Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Денсаулық сақтаудың ғасырлық жолы

Денсаулық сақтаудың ғасырлық жолы

Халықтық денсаулық сақтау – мемлекеттің басты бағдарларының бірі. Тұрғындардың салауатты өмір ортасы – ұлттың байлығы.Сондықтан да дана халқымыздың «бірінші байлық – денсаулық» деп айтуы шүбәсіз шындық екенін айқындайды. Дені сау адам ғана елдің, қоғамның әрі қарай  дамуына үлес қоса алады. Мемлекет әрқашан бұл саланы назардан тыс қалдырып көрген емес. Иә, мемлекеттің басты капиталына баланатын адам өмірінің қауіпсіздігі, саулығы бірінші кезекте тұратыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Денсаулық сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда» деген сөзі мәселенің аса маңыздылығын көрсетеді емеспе...
Еліміздегі сияқты Арал өңіріндегі халықтың денсаулығын сақтау жолындағы шаралардың жүйеге қойылуы, бірте-бірте дамуы,заманауи деңгейге көтерілуінің бір ғасырдан астам тарихы бар. Бұл жылдар қаншама қиындықтар еңсерілді, ауыр заманның сындарлы сәттерінен өтілді. Сөйтіп жолға қойылған ғылыми-техникалық жетістіктерге ие кезеңге жетті.
ХХ ғасырдың басына дейін Аралда халыққа медициналық қызмет көрсететін ауруханалар да, арнаулы білімі бар дәрігер мамандар да мүлдем болған жоқ. Ауыру деген науқастарды ел ішіндегі тәуіптер мен балгерлер емдеді. Ғасырларға созылған тәжірибеге негізделген олардың ем-домын жоққа шығаруға болмас, алайда әрдайым нәтижелі болып жатпайтыны анық. Олар науқастарды түрлі шөптермен, малдың майларымен, балықтан жасалған дәрмектерімен емдеді. Безгек,шешек, оба, қырылдауық, құрт ауры сияқты  дерттер ұдайы халықтың көп бөлігін ауыр жағдайларға апарып отырды. Ал хирургиялық жолмен жасалатын оталардың сыртқы жеңіл-желпілері болмаса, жоққа тән еді. Осындай халық емшілерінің бірі – аты аңызға айналған Нысан Аманжолов еді. Ол кісі тамыр басатын, түрлі сүйектегі сынықтарды салатын, ауруларды түрлі емдік шөптермен емдейтін. Оның ерекше қасиеті көріпкелдігі де болатын. Оған ауданның түпкір-түпкірінен емделуге ағылып келіп жататын. Атадан балаға қасиеті көшетін сынықшылар әр ауыл-аймақтарда болғанын айта кеткен жөн.
Арал өңірінде, әсіресе балықшы қауымның арасында тараған лепро(жаман ауру) ауруының емі қиын болды. Бұл-микроорганизмдер арқылы таралатын жұқпалу ауру. Ол тері мен нервтерді зақымдайды. Бірнеше  жылдардан соң сал болуға және көз бен аяқ-қолдың кемістігіне жетелейтін қайтымсыз мүгедектікке әкеп соқтырады. Кеселдің тәнді көріксіз етіп бүлдіретін әсері науқастар мен олардың туыстарына ауыр психологиялық, экономикалық және әлеуметтік проблемалар тудырады.
Халық «жаман ауру» атап кеткен дертті емдеуде қазақтың алғашқы дәрігері Мұхаметжан Қарабаевтың өлшеусіз еңбегі, кәсіби білгірлігі болды. Торғай облысының учаскелік дәрігері боп жүрген жылдары Арал өңіріне келіп, тұрғындар арасында тараған жұқпалы аурулармен күрескен. Медициналық көмек ұйымдастыруды дереу патша өкіметінің шенеуніктерінен сұрап отырған.
Қазақ даласын кесіп өтетін Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты 1904-1905 жылдары жол бойындағы бекеттерде шағын да болса алғашқы медициналық мекемелер ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Сол тұстары бүгінгі Арал қаласы мен Сексеуіл стансасында екі емдеу пунктері ашылған. Бұларда негізінен теміржолшыларды емделді.
