Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір кітап – бір жүрекке жарық

Бір кітап – бір жүрекке жарық

Ертеде көне Иран аумағында ауыл шетіндегі жалғыз үйге керуен келіп түседі. Жұпыны шаңырақтың алдынан жалғызбасты ана қарсы алып, ыстықта шөлден қиналған керуенге «Айып етпеңіздер, тойдырып ас беруге шамамыз жетпейді. Анау жерде ауыл бар, сонда жетіп жығылмадыңдар ма?» деген сол еді, ананың жағдайын көрген керуенбасы «мейрімізді қандырып су ішсек жетіп жатыр, қиналмаңыз» деп жауап береді. Сол үйден су ішіп, сусынын басқан керуен жөнелер алдында «Мына кітапты оқыңыз, байлыққа да, арманға да жеткізетін дүние» деп бір кітап беріп тұрып «бірақ есте сақтаңыз, бұл кітапты бір бетін қалдырмай оқып шығыңыз. Алдыңғы парақты оқып болмай, келесіге көшпеңіз және ешкімге оқытпаңыз, сонда ғана кітап күшін жоймайды» деп ескертеді.
Жылдар жылжып, уақыт артынан уақыт өте береді. Жалғызбасты ана өлер алдында ержетіп қалған жалғыз ұлын шақырып, осы сыйлықты ұсынып тұрып, ескертудің бәрін жеткізеді. «Балам, сені жеткіземін деп менде оқуға мүмкіндік болмады. Жалғыз аманатым осы, өзің оқып шық» дейді.
Анасын ақтық сапарға аттандырып, бала кітапты оқуға кіріседі. Алғашқы 10 парағы өздерінің тілінде, кейінгі 10-15 парағы қытай, одан кейін өзге бірнеше тілде жазылған кітапты оқу үшін өзі де сол тілдердің барлығын меңгеруге тура келеді.
Күндердің күнінде патшаға «бірнеше тілді меңгерген жас жігіт бар екен» деген хабар келеді. Мұны естіген патша оны жанына алдырып, беделді қызмет ұсынып, өзінің ақылшысы етіп, қиындық пен жалғыздықтан құтылған деседі.
Расында кітаптың құнды қазына, бағалы сыйлық екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Алайда ол тек білім мен байлыққа, билікке бастар жол емес. Ол жүрекке жылу, болашаққа жарық сыйлайтын дүние. Мына бір әңгімеге зер салайық.
Күн салқын еді. Ақпанның ақ ұлпасы жерді ақ көрпеге орап, айнала тып-тыныш күйге енген. Мектептен қайтып келе жатқан Назым сөмкесін бауырына қысып, ойға шомып келе жатты. Бүгін сынып жетекшісі:
– Балалар, ертең – Кітап сыйлау күні. Әркім біреуге кітап сыйласа, қандай жақсы! – деген еді.
Назымның жүрегі лүпілдеп кетті. Бірақ кімге сыйлайды? Үйдегі кітаптарының көбін әлдеқашан оқып шыққан. Дүкеннен жаңа кітап алуға жағдайы да жоқ.
Үйге кіргенде анасы пештің қасында шай дайындап отыр екен. Қызын көріп жымиып:
– Неге мұңайып келдің, қызым? – деді.
Назым бәрін айтып берді. Анасы үнсіз тыңдап болып, сөреге көз тастады. Содан кейін баяу ғана:
– Қызым, кітаптың жаңасы емес, ниетіңнің тазасы маңызды. Мынау сен алғаш оқыған ертегілер жинағы ғой. Есіңде ме, осы кітапты оқып, арманыңды айтушы едің... – деп, қоңыр мұқабалы кітапты қолына ұстатты.
Назым кітапты сипап өтті. Иә, бұл оның бала күнгі ең қымбат кітабы еді. Парақтарының арасына кішкентай гүл де кептіріп қойған.
Ертеңіне ол кітапты сыныптасы Нұрдәулетке апарды. Нұрдәулеттің әкесі жұмыссыз қалып, үйінде кітап алуға мүмкіндік болмай жүргенін білетін.
– Бұл саған, – деді Назым сәл қысылып. – Менің ең сүйікті кітабым.
Нұрдәулет аң-таң болып, кітапты қолына алды. Ішін ашып қарағанда, алғашқы бетінде жазу тұр екен:
«Арманға сенген адам ешқашан адаспайды. Бұл кітап саған да қанат бітірсін!»
Баланың көзіне жас келді.
– Рахмет... Мен де бір күні саған кітап сыйлаймын, – деді ол сыбырлап.
Сол сәтте Назым жүрегінің ерекше жылып кеткенін сезді. Ол байып кеткендей күй кешті. Өйткені ол жай ғана кітап емес, үміт сыйлаған еді.
Кешке сынып жетекшісі балалардың бір-біріне сыйлаған кітаптарын көріп:
– Міне, балалар, кітап – адамды адамға жақындататын көпір. Бүгін сендер соны дәлелдедіңдер, – деді.
Сол күннен бастап Назым кітап сыйлау – үлкен байлық екенін түсінді. Кітаптың бағасы оның мұқабасында емес, жүрекке жеткен жылуында екенін ұқты.
Кітап сыйлау күні – парақтың сыбдырымен мейірім тарататын күн. Бір кітап – бір үміт. Бір кітап – бір жүрекке жарық.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
14 ақпан 2026 ж. 21 0