Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарақалпақта кіндігі кесілген қазақ

Қарақалпақта кіндігі кесілген қазақ

...Әлқисса. Тақырып он толғанып, он ойланып таңдалды. Кейіпкеріміз жай адам емес. Ол кісі екеуміз бір мөлтек ауданда, тіпті бір көшенің бойында тұрамыз. Содан да болар, мен үшін Ән аға туралы жазу оң жамбасқа келетін шаруа. Нақтысы, бұл ағаның кісі келбетіне де, адами болмысына да қанықпын. Әсілінде, қай тақырыпты қаузасам да алдымен кейіпкерім жайында тыңғылықты мағлұмат жинап, бүгінгі жай-күйін көзбен көруге тырысатын әдетім бар-тұғын. Бұл – қалыптасқан қағида. Сонда ғана жазған мақала шынайы шығады. Әбеттегідей қанда бар үрдіспен Әнекеңнің шаңырағына қарай аяңдадым. Ағамыздың тазалықты жаны сүйетіні ә дегеннен-ақ аңғарылып тұр. Аула ішінен қиқым таппайсың. Әр нәрсе өз орнында. Үйдің ішіндемін. Қанша дегенмен қалам ұстаған адам емес пе? Аудандағы үркердей ғана шығармашылық қауымның белді бір өкілі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Әнес Әуезов қолы қалт етсе жазуға үңілетін жанның бірі...
      Енді Қарақалпақта кіндігі кесілген қазақ жайындағы негізгі әңгімемізге көшелік. Үстіміздегі жылы сексеннің сеңгіріне шығатын жайсаң жан теңіздей терең, таудай биік. Ол 1946 жылы Қарақалпақ АССР-ның Мойнақ ауданы, Үшсай портында дүниеге келген. Ел соғыстан әбден титықтаған кез. Жарық дүние сыйлаған қос шынарының үкілі үміті «болар бала бесіктен» дегендей, зеректігімен ерекшеленді. Оқу алысқа апаратынын мектеп партасында отырып сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың әр дәрісінен ұққан жеткіншек білім ұясындағы шәкірттердің алдыңғы сапынан көрінді. Артынша, 1964 жылы Жамбыл атындағы Қазақ-орыс орта мектебін бітіргеннен кейін 2 жыл кеме матросы, клуб директоры болып еңбек етіп әке мен шешенің қолын ұзартты. Алайда, шоқтан шығып, төске түскен темірдей шыңдалған жалынды жас сарылып, бір жерде жүре берудің арты сан соқтыратынын білді. Сөйтіп, арманға қанат байлап, үлкен мақсатпен жолға шықты...
      Бағыт – көршілес Өзбекстан елі. Ақ ұлпа мақтасымен танылған мемлекеттің бас қаласы Ташкенттегі іргелі оқу орынға түскен Әнес Әуезов институтты ойдағыдай тәмамдады. Әкесі Жалғастың мақтанышы қолға диплом алған соң тіптен толысып, көп нәрсені жүрек кестесіне тоқыды. Адамгершілікті ата-анасының тәрбиесінен бойға сіңірген жігіт ешкімнің ала жібін аттамау қажеттігін, ғайбат сөйлеп кісінің көңіліне қаяу түсірмеуді өмірдің заңы деп білді, тура жолмен жүрді. Жас күнінде тағдырдың маңдайға жазған жұбын Қазалыдан жолықтырды. Ауылы аралас, қойы қоралас көрші ауданның Күләш есімді аруымен жүрек жарастырды. «Ақылы көпті дау алмайды, досы көпті жау алмайды» дегендей, бәзбіреулердей қу тірліктің ізін қумай айналасына достарды тоғыстырды. Жан-жарымен бірге берекелі отбасының тірегі болып, татулықтарымен өзгелерге үлгі бола білді. Би түсетін үйге айналып, елмен бірге есейіп, көппен бірге көркейді. Баланы базары мен ажарына балаған отағасы, өсем деген ұлды, кетем деген қызды бағып, ұрпақ қызығына кенелді.
      Тоқсаныншы жылдардың іші. Елең-алаң шақ. «Тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен» кезде жұртшылықтың абдырап қалғаны тарихтан мәлім. Көргені де, түйгені де мол Әнекең тасада қалмады. Арал ауданына қоныс аударып, айдынды өлкеде нәпаха табуға бел буған жігіт мамандығы бойынша қызметке дендеп енді. Нақтырақ тоқталсақ, Ташкентте кәсіби білімге төселген маман №57, №177, №13 орта мектептерінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары, мектеп директорының тәрбие жұмыстарының орынбасары болып білім саласында қолтаңба қалдырды. «Алмас қылыш қын түбінде жатқан ба?». Әнес Әуезов іскерлігімен дараланып көзге бірден түсті. Аудандық білім бөлімі басшылығының қолқалауымен аталмыш бөлімде әдіскер, мектеп инспекторы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі ретінде сан істің тұтқасын ұстап, сатылап өсті. Мұнан әрі халық депутаттары, аудандық кеңес төрағасының орынбасары болып та лауазымды қызметтің дәмін татты. Қайда барса да, қайда жүрсе де сенімге селкеу түсірмеген Әнестей Жалғастың ұлы мінезімен жұртшылыққа жақты. Аудан әкімшілігінің іс басқарушысы, аудандық тіл басқармасының бастығы, аудандық кино-бейне бөлімшесінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің бас маманы болып жемісті қызмет істеген Ән аға атқарушы билік тарапынан да айрықша қолдау тапты.