Арал ауданы көлеміндегі елді мекендерде алғашқы фельдшерлік пункттер 1917 жылы Қазан ревалюциясы нәтижесінде орнаған Кеңес өкіметі кезінде ғана біртіндеп пайда бола бастады. Ондағы мамандар негізінен өзге ұлт өкілдерінен болды. 1920 жылдан бастап Сексеуіл қыстағында алғашқы дәрігерлік амбулатория жұмыс істеді. Ал 1923 жылы Арал қыстағында 15 төсектік аурухана, Аманөткел, Райым, Бөген елді мекендерінде фельдшерлік пунктер ашылды. 1929 жылы Арал қаласындағы  аудандық ауруханадағы төсек саны 30-ға жетті. Одан соңда қалған елді мекендерде, теңіз жағасындағы балықшылар ауылдарында тұңғыш медициналық бекеттер бой көтере бастады. 1930 жылы түрлі дәрігерлік орындардың саны 10-ға жетті. Қамбаш, Бөген, Ұзынқайыр, Көкарал, Қаратерең, Ұялы елді мекендерінде дәрігерлік ауруханалар ашылып, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтер ауқымын кеңейте берді. Дегенмен оларда дәрігерлер атымен болмады, бірен-саран фельдшерлер мен қысқа мерзімді  курстарды бітіріп келген азаматтар қызмет атқарып тұрды.
Балық шауашылығы күрт дамып, мал шаруашылығы жүйелі жұмыс істей бастаған Арал ауданында 1930-1940 жылдары Зібайда Болманова, Полина Григорьевна Ковыга, Әмина Садуақасова, Құралай Ипатурова, Зоя Сейрулмюликова тағы да басқа фельдшерлер денсаулық сақтау саласында тоқтаусыз қызмет атқарып, жергілікті жұртшылықтың алғысына бөленді.
1939жылы еліміздің барлық аудандарында жүзеге асып жатқан сияқты Арал ауданында да аудандық денсаулық сақтау бөлімі ұйымдастырылып, білікті фельдшер Полина  Григорьевна Ковыга алғашқы меңгерушісі болып тағайындалды. Ауданда маман дәрігерлердің жоқтығы күнделікті жұмыста байқалып тұрды. Полина Григорьевнаны кез келген ауруға шақыра беретін. Оның мамандығы бұл науқастың дертін анықтауға жарай ма, жарамай ма, онда тұрғындардың шаруасы болмады. Ол аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарғандықтан, бәрін де білу керек, медициналық қызмет көрсету керек сияқты қабылдады. Ал қарапайым болмысты Полинаның өзі де өзін жоғары ұстап, ешкімге тәуелді болғысы келмеді. Менің біліктілігім бұған жетпейді деп ешқашан айтқанда емес. Кейін ол кісі егде тартқан кезінде оған «Полина, сен қай саланың дәрігері едің?» деп сұрағанда «Халыққа менің мамандығым қажет болмайтын. Денсаулық бөлімінің бастығы болған соң, бәрін де білуге тиісті деп есептеді ғой. Маған менім артқан халықтың көңілінен шығу үшін бірде-бір рет бас тартпадым. Шақырса жедел жетіп бардым, науқас адамның қан қысымын температурасын өлшедім. Тиісті дәрілерін жазып бердім» деп еске алатын. Міне, жергілікті жерде дәрігер маманның жоқтығы осындай жағдайларды туғызды.
1940 жылдары ауданда алғашқы маман дәрігерлер Галина Александровна, Домбровская, Еренцен Ниамгорович Лиджиев, Галия Лиджиева, Александра Косева, Е.Васильев және ерлі-зайыпты Тарасовтар елеулі еңбек етті.
1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін және соғыс жылдарында аудандық аурухана қаланың Шаңқай деп аталатын жағында орналасқан бір қабатты қамыстан соғылған ескі үйде болатын. Аурухана іші дегенмен де өте таза болатын. Онда Юрий Алексеевич Ким деген ұлты кәріс жігіт білгір хирург болып қызмет атқарды.  Қаншама адам, халық «тырыспай»деп атап кеткен аппендецит ауруынан жазылып, қатарға қосылып кетті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданның медицина қызметкерлері айрықша қызмет етті. Соғыс жылдары аудандағы денсаулық саласындағы жайларды жергілікті өлкетанушы, Архив саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болатбек Қуатов «Аралдықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітабында жан-жақты баяндайды.
«Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ соғыс жағдайына ыңғайлап, қойылған міндеттерді адал орындауға міндеттеді. Сала бойынша атқарылған жұмыстарды архив құжаттары арқылы сөйлетсек, ауданда соғыс жылдары 2 дәрігерлік емхана,8 фельдшерлік пункт,2 фельдшерлік-акушерлік және акушерлік емхана жұмыс істеді. Қалада 75 орындық қалалық аурухана, 10 орындық перзентхана, қалалық амбулатория, лабаратория,эпидстанция, рентген және қалалық санэпидстанция күні-түні жұмыс атқарды.
1941 жылдың ІІІ тоқсанында қалалық амбулатория арқылы 21 693 науқас, балалардың дәрігерлік  кабинеті арқылы 2867 науқас қаралған. Жоспарға сәйкес, дизенфекцияға қарсы 7488 адамға егу жұмыстары жүргізілу керек болса, ол 8580 адамға, оспаға қарсы 1097-тің орнына 13775, іш сүзегіне қарсы – 3960, қызамыққа қарсы 694 оқушы өткізілген.
Соғыс басталғаннан кейін дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету қиындай түсіп, өте төмен деңгейде жүргізіле бастады. Дәрігерлерді, фельдшерлерді әскер қатарына алып, соғыс жүріп жатқан аудандарға жіберді. Ауданда хирург, акушер, көз дәрігері, венеролог дәрігерлер жетіспеді. Қамбаш учаскелік дәрігері Прозоровты облысқа алдырса, фельдшер Андреевті себепсіз Қазалыға ауыстырып жіберді. Ауруханада, перзентханада төсек- орын жабдықтарының тапшылығы сезіліп тұрды.
Ауылдық кеңестерде орналасқан кейбір  фельдшерлік пунктердегі жағдай қиындай түсті. Жақсықылыш, Ұялы ауылдық кеңестердегі медициналық пунктерге қаржы бөлінбеді. Медицина қызметкерлерін даярлау үшін ауданда медицина училищесі ашылып, онда медбикелер даярлана бастады. Ауданда жетіспейтін медицина қызметкерлерінің орнын толтыру мақсатында 11 қыз-келіншекті қысқа мерзімдегі медбикелер курсына оқуға жіберді. Медицина қызметкерлері кезкелген уақытта қан құю техникасын игеруге және санитарлық жұмыстарға жұмылдыру міндеттелді.
Соғыстың 4 жылында медицина қызметкерлері жауынгерлерді, тыл еңбек ерлерін емдеп, оларды әскер қатарына, тыл еңбегіне қайта қосып отырды.
Сондай-ақ Арал қаласында әскери-ветеринарлық академиясының әскери-емдеу госпиталі жұмыс жүргізіп, қалада жалпы 600 орындық емдеу орны жарақат алған жауынгерлерді емдеген. Жерлесіміз Палау Құттымұратова Ұлы Отан соғысы жылдарында ІІІ Украйна, ІІ Беларусь майдандары құрамында әскери госпитальда жұмыс істеп, ерліктің ерең үлгісін көрсетті. Ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен бірнеше медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін 1993 жылға дейін Арал аудандық тері-венерология диспансерінде медбике қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ Аралдың ақ халатты жандар Людмила Петровна Никитина, Анна Андреевна Растова, Мария Захаровна Поломарчук, Вера Артемовна Малая, Анна Прокофьевна Астаховалар майдан шебіндегі госпитальдарда жауынгерлерді жарақаттарынан айықтырып, «Әскердегі мінсіз қызметі үшін» медалін иеленген.
Аралдағы әскери госпитальға колхозшылар, басқа да қызметкерлер ет, май, сүт, астық,сабын, сияқты заттарды жеткізуді ұйымдастырып көмек беріп отырды.
Арал аудандық денсаулық сақтау бөліміне 1949-1952 жылдары ел-халық құрметіне бөленген Юрий Алексеевич Ким жетекшілік етті. Ол өте білімді, тиянақты, жігерлі басшы болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында туған жері Кореяға кетіп, айдынды өңірге қайтып оралмады.
Бас дәрігер қызметін 1953-1954 жылдары Афанасьева, 1956-1961 жылдары ұлты қалмақ Владимир Борисевич Мухараев басқарды. Бір қызығы, В.Мухараев 3-курста оқып жүрген студент кезінде 1953 жылы түсіріліп, көрермендерге шыққан «Дала қызы» кинофильмінде бас кейіпкер рөлінде ойнаған. Ол 1962 жылы Алматы медицина институтының аспирантурасын бітірген соң Арал қаласындағы ауданаралық Лепродиспансердің бас дәрігерлігі қызметіне тағайындалған. Ол 1957 жылы қалмақтар еліне кеткенде, Аралда біраз жыл қалып, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосты. Ал 1961-1962 жылдары аралығында аудандық денсаулық сақтау бөлімін У.М.Мырзабеков басқарды.
