Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АРАЛ ТҰЗДАЙ БАР ҚАЗАҚҚА ТАРАЛСЫН

АРАЛ ТҰЗДАЙ БАР ҚАЗАҚҚА ТАРАЛСЫН

Адам біткен теңізіңе тәуелді ек,Қайта тұршы аққу ұшқан әуен кеп.
Аралыма ардақталған газетті,
Ең әуелі шағарыпты Әуелбек.
Балықшылар үйіне әкеп баспаны.
Қарқынына қарқын қоса бастады.
Ақұдайлар арды ойлайтын халық деп,
Қаламының ұшыменен растады.
Таралымы ұлғайған жоқ тек бүгін.
(Тағдырыңа қойылмасын шекті күн.)
Елемесов еңбек етіп арттырды,
"Екпінді балықшының" екпінін.
Елдің мұңы қаламының ұшында,
Ердің ері сыналады бұ сында.
"Толқын" атын топшылапты газетке,
Мәлік ағам Сәрсеновтың тұсында.
Алға өрлеп ақиқаттың арбасы,
Тарихыңда тектіліктің таңбасы.
Аралыңның тартылғанмен айдыны,
Толқыныңның тулай берді арнасы.
Газетпен ақ ел таныды дарынын,
Талай талант көріп өсті жарығын.
Жарасханның жарқыратты есімін.
Шөмішбайдың айқындады сарынын.
Өлеңі - құт, тілі - қылыш, жолы - бай.
Тоқ бәйгеде топ бастайтын торыдай.
Тәмәм елге Толқынменен танылды.
Наркескендей намысты ұлың Толыбай.
Алып туған, балық тұнған - Аралсың.
Жырмен елді жарық қылған - Аралсың.
"Толқыныңның" жағаға ұрып толқыны
Арал тұздай бар қазаққа таралсын.

АДАМДЫҚТЫҢ БИІГІ
Тіршілігің тәңір берген сый ұлы,
Ұлы сыйды ұғынбауың қиыны.
Қара бастың қамын ойлау төмендік,
Ұрпақты ойлау адамдықтың биігі.
Бір ғұмырға талай еңбек сыйғандай.
Құр жүрмеді, ғылымға өзін қиғандай.
Шиеліде, Кердеріден нәр алып,
Кедергінің бәрін жеңді қиналмай.
Ұлтым деді, дау қуған жоқ өнбейтін.
Жұртым деді, қия-шыңға өрлейтін.
Бала кезден бетін алмай кітаптан
Кітаптардың бетіне енді өлмейтін.
Төмендетпей әдебиеттің тұғырын.
Еңбектері ашты көңіл құлыбын.
Нағыз бақыт, нағыз жеңіс емес пе?
Аударма мен ғылымға арнау ғұмырын.
Биіктерге шығарам деп мектепті.
Талай-талай тал шыбықты көктетті.
Әдебиетті оқымаймын тек қана,
Әдебиетті оқытамын деп кетті.
Құшақ жайып Аралымның айдыны
Әуелбектің үлгі болды жай күні.
Мақаласын мазмұнды етіп жазыпты,
Оқырман деп қаламгердің байлығы.
Дәрігердей емін тауып тілімнің.
Дәруменін сіңіргенсің ғылымның.
Әдебиетін әрлеймін деп қазақтың
Тарихынан орын алдың білімнің.
Тәңір берді Әуелбекке сый ұлы,
Арманыңа жеткен жансың түйіні.
Өзіңді ойлау - өшкендігің өмірден
Еліңді ойлау - адамдықтың биігі.

Бекжан ЕРЖІГІТ
11 қараша 2025 ж. 295 0