      Қош. Арал ауданының тәуелсіздік алған жылдардағы алғашты әкімі Биғали Қаюпов тілге тиек еткен Әнес Әуезовке таңдауы түскен басшылардың бірі еді. Кадр іріктеуде қателеспеген сол уақыттағы әкім, байырғы сенатор, бүгінгі қоғам қайраткері көзкөрген жан ретінде замандасы туралы былай дейді:
      –Мен 1992 жылдың ақпан айында Арал ауданы әкімі қызметіне тағайындалдым. Сол жылдары биліктің басқару құрылымына жаңа басқару жүйесі енгізілген-ді. Яғни, аудан әкімдігі, халық депутаттары аудандық кеңесі атты басқару институттары қалыптаса бастады. Партия кадрларын жаңа қызметтерге орналастыруды шұғыл қолға алдық. Өзінің ұтымды ұсыныстарымен және тәлімді тәжрибесімен өзгелерден оқ бойы оза шапқан Әнекең іріктеуден сүрінбей өтіп, сол жылдары жаңадан жасақталған халық депутаттары аудандық Кеңестің қоғамдық ұйымдарымен, бірлестіктерімен және бұқаралық аппарат құралдарымен байланыс жөніндегі бөлімнің аға референті қызметіне тағайындалды. Артынша жүйелі жұмысымен ілгерілеп, аудан әкімі аппаратының іс басқарушысы қызметіне жоғарылады. Сол шақтарда онымен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбек еттік, – деп, өткен күннен естелік шертті.
      Тағдыры туған жермен тағдырлас аға сан мәрте халық қалаулысы атанды. Жұртшылықтың жоғын жоқтап, сайлаушылардың сөзін сөйлеген жайсаң жан аудандық мәслихаттың хатшысы ретінде талай өзекті мәселелердің күрмеуін шешілуіне, зәру құрылыстардың іргесі қалануына барынша үлес қосты. Әсіресе, депутаттық корпустың жетекшісі болған уақыттарда теңіз деп толғанды. Қаншама рет Кіші Аралды сақтап қалуға жасалған жобаның кем-кетігін түзеп, Арқа төсіндегі Астанадан келген лауазымды тұлғалардың назарын проблемаларға аударды. Негізінен, Әнекең екі бірдей бірінші хатшымен жұмыстас болды. Ал, кеңес үкіметі келмеске кетіп, егемен ел атанғанда төрт бірдей аудан әкімімен бірлесе қызмет атқарды.
      Жаны өнерді қалайтын мерейтой иесі шығармашылықтан да құр алақан емес еді. Идеология саласының көкжиегін кеңейтуге сол кездегі аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаевпен бірге тізе қосып атсалысты. Әнді де салды, жазуды да жазды. Соның ішінде айрықша тоқтала кететін жәйт, Әнес ағаның аудармашылық қыры. Орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгерген алғыр аға өзі зейнетке шықса да қаламын тастамады. Жергілікті басылым "Толқын" газетіне ұдайы аудармаларын жариялап тұрды. Сол шағармашылық қырына кеше ғана өімен бір сәт кездесіп тілдескенде тағы бір көз жеткіздім. Жұмыс үстелінде қордаланған қағаз. Әсілі, бір дүниені бастаған сыңайлы. Айтпақшы, өткен жылы ғана ойлы оқырманның олжасына айналған бүгінгі кейіпкеріміздің «Адам – керуен, өмір – жол» атты ғибратты ғұмырынан сыр шертетін туынды жарыққа шыққанын патша көңілді оқырман жақсы біледі. Осы кітаптан Әнес ағаның жазудан, ойдың кенін қазудан жалықпайтынына көзіміз тағы бір мәрте жеткені бар. Арал ауданының құрметті азаматы атанып, өзі өсіп-өнген жердің оң имиджін қалыптастыруға аянбай тер төккен асыл аға бекзаттығымен қай кезде де ерекшеленді.
      Иә, сөз ретінде «көрінген таудың алыстығы жоқ» деген қазақ мақалы еске түседі. Сексеннің қарасы көрінді. Сіз әдемі қартаю да өнер екенін басқаларға дәлелдедіңіз. Біреуді ғайбаттау, көре алмау сізге жат қылық. Ізбасарларыңызға маңдай термен нанның тәтті болатынын түсіндіріп, үлкенге құрмет, кішіге қызмет қылу қағидасын саналарына сіңірдіңіз. Ендігі жерде алғыспен алысқа барған, батамен бақытқа бөленген өзіңізге қарт Жамбылдың жасын тіледік. Жалғастай асқар таудай әкенің жалғасы, Мадинадай аяулы ананың көзіндей әрі өзіндей болған сізге жарық дүниедегі бар жақсылықты арнадық.
Өткен күндер қол бұлғайды жағада,
Лайықтысың, ел берген әрбір бағаға.
Құрметке ие азаматтар ішінде, шоқтығың биік,Ән аға!
Қаршадайдан еңбекке әке баулыған,
Ташкен барып, оң мен солды таныған.
Дәл осылай тоқсан-жүзде жүре бер,
Риза болып,  үлкен – кішіге ағылған...
Абай ЕЛЕШ
14 ақпан 2026 ж. 69 0