Арал қалалық поликлиникасын 1942-1957 жылдар аралығындафельдшер Арсен Лиджиев абыроймен басқарды. Оның жұбайы Галия Лиджиева, ерлі-зайыпты дәрігерлер В.Житницкий мен Ф.Митницкаялар, сол уақыттарда иықтаса жүріп қала тұрғындарына ем-домдарын ұсынды. Арсен Лиджиев өзінің емдеу шараларына ежелден келе жатқан халықтық емдерді толық пайдаланды. Сол үшін де бүкіл айдын еңбекшілері тарапынан үлкен құрметке бөленді. Қай жері ауырғанына қарамастан жұртшылық соның алдына баруға ұмтылатын. А.Лиджиев кейін Қалмақ автономиялық республикасына қайтып оралған соң, өз елінің денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған қайраткер азамат болды.
Қалалық аурухана теміржолдың жоғары жағына орналасқан, бұрынғы бір татар саудагерінің ағаштан салынған үйі еді.
1950-жылдардың басында Арал ауданына Қазақстандағы, көршілес республикалардағы медицина институттарын бітірген маман дәрігерлер жолдамамен келе бастады. Теңіз жағалауындағы Бөген ауылындағы 25 орындық ауруханаға 1953 жылы бас дәрігер болып Одесса медициналық институтын бітірген Сергей Головченко келді. Жасы 25-26 шамасындағы, армияда болған, ұзын бойлы, ақжарқын жігіт еді. Ол мамандығы бойынша ішкі ағзалардың маманы еді. Бірақ ауылдағы жалғыз дәрігер болғандықтан, кез келген науқас қарала беретін. Білімді дәрігерге көршілес Қаратерең, Қарашалаң, Кіші Қаратүп, Көне Бөген елді мекендерінің халқы машинамен, ат арбамен қаралуға келетін. Осы ауылда үш жарым жыл қызмет атқарып, аудандық денсаулық сақтау бөліміне бас дәрігерлікке шақырылды.
Сергей Головченко екі жылдан кейін Одессаға барып, аспирантураға түсті, бір жылда-ақ кандидаттың диссертациясын қорғады. Ғылым жолына кеткен ол Бөген халқына, больницаларға аса зор ризашылығын білдіріп, «Бөгендіктер мені барлық авурудың маманы етіп тәрбиеледі» деген екен.
Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы 1960 жылы медициналық пункт болып ашылса, 1982 жылы дәрігерлік амбулатория аталды, ал 1991 жылы ауылдық аурухана ретінде науқастар қабылдады. 1999 жылы жанұялық дәрігерлік емхана құрылымына өтсе, 2009 жылы дәрігерлік амбулатория болды. Ұзақ жылдар бойы денсаулық мекемесіне білікті терапевт Мамай Өтемісов басшылық етті. Амбулаторияда күндізгі бөлім фельдшері Н.Октябров, аяжан Н.Сердалиева, аймақтық аяжандар А.Сүйеуова, Ж.Нағашыбаева, Г.Жолақанова, әйелдер қарау бөлмесінің акушеркасы Г.Ерғазиева, лаборатория аяжаны З.Қанатбаева, химизатор А.Сүлейменова халыққа адал қызмет көрсетті. Амбулаторияға Ақшатау, Хан елді мекендеріндегі медициналық пункттер қарайды.
Арал өңірінің денсаулық сақтау қызметкерлерінің ерен ерлікке танитын қызметі 1945 жылдың қыркүйек айында Ақбасты елді мекенінде орын алған оба ауруына байланысты болды. Өйткені аты жаман жұқпалы ауру 139 адамның өмірін жалмады. Бірсыпыра отбасы түгелдей сол аурудың құрбаны болды. Бұл қайғылы жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Аудан, ауыл көлемінде карантин жарияланды. Аурудың басталуы мен аяқталуы бір жарым айға созылды. Аудан дрәігерлері Бағдагүл Шолақова, Айнаш Мұхамеджанова және басқалар қатерлі дертке қарсы белсене күрес ашты. Мәскеуден, Алматыдан ірі-ірі ғалым-дәрігерлер келді. Сондай-ақ Сталин атындағы колхоздың төрағасы Шәріп Ранов, Ауан балық зауытының директоры Жазықбай Байбазаров үлкен ұйымшылдық көрсетті. Шәріп ағаның сол кездегі ерекше жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, КСРО денсаулық министрлігінің «Озат денсаулық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 1945 жылы ауданды оба ауруына қарсы күрес дистанциясы құрылды.
