Балықшылық кәсіптің білгірі
Талайға нәпақа болған теңіз – әлі де күллі қазақтың мақтанышы. Жағалау жұртының үлкен-кішісі ақжал толқынмен алысқан аға буынмен марқайып, олардың ғибратты ғұмырларын үлгі етеді. Содан да шығар, Арал балықшыларының атағы асқақ. Аудан экономикасының өркен жаюына сүбелі үлес қосқан қайталанбас тұлғалардың өнегеге толы өмірін баспасөз саласының өкілі ретінде сан мәрте айтудайын айтып, жазудайын жаздық. Әлі де сол үрдіспен теңіз тақырыбын парызымыз деп біліп, Тәңірдің сыйындай болған айдын үстінде асау толқынмен алысқан жандардың машақаты мол өлшеусіз еңбегін кезекті рет тақырыпқа арқау етуді жөн деп білдік.
Бұл жолғы кейіпкеріміз Дәуқара Аймағамбетұлы еді. Ол кісі туралы көзкөргендер әрқашан жақсы пікірде. Кім-кімге де бағаны ел береді. Шындыққа жаны құмар Дәуқара ерте есейді. Әке мен ананың тәлімін алған жалындай жас бар-жоғы жиырма жасында Атыраудағы балық техникумында дәріс алып, сондағы білікті мамандардан көп нәрсені көңілге түйді. Өзінің жүрек қалауын тағдырымның бағдаршамы деп білген азамат 1956 жылы «Шөмішкөл» колхозына нұсқаушылыққа жолдама алды. Табиғаты әсем, моншақтай мөлдіреген көлі көркем мекендегі қадамы сәттілікпен сабақтасып жатты. Білуге деген ұмтылыс Дәуқараны үлкен даңғылға бастады. Нақтысы, колхоз басқармасының төрағасы Наушан Қаражановтан халықпен бітеқайнаса жұмыс жасаудың қыр-сырын меңгеріп, ел басқару ісінің алғашқы әліппесін санаға тоқыды.
Қабілеті ерекше, ұстанымы бөлек жас маман қай істе де оңды нәтиже көрсетіп, тапсырмаға деген тиянақтылығының нәтижесінде сатылап өсті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш балық министрі Құдайберген Саржанов өзінің 2019 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Толқынмен алысқан, балықшылар – арыстан» атты кітабында нақты дәйекпен деректі келтіре отырып жазғанын білеміз.
Иә, Аралдың сұңқар ұлы атанған Дәуқара жаспын демеді. Нар көтерер жүкті арқалап, ұшы-қиыры жоқ 500 шақырымды құрайтын теңізде із қалдырды. Арал балық тресінде инженер қызметін де атқарып, толағай шаруаны тындырды. Ісіне адал азаматқа міндеттемелер көптеп беріліп, оның барлығын дерлік абыроймен еңсерді. Артынша ол колхоз басқармасы, зауыт директорының орынбасары лауазымына көтеріліп, тәжірибесін әрі қарай шыңдай түсті. Еңбек өтілінде кінарат жоқ Дәуқара «Ұялы», «Ауан» балық зауыттарында, сондай-ақ Қуандария базасымен «Қосжар» балық өсіру питомнигінде басшылық жасап, «Райым» колхозына да төрағалық етті. Іскерлігімен танылған көргенімен түйгені мол жанды халық та қолдады. Өз мүддесін, қоғам мүддесін ойлайтын алып жүрек қай кезде де көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып, колхоздың кемелденуін жатпай-тұрмай ойлады. Балық шаруашылығында атағы жер жарған басшының мықтылығы осылайша ауыздан-ауызға тарап, жарығы алысқа түсті.
Алланың да адамның да алдында жүзі жарқын Дәуқара Аймағамбетұлы сол замандағы ақжағалылардың шешімімен қолға алған, ісін ұршықша үйірген басшыға Арал балық комбинатының бас директорлығы жүктелген-ді. Атауы одаққа мәлім комбинаттың тыныс-тіршілігін алақандағыдай білетін азамат халық байлығын одан әрі еселеп өндіруге жан-тәнімен кіріскенімен, жерлестері тарапынан қайта-қайта «басқарманы өзімізге қайтарыңдар» деген мәтінде хат жолдап, жоғарыдағыларды екі ұдай ойға қалдырды.
«Халық қаласа хан түйе сояды» деген қағида ақиқатқа айналып, ақырында ел қалауы ескерілді. Осындайда:
«Пайдасы бар жігіттер,
Дария шалқар көлмен тең.
