Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Санама сәуле құйған сардарлар

Санама сәуле құйған сардарлар

"Өз ұлын, өз перзентін ескермесе,
Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді..." 
Шәкіртке деген бар ықыласы мен құрметін Ілияс ақынның осы бір өлең жолдарына сыйдырып, құшақ жая қарсы алған алтын ұя мектебіме алғысымды білдіремін. Мен білім алған оқу ордасы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентінде орналасқан. Ол Республикаға танымал талай таланттарды түлеткен №177 орта мектеп. 11 жыл білім алған ыстық ұяма ат ізін салмағаныма 10 жылға жуықтапты. Бұл аралықта жоғары оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам бастым. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімімді одан әрі шыңдадым. Қазір бас қалада “Хабар” агенттігінің жанынан құрылған, "24KZ" арнасының «Халықаралық ақпарат» бөлімінде тілші болып қызмет атқарамын. Мен жүріп өткен жол өзгелерге қызық болғанымен, ұстаздарым үшін аса бір таңғаларлық жайт емес. Өйткені олар менің болашақта журналист боларымды мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ білді әрі сенді. Мені осы үлкен салаға дайындады.
Қазақта "Бұлақ көрсең көзін аш" деген мақал бар… Шәкірттің бойындағы тұмса талантын, өнерге деген талабын байқай білетін білікті маманға кезігу бұл нағыз бақыт. Ол маған дер кезіңде бұйырыпты. Бастауышта білікті ұстаз Бақыт Балмырзаева білімге деген көзімді ашты. Одан соң Гүлсара Төлеуова апайым талабымды одан әрі жетілдірді. Әдебиетті сүйгізіп, тұлға болып қалыптасуыма Гүлімай Сахиқызы апайым үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, әр шәкіртінің көзіндегі жалынды байқап, ірі жобаларға қосқан Мадина Баешева апайымды айтпай кетуге болмайды. Осындай білікті ұстаздардың басын қосып, мектеп басқару ісін қолға алған, ұстазым Қасқырбек Күзембай ағайға зор алғысымды айтамын!
Араға талай жыл салып, алтын ұя мектебім өзі түлеткен түлектердің басын қосты. Білім ордасы бұл жолы сөмке асынған оқушыны емес, әр салада жүрген тіс қаққан мамандарды шақырды. Ұстаздарым төрге шығарып, сый-құрмет көрсетті. Мақтауымызды асырып,  жетістігімізге қуанды. Апайларымның ыстық ықыласын көргенде көңілім босап, көзіме еріксіз жас келді. Бұл сағыныш пен жүректе сақталған бала көңілдің кіршіксіз сезімдері еді.
Мектебім заман ағымына қарай жаңаша келбет алып, замануи жабдықтармен толығыпты. Түрлі кабинеттер ашылып, жаңа үйірмелер қосылған. Қазір бәсекесі көп білім саласында үздік болу басты шарт. Сондықтан, бұл жерден әлі талай мықты шәкірт түлеп ұшарына сенімім мол!
Ал, біз үшін бұл мектептің әр қабырғасы естелікке толы. Ата-анамыздың алдында мәңгі сәби болып қалсақ, ұстаздарымыздың алдында да сол партада оқырған шәкіртпіз. Жылдар ауысса да, мұғалімдеріміз бәз баяғы қалпы... сағынышпен қауышып, тағы бір сағынышты толтырып қол бұлғап, шығарып салды.
Гүлдене бер, сүйікті оқу ордам! 
ФАРИЗА ЖАНҒАНАЕВА,
Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі № 177 орта мектеп түлегі,
“Хабар” Агенттігі, 24KZ арнасы,
Халықаралық ақпарат бөлімінің тілшісі
28 наурыз 2026 ж. 63 0