1960-жылдары жергілікті аудан жастары біртіндеп Кеңес одағындағы медициналық жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, туған жерге орала бастады. Сол жылдары Арал аудандық денсаулық сақтау мекемелеріне Елизавета Қырбаева, Әбдірахман Досбергенов, Нағима Маханова, Бұғыбай Алмағанбетов, Зұлқарнай Тойбазаров, Жақсыбай Майданов, Дөңес Серғазиев, Марат Аманов, Жеңіс Құмаров, Қаналы Балымбетов, Күнжан Ахметов, Ботабай Әлішев, Сахи Жұмағұлов, Болат Әлсейітов, Ұзақбай Әлсейітов, Абат Тәжіғұлов, тағы басқалар келіп, ауылдық, қалалық, аудандық ауруханаларда, емханаларда еңбек жолдарын бастады, халықпен етене араласып қызмет көрсетті.
Жақсықылышта ең алғаш 1962 жылы 10 төсектік аурухана ашылды. Бас дәрігер болып Зоя Ивановна Голованова қызмет істеді. Арухана 1964 жылы 20 төсектік болып кеңейтілді. Бас дәрігер болып Мүлкипа Досалиева тағайындалды. 1967 жылы 25 төсектік болып үлкейтілді. Әр жылдары Қонысбек Нәбиев, Аманболат Исаев бас дәрігер болып абыройлы қызмет атқарды.
Бұл дәрігерлер өз мамандықтары бойынша халықтың денсаулығына жіті қарап, өз есімдерін денсаулық сақтау саласының шежіресіне жазды. 1960 жылы Аралда қалалық емхана ашылды.
Арал аудандық денсаулық бөлімін 1963-1965 жылдары Елизавета Артығалиқызы Қырбаева басқарды. Ол 1952 жылы қаладағы №14 орыс орта мектебін бітірген соң, Ресейдегі Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) медицина институтына түседі. Оқу орнын 1958 жылы жақсы оқып бітіреді. Келген соң учаскелік терапевт болып бастап, аудандық аурухананы, қалалық емхананы басқарса, бес жылдан соң ауданның бас дәрігері болып тағайындалады. Екі рет жергілікті кеңестердің депутаты болып сайланады. 1964 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатталады.
Елизавета Артығалиқызы кейін 1966 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық министрлігінің бас басқармасын және Қазақстан Ғылым академиясының терапия бөлімін басқарған. Ол Аралдағы еңбек еткен жылдарын: «Мен аурухананың бас дәрігері, 1963 жылы аудандық денсаулық саутау бөлімін басқарғанымда ауданда 30-ақ дәрігер болатын-ды. Учаскелік аурухана Бөген мен Қамбашта ғана болатын. Орта білімді кадрлар жетіспейтін. Облыс және аудан басшыларының тікелей қолдауымен 5 селолық аурухана аштық: Ұялыда, Ауанда, «Арал» кеңшарында, Жақсықылышта, «Қарақұм» кеңшарында. 1964 жылы Арал қаласында Қызылорда медицина училищесінің филиалын аштық. Сол арқылы орта буынды қызметкерлерді дайындап, селолық жерлерге жібердік. Алматы, Ақтөбе дәрігерлік институтынан Қапа Құдайбергенов, Жақсыбай Майданов, Б.Күлмаханов, Г.Ким сияқты дәрігерлерді алғыздық, олар көп еңбек сіңірді» деп еске алады.
1965-1982 жылдар аралығында Зәуір Махатов үздіксіз он жеті жыл бойы Арал аудандық денсаулық бөлімін басқарды. Ол 1961 жылы Алматы медицина институтын бітіріп келген соң, 1965 жылға дейін аудандық ауруханада дәрігер-хирург болып қызмет етті. Оның жұмыс істеген кездерінде денсаулық сақтауда оң өзгерістер болып, Арал қаласында перзентхана, стамотология, емхана, Қызылжар мен Жіңішкеқұм ауылдарында ауруханалар ашылды. Жұмысты ұйымдастыру қабілетін және ерен еңбегі ескеріліп З.Махатов 1968 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталса, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты.