Пайдасы жоқ жігіттер,
Ел қонбайтын шөлмен тең» деген мәтел еріксіз еске түседі. Расымен де, өзі шыққан биігінде жүріп, қаншама баянды бастамаларды жүзеге асырған Дәуқара «Райым» колхозының орталығына алыстан мен мұндалап, бір қарағанда тамсандыратын екі қабатты мәдениет сарайын тұрғызуға ықпал етті. Одан бөлек, ауыл ішіне жеті шақырымдық су жүйесін тартқызып, қызылжарлықтардың игілігіне бергізді. Соның нәтижесінде «Райым» колхозы жасыл желекке бөленіп, жастардың көз қуанышына айналды. Қызылжарды адам танымастай өзгертуде ыстық қолтаңбасы қалған қадірлі жан өндірістік басқару ісінде де, жарқын жобаларды алға бастыруда да осылай дараланып, өр тұлғасымен жұртшылық жадында жатталды. Қолдан келген мүмкіндіктерді іске асыру арқылы танылған еңсесі биік тұлға әркез елім, жерім деп өтті. Әр қазаққа болсын деп теңіздей толқыған Дәуқара Аралдың маңдайына біткен бағына айналды. Жан-жары екеуі би түсетін шаңырақ атанып, үкілі үміттерін, көрікті келешегін ойлады. Қысқасы, ұрпақтарына саналы тәрбие беріп, мақтаулы мамандық иесі болуларына барлық мүмкіндікті жасады.
Сенім ақталды. Әке көрген ұл оқ жонды, шеше көрген қыз тон пішті. Барлығы дерлік ешкімнің ала жібін аттамай қос қамқоршыларының атына кір келтірмеді. «Азаматын көріп, ауылын таныған» қазақ емеспіз бе?! Дәуқарадай тұлғаның қажырлы еңбегінің арқасында кемелденген «Райым» колхозы мен Қызылжар ауылы қазіргі таңда ажарын айшықтай түскен.
Тарих қатпарында қалған теңіз тарландарының нағыз ізбасары Дәуқара ең алғаш жершарын айнала жүзген португалдық Магеллан іспетті десек, еш қателеспес едік. Ол теңіз төсін қанша шарлады десеңші! Әдепкі Жайық жағасындағы өзі қалаған оқу орнынан басталған сапар су бетін шиырлап, қаз қаңқылдап, үйрек үрке ұшқан айдындағы ерен ерлігін елі әлі де ұмыта қойған жоқ. Бір кітапқа жүк боларлық кісінің өмір дерегінен жүрген жолын зерделей түссек, қаншама айтылмаған әңгімені қаузайтын да шығармыз. Дәл қазіргі біздің сөз сабақтап, ақжал толқынмен алысқан адамның кісілік келбетін тілге тиек етуіміздің сыры да осында.
Бүкіл Арал теңізінің жағалауындағы ауылдарды көркейтуге күш салып, қырық жылға жуық уақыт бойы табанды еңбегімен басшылық қызмет атқарған Дәуқараның жанкешті еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі. Әсіресе, аралдықпыз деген кез-келген бозбала, бойжеткенге мирас. Өйткені, кейіпкеріміздің толқыннан қорықпай батыл шешіммен қиын-қыстау сәтте тығырықтан шығуға әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік екені анық. Бұл жөнінде ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов те қалам тербеген оқиғаны суреттесек.
Дәуқара Аймағамбетовтің «Ұялыға» директор болып тұрған шағы . Қыс қаһарына мініп тұр. Мұз жағалаудан бөлініп, балықшылардың ау-құралдарын және 200 центнер балықтарын алып ығыса жөнелген. Суыт хабар желдей жылдам есіп, су тереңінен маржан сүзген қауымның өміріне үлкен қауіп төнген. Жөңкіген мұзды қуу дегеніміз – өліммен бетпе-бет келу. Дереу шұғыл кеңес өткізген Дәуқара қайткен күнде де балықшылардың амандығын ойлау қажеттігін айтып, қарекет қылудың қамына кірісті.
– Жолдастар, мұзды қуып әріптестерді төнген қауіптен құтқарамыз. Бұл үшін төрт-бес күндік азықты алып, плотқа келесіңдер, – деп, іске кірісуді бастады.
Мұндай нартәуекелге бас тіккен шешім теңіз тарихында бұрын соңды болмаған-тұғын. Ыққан мұздағы адамдарды да, 200 центнер балықты да аман сақтаған көреген басшының үш күн бойғы көзсіз әрекетіне талайлар сүйсініп, Қазақстанның түкпір-түкпірі «бәрекелді» дескен.
Иә, Дәуқарадай тау тұлға атақтан да даңқтан да кенде емес. Халықтың қалаулысына да айналды. Биік мінбелерде облыстың жоғын жоқтап, намысын қорғады. Қазақ ССР-не еңбегі сіңген өндіріс қайраткері атанып, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына иелік етті. Бұдан өзге «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудеге тағып, басқа да төсбелгілер омырауында жарқырады. Күрмеулі істі шешіп, түйінді істі тарқатқан Дәуқараның сөнбес сәулесі әлі де мемлекет қолдауымен сақталып қалған Кіші Арал теңізінде нәпақа тапқан бүгінгі балықшы қауымға алыстан бағыт беретін «Маяк» сынды жол нұсқап тұрары сөзсіз.
Абай ЕЛЕШ