Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырдағы жалғыз құсбегі немесе жеті қазынасын түгендеген жігіт

Сырдағы жалғыз құсбегі немесе жеті қазынасын түгендеген жігіт

Соңғы уақытта Аралда қыран құс баптап, құсбегілік дәстүрді ұстанып жүрген жанның бары туралы жиі естейтін болдық. Жақсы жаңалыққа құлағымыз түрік жүретін болғандықтан, көп те сұрастырып, кім екенін біліп алдық. Хабарласып, жөн айтқанымызда Нұрболат мақұл көріп, бірден келісе кетті. Қаланың кіреберіс беткейіндегі оның үйіне барғанымызда, ауласындағы сақылдап отырған қыран құсқа көзіміз бірден түсті. Бұл жерден жылқы да, құмай тазыны да жолықтырдық. Бізді жарқын жүзбен қарсы алған кейіпкеріміз Нұрболат Ұзақбайұлы қазақ жігітінде болуы керек жеті қазынасын қалай жинақтағаны туралы әңгімесін бастап кетті.
Нұрболат 1990 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ұзақбай жүргізушіліктен зейнет демалысына шыққан. Анасы Роза мейірбикелік мамандығын абыроймен атқарып, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Отбасында өзінен бөлек бір әпкесі, екі ағасы мен бір інісі бар.
– Мен ата-анамның төртінші перзентімін. Үлкен ағам Ерлан Ақтөбе қаласында тұрады. Әскери қызметтен зейнет демалысына шықты. Әпкем Лола Ақтауға тұрмысқа шыққан. Мұғалім болып еңбек етуде. Нұржан ағам да әскери салада қызмет атқарады. Ал інім Арман қазір әскери борышын өтеп жатыр. Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекқорлыққа баулыды. Бәрімізді оқытып, мамандық алып берді. Өзім 2013 жылы жұбайым Ботакөзбен шаңырақ көтердім. Қазір 5 жастағы қызымыз бар, – деген Нұрболат әуелі өзін және отбасын таныстырып өтті.
Нұрболат жас күнінен ит бағып, жылқы баптап, құс үйретуге құмар болған. Тіпті біздің өңірде кездесетін жабайы құс түрлерін де қолға үйретуге ниеттенген екен. Осыдан бір жыл бұрын өзі «Жұлдыз» деп ат қойған қыран құсымен тағдыр тоғыстырды. Құс бағуды хоббиіне айналдырған ол қолындағы бүркіті қалдырған тыртық іздерді көрсетіп, түзде қалықтаған қыранды қолға үйретудің оңайға соқпағанын айтты.
– Бұлар еркіндікті жақсы көреді және өте сезімтал, ақылды құс. Өзім Арал аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры қызметіндемін. Бірде іссапармен 3 күнге кетіп қалдым. Қыранды үй ауласындағы сарайға кіргізіп кеткенмін. Себебі жыртқыш құс болғандықтан, үйдегілер қорықты. 3 күннен соң келіп, есікті ашқан сәтімде қыраным өзіме тап беріп, қолымды бүріп алды. Тырнақтары алмастай өткір. Қолымнан қан атқылай бастады. Сол сәтте «құсты еркіне қоя берсем бе?» деген де ой келді. Бірақ қимадым. Кейін уақыт өте келе бір-бірімізге үйрене бастадық. Қазақстандағы құсбегілікпен айналысатын кісілерді тауып, солардан ақыл-кеңес сұрай бастадым. Сөйтсем, қыранға мінез көрсетуге болмайды екен. Ол өте кекшіл келеді дейді. Қазір бір жыл болды. Жұлдыз қыраным маған, мен оған бауыр басып қалдық, – дейді Нұрболат.
Бүркіт баптау да оңай шаруа емес. Нұрболаттың айтуынша, бүркіт майсыз, сүйек, шандырсыз таза ет жейді екен. Жаздың күндері әлсін-әлсін таза сумен шомылдырады.
Жуырда Орал қаласында өткен құсбегіліктен ересектер арасындағы XIX Қазақстан Республикасының чемпионатына Қызылорда облысы атынан қатысып қайтты. Себебі Нұрболат облыс бойынша бүркіт баптап отырған жалғыз құсбегі.
Томағасын тартсаң, көзі көріп, жемтігін өткір тырнағымен бүріп түсетін таудың жыртқыш құсына баланған қыранды қолға үйретіп, бабын табу да батырлық. Көбі қызығады. Бірақ батылы жете бермейді. Бүркітті 5 жыл ғана қолға үйретуге болады. Одан соң еркіне жіберу керек, – дейді Нұрболат.
Нұрболат Жұмағұлов бүркіт баптаудан бөлек, құмай тазы, жүйрік ат ұстап, қақпаны мен қаруын, өткір пышағын да қамдап қойған. Алла оған сұлу жарды да нәсіп еткен. Бұйырса, болашақта құсбегілік өнерін қызы Айшабибіге үйретуді ойлап жүргендігін атап өтті.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
23 наурыз 2026 ж. 150 0