Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі рухани шара өткізілді

Өнегелі рухани шара өткізілді

Арал өңірінде өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табуда. Соның бірі — «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Сарбұлақ» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Әке – шаңырақтың тірегі» атты рухани кездесу болды.
Жиынның негізгі мақсаты — жас ұрпаққа халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан төл кәсіптерін таныстыру, еңбектің қадірін түсіндіру, ата-баба дәстүрінің тәрбиелік құндылығын дәріптеу болды.

Кездесуге ел ішінде еңбегімен танылған азаматтар — Әмірхан Серікбаев, Нұржан Балов және Бақбосын Мұратбаев арнайы қатысып, оқушылармен еркін форматта пікір алмасты. Қонақтар атадан балаға жалғасқан кәсіптің адам өміріндегі орны туралы әңгімелеп, өздерінің еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар маңдай термен келген табыстың ғана баянды болатынын, адал кәсіп адамның мерейін өсіріп, қоғамға пайда әкелетінін ерекше атап өтті.
Оқушылар қонақтардың әсерлі әңгімелерін зор қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әсіресе, қазіргі заман мен дәстүрлі кәсіптің байланысы, еңбекке деген көзқарас және отбасылық тәрбиенің рөлі жөніндегі пікірлер жасөспірімдердің таным көкжиегін кеңейте түсті. Мұндай кездесулер жас буынның бойында еңбекқорлық, жауапкершілік, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететіні байқалды.

Жиын соңында ел ағасы Әмірхан ақсақал жас ұрпаққа ақ батасын беріп, елге қызмет ететін білімді де тәрбиелі азамат болуға шақырды. Ақсақалдың батасы кездесудің тәрбиелік мәнін арттырып, шараның әсерін еселей түсті.
#АМАНАТ
09 ақпан 2026 ж. 170 0