Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қырағы командир

Қырағы командир

Ол жастайынан еңбекке араласты. Вагон жөндеу зауытында әкесі Жәдігермен қатар жұмыс істеген Жаңабектің қырағылығы сол кезде-ақ байқалатын. Үйренсем, білсем деген ынтасының арқасында бірнеше мамандықты игере білді. Қаладағы гуманитарлық техникалық колледжде кәсіптік білім алды. Қайнаған еңбектің ортасында ысылғаны мен алған білімі әскерде де көмегін тигізді.
Отан алдындағы әскери борышын Балқаш қаласындағы ракеталық бөлімде өтеген ол механиктің де, байланысшының қызметін де жетік атқарды. Түрлі ұлт өкілдерінің арасында жан-жақтылығымен дараланды.
Әскер қатарынан оралған соң, еңбек жолын Арал қаласындағы 10188 әскери бөлімде қатардағы механик болып жалғастырды. Қиын уақыт. Қырағылықты талап ететін қызметке ең керегі – байланыс. Ауа райы күрделілігі әсіресе қыс мезгілінде айқын сезіледі. Күн борап, жел тұрғанда байланыстың үзілетіндігі үлкен қолбайлау. Бұрқасынға қарамай, талай рет бақанға мініп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенін қызметтестері бүгінге дейін айтып отырады. Қызылорда қаласында әуе қорғаныс күштері саласында қызмет атқарған ағасы Дәулетбектің де ақыл-кеңесі мол болды.
Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмылдыру бөлімшесінің бастығы-бөлім бастығының орынбасары Серікбай Назаров ол жөнінде: «Жұмыс болған жерде түрлі оқиғалар орын алатыны белгілі. Сондай кезде бесаспап маманның болғанына не жетсін. Жаңабек Жәдігерұлының қызметтегі жауапкершілігі мен адамгершілік қасиетін ерекше құрмет тұтамын» дейді.
Мамандыққа деген адалдықтан жаңылмай, бүгінде 10216 «Ж» әскери бөлімінде байланыс взводының командирі қызметін атқаратын аға сержант Жаңабек Айбосынов:
–Қазір автоматтандырылған басқару жүйесімен жұмыс істейміз. Әуе қорғаныс күштерінің бақылауында болғандықтан, құстың ұшқанына дейін бақылауда. Техниканың аты техника. Ауа райы қолайсыз кезде және аптап ыстықта аппараттар да шыдамайды. Дегенмен, құпиясы мол қырағы қызметте қалт еткенді қапы жібермей бақылау – біздің басты міндетіміз. Қорғаныс жерде де, әуеде де мықты болғанда ғана ел қауіпсіз болады. Тыныштық үшін тер төгіп, еселі еңбек етіп келе жатқан бөлімше командирі, радиотелеграфшы А.Жұбанов, планшетші Г.Төлебаева, телеграфшы, аға жүргізуші А.Жапақов, телефоншы ефрейтор Н.Мүбереков – байланыстың нағыз мамандары. Туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой болмаса керек, – дейді.
Әскери әріптестері арасында сыйлы, сөзден гөрі іске бейім Жаңабек Жәдігерұлы–үлгілі отбасының иесі. Білім саласында еңбек ететін жары Эльмира екеуі үш ұл өсіріп, тәрбиелеуде.
Л. Әйтімова.
        
        
        
08 мамыр 2019 ж. 952 0