Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АҚИРЕКТЕ АРЫСТАНБАП...

АҚИРЕКТЕ АРЫСТАНБАП...

Халқымыздың қасиет тұтатын әулиелі жерлер қазақтың кең-байтақ жерінің әр пұшпағында бар. Ғасырлар бойы айнала жұрт жанға дауа, тәнге шипа іздеп сондай киелі өңірлерге барады. Басына барып түнеп, садақа атап, құран оқып, жан мен тәнін тазартып қайтады, өмір-тірлікке деген жаңа бір құлшынысын арттырып қайтады. Бастарына қандай бір күн туғанда Аллаға сиынып, әулиелерден медет, жәрдем тілейді.
Арал өңірінің киелі жерлерінің бірі – Ақиректегі Арыстанбап жайы. Ықылымнан құлағымызға сіңісті болған «Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет, Ақиректе Арыстанбап, Аталарым жәрдем ет!» деп келетін бата-тілектерде аты аңызға айналған Ақирек жотасындағы аты бекерден-бекер аталмаса керек.
Ақиректегі Арыстанбап – біздің айдынды Арал өңірінің мақтаныш тұтар маңы. Олай дейтініміз аңыз бойынша жеті жерде жайы бар делінетін баптардың басының осында болуы ерекше сезім тудырады. Жалпы аталған жеті жайының екеуі Қазақстанда орналасқан. Біреуі Түркістан облысындағы көне Отырар жерінде, Шәуілдір қыстағы жанында орналасқанын жақсы білеміз. Ал елеусіздеу қалып келе жатқаны біздің жеріміздегі Арыстанбап мазары. Есімі бүкіл түркі дүниесіне, мұсылман әлеміне тараған Арыстанбап дүниеден өткенде көп жұрт оны өз жеріне жерлегісі келіп, таласты сәт туғанда жеті түйеге табанда пайда болған жеті табыттың біреуіне мәйітті салып, ел-жұртқа қайсысында екенін айтпай, қайда тоқтаса, сол жер мәңгілік мекені болсын деп келісіліпті деген сөз бар. Жеті түйенің бірі Арал өңіріндегі Ақирек жотасына келіп шөккен дейді.
Арыстанбап – атақты Қожа Ахмет Яссауидың рухани ұстазы. Ол – ғаламдық діндердің бірі исламды түркі әлеміне танытушы, таратушы. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың аманатын тапсырушы. Жәбірейіл періште табақтан түсіп кеткен бір түйір құрманы алып Пайғамбарымызға «Мына құрманы өзіңізден 400 жылдан кейін дүниеге келетін, сіздің ісіңізді жалғастыратын үмметіңізге аманат етіп қалдырыңыз» дейді. Ол сахабаларын жиып, «Бұл аманат құрманы кім жеткізе алады?» деп сұрайды. Мен жеткізер едім деп сахабалардың ешқайсысы айта қоймайды, себебі ешқайсысы 400 жыл өмір сүреріне сенімді емес-тін. Ал мұның Алла Тағала әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстанбап: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім» деп мойнына алған. Алланың құдыретімен сол миссиясын орындап шыққан Содан да «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қағидатты сөз қалған.
Әлгінде табытты түйелер шөгіп жатқан жеті жайдың бәрін де қай-қай халықтар да әулие тұтады. Өйткені Атаның мәйіті қайсысында жатқаны беймәлім. Және жеті табыттың пайда болуы тегіннен-тегін емес, Алланың құдыретімен болған жағдай.
Жақында жұрт ағылып барып жататын киелі орын, қасиетті мекен – Ақиректегі Арыстанбап атаның мазар-жайына бір топ Арал азаматтары әдейілеп барып, басына тағзым етіп, құран бағыштап қайттық. Бүкіл түркі әлемінің әулиесінің басына барған сайын, ерекше сезімді кешіп, жан-дүниең жаңарғандай болып, ерекше көңіл күйді сезінесің. Иә, Қожа Ахмет Яссауидің ақылшысы, жол сілтеушісі Арыстанбап білімпаздығымен ерекшеленген. Отыз екі тілде сөйлеген дейді. Ғұлама дін иесінің жайының қасиеті мен киесін білген келушілерден бұл жер ешқашан арылған емес. Қаншама ем-дом іздеген жандардың дертіне шипа табылғанын тарих растайды.
