Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көк теңізді тақырыпқа арқау еткен көзкөрген

Көк теңізді тақырыпқа арқау еткен көзкөрген

Биыл жағалау жұртының негізгі кәсібіне айналған балық шаруашылығына ғасыр толды. Осынау жүз жылдық аясында қаншама жазба жазылды, талай мәселе көтерілді. Теңіз деп толғанған көзкөргендер тереңнен су маржанын терген балықшылар қауымының өлшеусіз еңбегін бірінен соң бірі қаузады. Яғни, айтты, жазды соның бірі де бірегейі ауданға белгілі азамат Әнес Әуезовтың айдынды өңір жайында қалам тербеген туындысы еді. Осы биыл ғана ойлы оқырманға жол тартып, патша көңілді үлкен-кішінің олжасына айналған «Адам керуен – өмір жол» атты кітабы.
Аталмыш туындыда «теңіз терең, бірақ асау абайла, қуат-күшін мойындатқан талайға» деген бөлім бар. Онда теңіз тарландарының кешегі бейнеттері, ерен еңбектері сөз болған. Қалт-құлт еткен қу қайықпен ашық теңізге шығатын адамның қайсар болмысы, мәрттігі мен тәуекелін суреттеген жазбада айдын үстінде жүзу үшін, жүзу дағдылары қажеттігі жан-жақты айтылған. Көк теңізде жүзбеген адам қорқыныштың  не болатынын білмейтіні айтылған туындыда балықшылардың ауа-райына қарай іс қылатыны боямасыз баяндалады. Нақтырақ тоқталсақ, қайық үстінде қалқыған балықшының табиғаттың тылсым сырын жадыға тоқып, күн қабағына қарай балық аулауға шығатыны кеңінен көрсетіледі. Ай мен жұлдыздың орналасуы, соққан желдің бағыт-бағдары тілге тиек етілген кітапта «ең қауіпсіз кеме жағада тұрған кеме» деп теңіз тарландарының қатерге толы әр сапарында өлім мен өмір арбасатыны баяндалады.
Сондай-ақ, кітап авторы көңілден кетпес балалық шағына да тоқталып, арманға қанат байлап, білім саласында ұстаздық еткенін де мақтан қылады. Қарақалпақстанда қалған балалық шақ, тарихи Отанға оралған бақытты сәт. Осының барлығын дерлік Әнес Әуезов орамды оймен керемет жеткізеді.
Иә, бас-аяғы 380 беттен тұратын өмір жолын қамтыған ағамыздың Қазақстан Журналистер одағының мүшесі деген атты бекер еншілемегеніне анық көз жеткізесің. Жазуы да, ойдың кенін қазуы да керемет. Әсіресе, теңіз тақырыбындағы тың теңеулер еріксіз бас шайқатады. Шынымен де, адам жолы керуен сол басталған керуен аяқталғанша көзі ашық, көкірегі ояу пенде өскен, өнген жерін сүйіп өтеді. Ән-аға өзінің болмыс-бітімімен , кіршіксіз пейілімен көпке танылды. Оған аралдықтар еш шүбә келтірмесі анық.
Біз ауданда қолға алынғалы жатқан шара қарсаңында Әнес көкеміздің туындысындағы балықшылардың өмірін тағы бір мәрте тақырыпқа арқау етпеске болмас деп ұқтық.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: syrboyi.kz
14 қазан 2025 ж. 81 0