Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Ата заң

Аралдық ақын Республикалық референдумда өз таңдауын жасап, өзінің жүрекжарды лебізін арнау өлеңі арқылы білдірді.

Жеті жарғы жеті атамның жүрегі,
Тату күнде тұғыр болған тірегі.
Аталы сөз айтпаса да бұ қазақ,
Ата заңын құрметтеуді біледі!

Қасқалдақ қан өн бойына сыймаған,
Күңіреніп сыр шерткенде күй далам.
Қасық қаны қалғанынша қара жұрт,
Қасым ханның қасқа жолын сыйлаған.

Толғанғанда ой тартқылап ескіше,
Өмір бітіп жатқандай ма кеш түсе.
Есі бар ел ессіздікке бармайды,
Есім ханның ескі жолын естісе.

Шын өткенін көміп кетіп әр түпке,
Көмбе өмірге үйренбеді жан түкте.
Сағынғандар дала заңын сезеді,
Бағынғандар құл болмайды тәртіпке.

Ар заңымен жан жай тауып жұмақта,
Қазақты алла адамдықтан құлатпа.
Ала дорба арқалаған шығармыз,
Ала жіпті аттамадық бірақ та…

Сейілгенде бодан күннің тұманы,
Тағылады тау тарихтың тұмары.
Ата заңда жазылатын әр тарау,
Құраннан соң құбыла боп тұрады!

Айдар Сайлауов
15 наурыз 2026 ж. 70 0