Өткен жылы аудан көлемінде осы белгілі мазар басын абаттандыруды мақсат тұтқан Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңіріміздегі ақсақалдарды, зиялы қауымды шақырып, Ата басына тәу етіп: «Арыстанбап кесенесіне келушілерге барлық жағдайды тудыру, осы жерді заманауи талаптарға сәйкес көріктендіру, жаңаша салтанат құрғызу – парыз» деп үлкен ой тастаған.
Қадірменді ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері бірауыздан орынды ұсынысты қолдап, Арыстанбап баба басына кешенді шаруалар жасауға уәделескен.
Көптің жұмысын бастаушы болу үшін Арыстанбап атындағы қор құрылып, төрағасы болып қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Танымбетов белгіленген. Жұмыс ауанын бақылайтын комиссия да құрылып, оған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов сайланды.
Арыстанбап Атаға деген халықтың ықыласы ерекше болды. Ел ағалары, кәсіпкерлер мен жеке адамдардан осы күнге дейін 18 миллион теңге қорға түсіпті. Осы күзде оның 16 миллионы игерілген. Сондай-ақ Арыстанбап қорымының жанынан Ақбай-Бекбауыл жолы салынып жатыр. Ал қорымға дейін жол көтеру, электр желісін тарту, ауыз су апару жұмыстарын аралдық жаны жомарт кәсіпкерлері мойнына алып жасап жатыр екен. Алдағы уақытта ескі ғимараттардың орнына жаңадан мешіт салу, түнеухана, автотұрақ тұрғызу қолға алынбақ. Жақсы жобалар жасалып қойылған.
Жалпы Арыстанбап қорымын абаттандыру тәу етіп келушілермен қатар осында туризмнің дамуына да игі әсерін тигізбек. Иә, бұл жер – жұрт жиі баратын діни-мәдени орталық болуға өте қолайлы. Жүйелеп үлкен кешен салынып бітсе, бір жағынан әулие бабаға шынайы құрмет болса, екінші жағынан туризм арқылы аудан экономикасының дамуына серпін қосары анық.
Кеше барғанда Арыстанбап жайының басындағы атқарылып жатқан жұмыстар көңіл сүйсінтті. Кабірстанды айнала цементтеген биік іргетас құйылып, еңселі темір шарбақпен толықтай қоршалған. Ата қабірі басына, әулие бұлаққа барар жолдарға брусчатқа баспалдақтар төселген екен. Жота басынан аққан су аңғары үстінен шағын көпір салынбақ. Ал ата бейіті басына да еңселі нысан тұрғызылмақ. Болашақта осы қарқынмен қолға алына берсе, заманауи талаптарға сай жаңаша түрге енбек. Баспалдақпен түсіп барып, Ата бұлағының керемет суын жақсы тілек тілеп тұрып іштік. Келешекте бұл бұлақ маңы жаңаша түрге енбек.
Аты белгілі бұл қорымға әр заманда ел-жұрттың дүниеден өткен тұлғалы жайсаңдары, батырлары мен билері жерленген. Оған жағалай орналасқан тас қорымдар куә. Көбінің дерлік есім-сойы белгісіз. Солардың ішінде айта кетерлігі, атақты әулие батыр Жанқожа Нұрмұхмедұлының серігі Бекмырза хан Әлдиұлының да мәңгілік мекен-жайы бар екенін айтқан жөн.
Қазақта «Көп түкірсе – көл» деген сөз бар. Арыстанбап ата басындағы атқарылған қыруар жұмыстардың жобаларға сай өз мақсаттарына жетуі үшін, әрине, қаржы керек екені айдан анық. Сондықтан да айдынды Арал тұрғындары ғана емес, ауданнан тыс жерлердегі аралдық кәсіпкерлер, жеке адамдар да қаржылай көмек берсе, осынау игілікті іс оңғарылып, халық игілігіне жарап, бүгінгі күнгі замандастардың өтелген бір азаматтық парызы болар еді.
Арыстанбап әулие рухы халқымызды қолдай берсін!
Ерғали АБДУЛЛА
Демеушілік жасаймын деген жандар, жеке кәсіпкерлер мен ұжымдарға арналған
Қор реквизиті: KZ05601A201002165271
Толық ақпарат алу үшін 8 701 509 9064 (Әділхан Танымбетов) нөміріне хабарласуға болады
25 қазан 2025 ж. 62 0