Қайта қайтқан құндылық

Ұмытпасақ, 90 жылдардың соңына қарай Дания елінің өкілдері Аралға аялдағанын көзкөргендер біледі. «Камбала» деген балықты айдынымызға жер сіңдірді. Теңізші, балықшы әрі ғалым. Курт Кристенсен бастаған топ жаратылысы қызық, түр-әлпеті ерекше әлгі балықты ел игілігіне жаратты. Бір жағы ақ, бір жағы қара түсті теңіз өнімі тез көбейіп, талайлар жеңсік астың дәмін татты.
Жуырда менің баспасөз саласында еңбек ететінімнен құлағдар Бүркітәли Рахманұлы хабарласып, Аралдың ауасын жұтып, топырағын басқан Курт пен әлі де етене араласып тұратынын тілге тиек етті. Елең ете қалдым. Тағы да сол кәсіби қызығушылықпен басталған әңгімені әрі қарай тарқатуға тырыстым. Өйткені, тақырыпқа арқау еткендей әлгі даниялықтарға осы азамат қазақы нақыштағы киіз үйді сыйға тартқан екен. Екеуара сыйластық, достық қарым-қатынас арада қанша жылдар өтсе де әлі сақталған көрінеді. Мұны сөз арасында жан-жақты баяндады:
–Каттегаттан Аралға деген жоба аясында досым Курт біраз іс тындырды. Өзі қолдан істеген жиһаз бұйымдарға қатты қызығатын. Әсіресе жергілікті шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді айрықша бағалайтын. Қанымызда бар қонақжайлылық та мәрттік те бар емес пе?! Шетелдік досым қолқа салған соң меселін қайтармай киіз үйді сыйға тарттық. Сол кезде жүзі де, тілі де басқа жанның қуанғанын сөзбен жеткізе алмаспын. Жылдар-жылға ұласып, айлар алмасты. Қаншама күндер керуені артта қалды. Бір кездерде өзім сыйға тартуға ұйтқы болған көшпелі қазақтың киіз үйін жиі ойлайтын болдым. Жат жұрттықта қалған құндылығымыз өзге елде бағалана алды ма деген екіұдай пікір мазаны қашырды. Себебі, менің бергенім жай ғана ағаш үй емес еді. Бұл менің ата тегімнің ізі қалған құнды дүние-тұғын. Онда ата-анамның көзінің нұры сіңген сол ағаш үйдің табалдырығынан қимастарым аттады. Балаларым өсіп-өнді. Осынау ағаш үйді тұмарымдай сақтап қасиетке балап жүрдім. Ақыры, алыстағы мемлекетке жол тартуды жөн деп таптым. Балтық теңізінің жағасында, Германия мен Швейцарияның ортасында орналасқан аралдық мемлекет кім-кімге де ерекше әсер сыйлайтыны анық. Дания – қай жағынан да жоғары дамыған мемлекет. Әлеуметтік тұрғыдан әділетті, экономикасы да мықты. Әлем бойынша өмір сүру деңгейі, денсаулық саласы мен білім сапасы артқан елдердің бірі.
Сонымен аталған елге де аяқ бастым. Куртпен алғашқы жолығар сәтте іштей қобалжу болды. Атадан балаға мирас болған есіктің мәселесін хат арқылы шешіп қойғанымызбен, ғалым адаммен қалай сөйлесемін деген ішкі түйсік алаңдатпай қоймады. Алайда Аралда талай мәрте болған, халқымыздың мінезі мен менталитетіне жақсы қанық кісі бізді бауырындай қарсы алды. Әп-сәтте әңгімеміз жарасып, бәрі өздігінен өрілді. Төрт сағаттың қалай өткенін байқамай да қалыппыз. Жалпы, Курт өз ісіне берілген жан. Аралды аралап жүрген кездегі күндерді еске алып, әсерлі оқиғаларды қуана айтты. Киіз үйдің есігін қайтаруға көмектесіп, менің сағынышымды, жүрегімдегі терең байланысымды жақсы түсінді. Есікті көрген сәтте жүрегім шымырлап қоя берді. Бала күнгі қайталанбас сәттер қара шаңырақтың иісі жанымды шарлап өтті, – деп әңгімесін түйіндеді.
Бүркітәли ағамыз ұзақ жыл ұшқыш болып қызмет атқарған екен. 1987 жылдан 1992 жылдар аралығында АН-2 ұшағын басқарыпты. Кейіннен Қызылорда аэрофлотында «ЯК- 40» ұшағын тізгіндеген. Талай рет аспанды шарлаған ағамыздың баяндаған әңгімесінен қасиетті қара шаңыраққа деген сағынышты байқадық. Ол теңізді өлкенің тартуы ретінде қабылдаған ағаш үйдің Данияның Орхус қаласындағы «Моесгард» деген музейде Қазақстанға арналған арнайы бұрышта тұрғанын көргенін зор мақтанышпен айтты.
А ЖАЙШЫЛЫҚ