1970-жылдары ауданның ауруханалары мен емханаларында Аралдың жаңа толқын дәрігерлері еңбекке араласты. Олардың қатарында Қожамұрат Әлиев, Бекен Қарабалаев, Төлеген Шалов, ерлі-зайыпты Самат пен Айткүл Ілиясовтар, Мақашбай Алмағанбетов, Мамай Бұйраев, Досхана Ранов, Алдақияр Маханбетжанов, Махмуд Бекетов, Набат Ташканова, Күлдәрі Әбабүкірқызы, Қани Қалжан, Фариза Мыңғышпанова, Асылхан Нұрхожаев, Ботакөз Қорғанбайқызы, тағы басқалар болды.
Ауданның денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасы нығая түсті. Елді мекендердегі 40-тан астам медициналық ұйымдарға көмектесіп отырды. 1987 жылы ауданда жалпы 570 төсектік орны бар ауруханалар болды. 1989 жылы қалада оған қосымша 175 орындық аурухана есік ашты. 2 емдеу лабораториясы мен 32 фельдшерлік пункттерде 145 дәрігер қызмет көрсетті. Бұл 80 мың халыққа шаққанда бұл еліміздегі жоғары көрсеткіш болды.

Мұнан кейін Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімін 1982-1987 жылдары Қаналы Балымбетов, 1987-1996 жылдары Тиыштық Жаппаров, 1996-1998 жылдары Ғабиболат Нұрғалиев, 1998-1999 жылдары Толыбай Медетов, 2001-2002 жылдары Қуаныш Отарбаев, 2002-2004 жылдары Мамай Бұйраев, 2000-2015 жылдары Арғынбай Асанбаев, 2015-2023 жылдары Марат Ршымбетов, ал 2024 жылдан Бауыржан Қуанышбаев аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді.
1999 жылғы Қазақстандағы жалпы медициналық реформалардан кейін аудандық ауруханада көптеген өзгерістер болып, орталық аурухана, емхана, перзентхана, тағы басқа субъекттер өз алдына бөлек мекемелер болып отау тікті. Содан 50 төсектік хирургия, 40 төсектік терапия, 25 төсектік лор бөлімшелері мен жедел жәрдем стансасы болып бөлінді, кейбірі уақыт өте жабылып қалған. Бұл бөлімшелерде белгілі дәрігерлер Толыбай Медетов, Әмірхан Жүсіпов, Баймырза Өтешов, Құралай Омарова, Ұлзада Есенжолова, Темірхан Бердімағанбетов, Жолдасбай Жақсылықов, Мұратбай Қожабаевтар ұзақ жылдар тер төкті.
2000 жылдың маусым айында орталық аурухана жанынан диагностика бөлімшесі құрылып, оған диагностикалық аппараттар мен кабинеттер шоғырландырылды. Оның құрамында УЗИ, эндоскопия, рентген, физиокабинет, лабораториялар біріктіріліп, жаңадан лахерь, Су-Джок Шығыс медицинасы, Теле-Ин-Виво интернет жүйесі арқылы қызмет көрсетіп келеді. Жоғары санатты дәрігер Досхана Ранов Иллизаров аппаратын ауданда бірінші болып қолданып, аяғы қысқа мүгедектің аяғын 11 см созып, үлкен жетістікке жетті. Дәрігер Әмірхан Жүсіпов хирургия саласында екі өнертапқыштығына патент алды.
Нарықтың алғашқы кезеңінде жабылып қалған Қызылжар ауылдық округі ауруханасы 15 төсектік болып қайта ашылды.
Қарақұмда 1950-жылдары ауыл фельдшері болып істеген Қарабала Жұмағұлов халық құрметіне бөленді. Медицина жетілмей тұрған шақтың өзінде білікті дәрігер қолынан келген жәрдемін аямады, аурудың алдын алуға, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге бар күшін жұмсады. 1962 жылы 25 орындық аурухана ашылды. Аурухананың алғашқы бас дәрігері Жақсыбай Майданов болды. Одан кейінгі жылдары Нұрқасым Сейітбаев, Қаналы Балымбетов, Жеткерген Ықыласов, Маржан Рыстығұловалар абыройлы қызмет етті.
