Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет – қашанда халықтың үні

Газет – қашанда халықтың үні

Аудандық «Толқын» газетінің тыныс-тіршілігі оқырманның көз алдында. Тоқсан бес жылға жуық тарихы бар газеттің сонау тоқырау заманында да оқырмандарына уақытылы жетіп, газеттің жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Онда қызмет еткен қаламы қарымды журналистер мен баспахана қызметкерлері жұмыла жүк көтеріп, қоғамның түйткілді мәселелерін жұртшылыққа өз деңгейінде жеткізе білді. Аптаның бес күнінде қайнаған қазанның ыстық-суығына бірдей төзген баспахана қызметкерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегін былайғы жұрт біле бермейтіні анық. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз өзінің еңбек жолын баспаханада бастап, 40 жыл корректор болып қызмет еткен, бейнетінің зейнетіне бір мекемеден жеткен Жанар Барбосынова туралы болмақ.
Жанар апа 1966 жылы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті бітірген соң, сол жылдың шілде айында аудандық баспаханаға әріп теруші болып жұмысқа орналасады. Ол кезде баспахана жертөле тәрізді үйге орналасқан еді. Директоры Еңсеп Ізбасханов болатын. Жас қызға Дәуіт Қалқаев ұстаздық етіп, үш ай мерзімде сынақтан сүрінбей өтеді. Сөйтіп, ерлі-зайыпты Дәуіт, Күлпаш Қалқаевтар, шебер Әнәпия Ізбасханов және Збайда, Жамал, ерлі-зайыпты Бақытжан, Жаңыл Жолдасбаевтармен бірге үш жыл баспаханада еңбек етіп, үшінші разрядты әріп теруші атанады.
– 1969 жылы «Толқында» корректор болып жұмыс істейтін Киікбай деген жігіт жоғары партия мектебіне оқуға кетіп, соның орнына корректор болып редакцияға жұмысқа ауыстым. Міне, сол корректорлық жұмыста 40 жыл бойы еңбек етіппін. Сонда жүріп партия қатарына өттім. 10жыл қатарынан партком болдым. Жұмысқа орналасқанда газеттің редакторы Мәлік Сәрсенов болатын. Кейінгі қырық жылға жуық уақытта бірнеше редактормен жұмыстас болдым. Атап айтқанда, М.Сәрсенов, С.Ермағанбетов, Е.Әбілов, Ж.Әбдіраман, Ж.Жақыппен қатар еңбек еттім. Ол кезде газет аптасына үш рет шығатын. Газетті қолмен әріп теріп, линотип арқылы шығаратынбыз. Технологияның мүмкіндігі аз болғандықтан, көбінесе уақытылы шықпайтын. Кейде таңға дейін басылатын кездер болатын. Баспаханада жүрген кезімізде түрлі оқиғалар болып тұратын. Кейде әріп терушілердің дайын бетті шашып алған кездері де болды. Бірақ артынан бәрін орнына қоятынбыз,– деп еске алды редакция ардагері Жанар Барбосынова.
Қазір бәрі компьютер, еңбек бұрынғыдан жеңілдеу. Өмірден өткен журналистер М.Сәрсенов,С.Ермағанбетов, Қ.Мұқашев, К.Өмірзақов, С.Сейітмағанбетов, Ж.Есенжолов, Е.Кенебаевтың бұл басылым үшін сіңірген еңбектері зор болды. Олардың ізін жалғаған Ж.Жақып, Ш.Жылмағанбетов, Ж.Кемал, Т.Абылаев, Қ.Дәуітованың да аудандық басылым тарихында қолтаңбасы айрықша. Аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жолын жалғастырып, бүгінде "Толқын" газетіне бас редактор А.Елешов басшылық етуде. Бүгінгі таңда газеттің А.Бисенов, О.Жолдасов, Н.Бақыран, А.Нұрланова сынды журналистері шығармашылық ізденіспен еңбек етуде.
Ардагердің еңбек кітапшасына қарап отырсақ, өмірінің бақандай қырық жылы аудандық газетте өтіпті. Не деген қажырлылық десеңізші?! Оның үстіне балаларын дүниеге әкеліп, жұмыс пен үй арасын жол қылу деген айтуға ғана оңай…
– Мен бүгінде Сарышығанақта мал бағып, еңбек етіп отырмын. Еңбек етсең, денсаулығың да жақсы болады. Қазір жетпістен ассам да, үйде бос отырған жоқпын. Қазірде ауданның айнасын үйге жаздырып алып оқимын. Поштаны асыға күтіп, газет бетіндегі әрбір мақаланы оқып, жастардың аяқ алысына риза боламын. Газет қашанда халықтың үні екеніне көзіміз жетті. Орайы келгенде, аудан айнасы «Толқын» газеті ұжымын төл мерекесімен құттықтаймын. Газет оқырмандары көбейіп, таралымы арта берсін. Еліміз аман болсын, шырағым, – деп аналық тілегін жеткізді.
Қарапайым еңбек адамы, бейнетінің зейнетіне адал еңбегімен жеткен Жанар апа Әзілхан аға екеуі балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Жанар апай — немерелерінің сүйікті әжесі, бақытты ана. Өрісін кеңге жайып, балаларының тілеуін тілеп отырған жанның көңілі сергек. Себебі ана үшін бала бақыты бәрінен де қымбат.
К.МАХСҰТ
28 маусым 2023 ж. 283 0