Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалығы теңізде өткен тұлға

Балалығы теңізде өткен тұлға

Болмысы бөлек, есімі елдің есінде өшпеске жатталып қалатын жандар болады. Азаматтығы бір атанға жүк, адалдығы бірнеше ұрпаққа тәрбие боларлық ондай жандардың өмірлік жолынан қаншалықты өнеге аламын десең де, сарқылмайтын қазынадай көрінеді кейде. Ұрпағына ұлағатымен ұранға айналған азаматтарды ұлықтау – бүгінгі біздің міндетіміз.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз менің әкем, елдің сыйлы азаматы, Есенбай Атағұлов жайында болмақ. Қай кезде де азаматтық болмысын жоғалтпаған әкеміздің ерекше қасиетін айта кетпесе болмас. Еңбекке де, елдегі болып жатқан өзгерістерге де бей-жай қарай алмайтын ол оң бастамаға тілекші болып,орынсыз дүниенің ашығын айтатын еді. Бірақ осындай тік мінезіне қарамастан өте көпшіл болды. Қайсар азаматтың шаңырағы қонақтан арылған емес. Бетіне ешкім келіп сөйлемесе де, оның әңгімесін, үлкендерден естіген өсиетін тыңдаудан ешкім жалыққан емес. Сөзге ұсталығы сондай, жанындағылар ұйып тыңдайтын еді. Бала болсақ та әлі күнге осы сәттер көз алдымызда.Әкеміздің осы қасиетін бағаласа керек, көптеген ел азаматтары да құрмет тұтты. Ауданға ғана емес, елге танымал көптеген азаматтармен бірге жүріп, шаңырақтан дәм татып, тонның ішкі бауындай араласа білді.
Одан қалды, «Балам, сендер де тыңдап, естеріңде сақтап жүріңдер. Білгендерің, үйренгендерің өздеріңе жақсы. Кейін балаларыңа айтып отырасыңдар» деп, үнемі ақылын айтатын.
Әкем шойын жолда пойыз тізгіндеді. Бірақ сөзге ұста азамат тек поровозшы ғана емес, өзге іске де өте шебер болатын. Құрылыстан да, басқадан да хабары бар, қай еңбекті болса да көзі танитын ол 13 жасынан бастап толқыны тайдай тулаған ұшы-қиыры жоқ айдын бетіне шығып, балықшылықтың да қыр-сырын меңгерді. Туған жері теңіз жағасындағы «Тастүбек» ауылы болғандықтан, таңсық емес дүние болып көрінер. Расында теңізде туып, жөргегін теңізде жуған әрбір перзент ау салып, ескек есетіні белгілі жағдай. Бірақ оның да бейнеті болатынын балық аулап көрген адам ғана біледі. Бірнеше рет асау толқын қайығын төңкеріп суға кетіп қала жаздағанын да, өзі де осындай қиындыққа тап болған бауырларын, өзге адамдарды да ажалдан арашалағаны нағыз ерліктің үлгісі іспетті. Бөлмысы бөлек жанның бағалауға лайық ерлігі мен жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болмақ. Расында, асау толқынмен алысып, балалығы теңізде өткен тұлғаның біз үшін мақтан етіп айтуға тұрарлық дара болмысы әркез асқақ күйінде қала бермек.
Лақият Төлепбергенова,
Алматы қаласы
27 қазан 2022 ж. 161 0