Маржан Рыстығұлова учаскелік аурухананы жоғары деңгейге көтерді. Облыс, республика көлемінде «Үлгілі аурухана» атандырды. Өзі де «Республика денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Ал Нағима Рыстығұлова 1962 жылдан 50 жылдай аға медбике болып еңбек етті. Аурухана жанынан сордың қара батпағы мен «Қаршыға» суының шипалы суынан емдік профилакторий ашып, халық игілігіне ұсынды. Ішінде батпақпен емдеу, емдік су ваннасын қабылдау, физиотерапия, тағы басқа ем түрлерін көрсету жолға қойылды. Салқын тиген, буыны ауырған сырқаттарға мол шипасы болды. Емдік балшықты Аралдағы орталық ауруханаға тасымалдап пайдаланған кездері де болды. Арухана ұжымында әр жылдары медбикелер Роза, Ұржан, Миуагүл, Асылкүл, Рашида, акушерка Айымкүл, балалар дәрігері Аманжол, фельдшер Нұралы, бас дәрігер Ізен нағыз ел жанашырлары болды.
Қаратереңде әр жылдары аурухананың бас дәрігері болып Н.Кастром, Ж.Құмаров, К.Шерниязов, М.Неталин, Ө.Ізмаханов, Қ.Ізмағанбетов, А.Исаев, О.Кәрібаев, М.Әбдікәрімовтер тұрғындардың денсаулығын қорғауда елеулі қызмет жасады.
Ауданда 2000-жылдардың басында 170-ке жуық жоғары білімді дәрігерлер мен 550-ге тарта орта буынды медицина қызметкерлері еңбек етті. Олар Үкіметтің Арал, Қазалы ауданы халқына тегін медициналық қызмет көрсету бағдарламасы бойынша халықтың денсаулығын сақтауда елеулі жұмыстар атқарды.
2008 жылы Аудандық кеңес беру диагностикалық мекемесінің жоспарлы қуаты күніне 400 адам болды. Дәрігерлік қызметтің 24 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетті. Емдеу мекемесінде 36 дәрігер, 70 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасады. Зертханалық-диагностикалық бөлімінде рентгенфлюро, ЭКГ, маммография, эндоскопия, УДЗ кабинеттері, биохимия, ИФА зертханалары, АҚТҚ-ға жасырын түрде тексеру кабинеті болды.
Арал қалалық «Абай» бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы 1999 жылы жанұялық дәрігерлік емхана болса, 2008 жылы қайта бастапқы атауына оралды. Орталықта терапевт, педиатр, акушер-гинеколог мамандар қызмет көрсетті.
Аудандық перзентхана 1973 жылы станционар ретінде 70 төсекке есептелген еді. Мұнда КСРО дансаулық саласының үздіктері Қ.Құдайбергенов, Б.Әлсейтов, В.Пак, А.Ілиясова, еліміздің денсаулық сақтау саласының үздіктері Н.Ташканова, А.Маханбетжанов, Ф.Мыңғышпанова, К.Көлбаевалар сапалы акушер-гинекологиялық көмек беріп отырды.
Туберкулезге қарсы күресу диспансері алғаш рет 1948 жылы тубкабинет болып ашылған. Бастапқыда аудандық аурухана құрамында 12 төсектік болған шағын бөлімше 1970 жылы 100 төсектік дербес диспансерге айналды. Ал ұжымда 2008 жылы 14 дәрігер мен 48 орта буынды мамандар өкпе дертін шектеуде нәтижелі қызмет көрсетті. Бүгінде өкпе дертінің азаюына байланысты жабылды.
2008 жылы аудандық жүйке аурулары диспансерінде 60 төсектік станционар және қабылдау бөлімшесі, физиотерапиялық бөлме, интенсивтік палата, монша, дезинфекциялық және стерилизациялық камерасы, басқа да тиісті емдеу орындары болды.
2007 жылы «Жақсықылыш» жанұялық емханасының бас дәрігері болып Е.Маханов бекітілді. 2008 жылы 25 орындық ауылдық ауруханасы іске қосылды.
Әр жылдары мұнда А.Сақтағанова, И.Қабақова, Г.Бижанова, Б.Жолдаспаева, А.Исаев, Т.Бертілеуовалар халықты емдеу жолында үлгілі қызмет қылды.
