Өнер мен өмір үндескен рухани орта
Ауданымызда өнерді дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстарымен көпшілік ризашылығына ие болып отырған мекемелердің бірі – «До-Ре-Ми» өнер орталығы. Қазірде атаулы орталық тек шығармашылық үйірмелер шоғырланған орын ғана емес, әрбір жанға жылулық сыйлайтын, сенім мен шабыт ұялататын, рухани қуат беретін ортаға айналған.«До-Ре-Ми» өнер орталығының іргесі 2019 жылы шағын би студиясы ретінде қаланды. Уақыт өте келе тынымсыз еңбектің, кәсіби көзқарастың және халықтың сенімінің арқасында бұл бастама қанатын кеңге жайды. Соның нәтижесінде 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап орталық ресми түрде өнер орталығы мәртебесіне ие болды. Бұл – ізденіс пен табандылықтың, адал еңбектің айқын жемісі.
Қазіргі таңда орталықта би, вокал және домбыра үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Үйірмелердің негізгі мақсаты – балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру және сахналық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға да басымдық беріледі.
«До-Ре-Ми» өнер орталығының тағы бір ерекшелігі – қызмет ауқымының кеңдігі мен әлеуметтік жауапкершілігі. Бүгінде орталықтың Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінде филиалдары табысты жұмыс жасап келеді. Бұл шалғай елді мекендердегі балалар мен жастарға өнерге жақын болуға, өз қабілетін шыңдауға зор мүмкіндік сыйлап отыр.
Орталық жұмысын осы салада 20 жылдық тәжірибесі бар хореограф, облыстық «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Райля Болатбекқызы үйлестіреді. Оның жетекшілігімен орталықтың қызметі шығармашылықпен қатар әлеуметтік бағытта да дамып келеді.
– Орталықтың жұмысы тек жас өнерпаздармен шектелмейді. Мұнда ерекше білімді қажет ететін балаларға да, зейнет жасындағы әжелерге де ерекше көңіл бөлінеді. Соның айқын дәлелі – көпшіліктің жүрегінен орын алған “Асылдарым” әжелер фитнес тобы. Бұл топта бүгінде 70-тен астам әже аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері ақысыз фитнес сабақтарына қатысады. Сабақтар әжелердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, өмірге деген құлшынысын арттырып, ортақ қуаныш сыйлайды.
Тағы бір жүрекке жылу сыйлайтын дәстүр – әжелер әр зейнетақысын алған сәтте бір дастархан басында жиналып, әңгіме-дүкен құрып, көңіл сергітеді. Бұл – тек фитнес емес, нағыз рухани қолдау мен бірліктің көрінісі, – дейді орталықтың негізін қалаушы Райля Болатбекқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, жақында ғана «Асылдарым» тобының 20-дан астам әжесі Сарыағаш шипажайына барып, демалып қайтты. Бұл сапар олар үшін ұмытылмас әсер мен зор қуаныш сыйлады. Осындай игі бастамалар арқылы «До-Ре-Ми» өнер орталығы қоғамдағы аға буынға деген құрмет пен қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
«До-Ре-Ми» өнер орталығының негізгі мақсаты – аудан тұрғындарына өнер мен салауатты өмір салты арқылы оң ықпал ету, талантты балаларды қолдау және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру.
А.НҰРЛАНОВА









