяқ қарап шығады.
Бір күні газетте қате кетіпті. Оны редакцияда болатын таңертеңгілік летучкада естідік. Бір мақаладағы «председатель» деген сөз «предатель» болып кетіпті. Қалай болады екен деп бәріміз де абдырап қалдық. Ұзамай аудандық партия комитетінің бюросына газет редакторы Сағынжан Ермағанбетовті, сол күнгі кезекші Өмірбек Төлеповті, сосын корректор мені шақырып, мәселемізді қарады. Өйткені үшеуіміз де коммуниспіз. Дегенмен қанша қобалжысақ та бюро мүшелері түсіністік танытып, көп қинамай: «Сөз орысша жазылған, біз қазақ тіліндегі газетпіз» деп ескерту жазасын ғана беріп қоя берді.
Айтақшы, бір жылы газет қызметкерлерінің тағы бірін Алматыдағы жоғары партия мектебіне баруға сұраныс келді. Редактор Мәлік Сәрсенов кабинетіне шақырып алып: «Сенің еңбек өтілің де, қызметің де сұранысқа сәйкес келіп тұр. Сен осы оқуға бар. Мына жақтан айлығыңды жіберіп тұрамыз. Бір түйір балаңды шешең бағар. Жолдасың Алматыда қасыңда болып жұмыс істесін» деді. Алайда түрлі себептермен маған бұл оқу да бұйырмады. Менің себеп айтып, оқуға бармағаныма Мәлік ағай реніш танытты. Орныма газет журналисі Атабай Қылышбаев кеткен еді. Кейін ол елімізге белгілі қаламгер әрі баспагер болды.
«Толқын» газетінде осында аты аталғандармен қатар Шәкірат Дәрмағанбетов, Омар Әбдуәлиев, Кеңес Өмірзақов, Оңдасын Бектұрғанов, Серік Сейітмағанбетов, Қуанышбай Мұқашев, Еркін Әбілов, Аманкелді Өткелбаев, Жаңабай Кемал, Жұматәлі Әбдіраманов, Жұмахмет Есенжолов, Нұрсәуле Кенжебаева, Толыбай Абылаев, Шымкентбай Жылмағанбетовпен қоян-қолтық қызмет еткеніме әрдайым шүкіршілік етемін.
Сағынжан Ермағанбетов, Өмірбек Төлепов үшеуіміз зейнеткерлікке бір жылда қатар шықтық. Сонда Сағынжан:
– Енді қала сыртындағы керемет жер Сарышығанаққа барып, төрт түлік мал бағамыз. Кәсіппен айналысамыз, – деп әзіл-шыны аралас айтып отыратын. Сәкең әулие екен. Мен қазір сол Сарышығанақта жеке кәсіппен айналысамын. Отбасымызбен бірігіп құрған шаруа қожалығымыз бар. Қолда төрт түлік малдың бәрі бар. Қазір жасым 76-ға келсе де, қарап отырған жоқпын.
Газеттің байырғы қызметкері, еңбек ардагері Жанар Барбосынова әңгімесін айта отырып қаншама журналистерді есіне алып, «Қайран, әріптестерім-ай!» деп қойып, өткен күндердің шежірелі парақтарын ашқандай болды. «Еліңде қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген осы емес пе. Еңбекпен көзін ашқан, тынымсыз тірлік шыңдаған, аузы батыл, ниеті ақ қарт ананың өмірге деген риясыз құлшынысы кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды.
Ерғали АБДУЛЛА,
 журналист
18 қазан 2025 ж. 165 0