Аралқұм фельдшерлік медпункті 1954 жылы теміржол медпункті болып ашылған. Алғашқы маманы Т.С.Дабрынина болды. Одан кейінгі жылдары К.Кошерина, Б.Қыстановтар фельдшер болды. Теміржолға қарасты пункт жабылған. Ал 1975 жылы ашылған фельдшерлік медпункттің меңгерушісі Т.Сейданова, ал 2004 жылы Аралқұмда дәрігерлік емхана болғанда, аға дәрігер Д.Нұржанова басшылық жасады.
Теміржол бойындағы Қамыстыбас стансасында 1920 жылдары медпункт ашылған. 2000 жылдардан бері Қамыстыбас ауылдық ауруханасына қарасты 1 аурухана, 2 дәрігерлік емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 фельдшерлік пункт, 4 үйсіз фельдшерлік пункт, ауылдық округ көлеміндегі халыққа дәрігерлік қызметін атқарып келеді. Қамыстыбас ауылдық ауруханасын ұзақ жылдар Жеткерген Өтегенов басқарды.
Ұзақ жылдар бойы өңір халқының денсаулығын нығайтудағы ерен қызметтері үшін белгілі дәрігерлер Гүлжан Дошниязова, Әмірхан Жүсіпов, Арғынбай Асанбаев, Жолдасбай Жақсылықов, Жеткерген Өтегеновтер «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.Арал өңірінде денсаулық саласында дәрігерлік қызметтен қол үзбей жүріп, ғылымға ден қойған, өмірлік тәжірбиелерін теориямен, ізденістермен ұштастырып, диссертация қорғаған мамандар да бар. Олар – Жақсыбай Майданов, Толыбай Медетов, Жаңаберген Жұмахметов, Светлана Исаева.
Жақсыбай Майданов 1938-1963 жылдары Ақтөбе мемелекеттік медицина институтын тәмамдаған. Қарақұм ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып еңбек жолын бастаған. 1964 жылдан аудандық ауруханада хирург-дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болды. Мәскеудегі клиникалық аурухананың Хирургия орталығында білімін тереңдетті. 1972 жылы Мәскеу медицина институтының Урология кафедрасында аспирантура бітірді. 1975 жылы медицина ғылымдарының кандидаты, атанды. 12 жыл Ақтөбе мединститутында мұғалім болып істеп, туған жеріне оралып, 1987 жылдан Арал аудандық ауруханасында уролог-дәрігер қызметін атқарды.
Светлана Исаева Қарағанды мемлекеттік медицина институтын 1987 жылы бітіріп, Арал аудандық ауруханасында 1995 жылға дейін дәрігер болды. Кейін «Арал теңізі тартылуының Арал маңы оба ошақтарына әсері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап алды. 40-тан астам ғылыми мақалалардың авторы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Толыбай Медетов (1958-1922) 1981 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын қызыл дипломмен бітірген. Қызылорда облыстық және Арал аудандық орталық ауруханаларды хирург-дәрігер болып жұмыс жасаған. 1984-1986 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық ғылыми хирургия орталығының клиникалық ординатурасында оқыған. 1990 жылы «Өт, бауыр жолдарының патологияларын оташылдық тәсілдермен емдеу» тақырыбында диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын иеленген. 1993 жылы жоғары санатты хирург дәрігер атанды. ҚР Денсаулық саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Арал ауданының денсаулық сақтау саласында алғаусыз қызмет етіп, ел-халықтың құрметіне бөленіп, жоғары атақ «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған дәрігерлер – Бекетов Махмұд, Дошниязова Гүлжан, Ерсейтов Жаңаберген, Есеналиева Ақсалы, Жүрментаев Шакидулла, Қожабергенова Шолпан, Нұрқожаев Асылхан, Орашева Ш, Серғазиев Дөңес, Бұйраев Мамай, Өтегенов Жеткерген, Генадий Ким, Алмағанбетов Мақашбай, Нұрғалиев Ғабиболат, Кемалов Балтабек, Ахметов Күнжан, Құмаров Жеңіс, Ілиясов Самат, Ілиясова Айткүл, Маханбетжанов Алдақияр, Жақсылық Жолдасбай, Медетов Шарапат, тағы басқалар Арал аудандық денсаулық сақтау саласының білікті дәрігерлері ретінде өңір халқының саламатты өміріне көздің қарашығындай қарап, өңірдегі медицинаның дамуында өзіндік құрметке ие жолдарын қалдырды.
Ерғали АБДУЛЛА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
07 ақпан 2026 ж. 103 0