Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазба ақындардың облыс деңгейдегі жыр-мүшәйрасы өтті

Жазба ақындардың облыс деңгейдегі жыр-мүшәйрасы өтті

Бүгін Қармақшы ауданында саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз, тыл ардагері, ел анасы Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған жазба ақындардың облыс деңгейдегі жыр-мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан 21 ақын қатысып, бірінші кезеңде А.Жалғасоваға арнау, екінші кезеңде тұтас түркі өркениетінің алтын арқауы болған ерлік пен елдік, бірлік пен батырлық идеясы туралы «Оғыз-жыр» тақырыбында өлең оқыды.

Тағылымы мол әдеби іс-шараны облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай ашып, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың жазба ақындар мүшәйрасына қатысушыларға арнаған ізгі лебізін жеткізді. Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, тыл ардагері, ел анасы Ақбалыш Жалғасованың ғибратты ғұмыры, тағдыр жолы ел-халыққа үлгі-өнеге екенін айтып өтті.

Мүшәйраға қатысушылардың өлеңін белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Көбегенұлы, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева бағалап, қазылық етті.
Жыр мүшәйрасының қорытындысында бас жүлде иегері атандым. Арнайы алғыс хат пен сыйақыны Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек табыстап, арнау өлеңім мен шығармашылық ізденісімді жоғары бағалады.

Айта кетсек, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз-ананың өнегелі өмірін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл тағылымды іс-шара жеті жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

(Ақтөре Ибрагимұлының жеке фейсбук парақшасынан)

25 наурыз 2026 ж. 123 0