Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Антына адал Алмас дәрігер

Антына адал Алмас дәрігер

Қазақ халқында «Әулиет» деген әдемі біртүсінік бар. Бұл қандастық, туысқандық атау болғанымен де, көбіне алқа жұртқа аса танымал, ғибратты ғұмыр кешіп, саналы ұрпақ өрбіткен, әр буыны халыққа қалтықсыз қызмет қылған қауымға тән ұғым. Айдынды өңірдің осындай танымалдарының бірегейі – Жетесовтер әулеті. Қазір біз білетін осы әулеттің жапырағын жайған үш-төрт буыны қазақ елінің шартараптарында мемлекетіміздің өркендеуіне, қарыштап дамуына әр саладағы ерен еңбектерімен елеулі үлес қосып келеді. Біз қос ғасырды қамтитын бұл әулеттің өнегелі, дәстүрлі дара да даңғыл жолын біршама жақсы білеміз, өйткені асыл текті қайраткер, мал шаруашылығының марқасқасы Жақсылық Жетесов туралы «Жасампаз ғұмыр» атты тым-тәуір деректер жинақтап ғұмырбаяндық кітап жазғанбыз. Аталмыш кітаптың алғы сөзінде сол кездегі Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов «Қайраткер ағаның ғұмыры кейінгі ұрпақтар үшін халыққа қалтықсыз қызмет етудің ерен үлгісі болып, оның даңқ пен тұғыры жылдан-жылға биіктеп барады.
     Тамырын тереңге жайған әулеттің еңселі бәйтерегіне айналған дара тұлғаның ұрпақтары әке жолын лайықты жалғастырып келеді»деп жазған еді. Ел ағасы көрегендікпен жазған екен.
     «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегендей, айбынды әке абыройына лайықты боп өмір-тірліктің ұлы көшінде кемелдігімен көзге түскен перзенттерінің бірі Алмас Жақсылықұлы Жетесовболатын.
     Айнала жұртыма алғаусыз қызмет етсем деген арман-мұратты көкірегіне түйіп жүрген арда көңіл, жайсаң жан осыдан тура жиырма жыл бұрын, ердің жасы елуге қараған шағында мезгілсіз дүние-жарықтан өтіп кеткен. Десе де ол адамдық асыл бейнесімен, нұр-шуақ төгілген иманды ақ-адал болмысымен дараланған, ұланғайыр білімімен, кәсіби жете біліктілігімен ел көзіне түсіп, жақсы азамат деген аты шығып, Арал ауданының медицина саласында өшпес із қалдырған. Гиппократантына берік болған, ақ халатын кір шалдырмаған майталман шипагер.
Арал топырағында шаңырағын нықтаған, керегесі кең әулетте 1956 жылы 18 тамызда дүниеге келген Алмас Жақсылықұлы тұғыры мықты ортада үлгілі тәлім-тәрбие алып, жасы үлкенді аға, жасы кішінііні тұтып, жақындарын бауыр, дос-жолдастарын қадірлеп сыйлап өскен.Бесенеден белгілі, адам өмірі қамшының сабындай қысқа болса да, артында қалатын жақсы із мәңгілік. Туымды жандар бар, олар бұл жалған дүниеден өткенімен де, ел жадынан аты өшпейді. Себебі олардың бар ғұмыры – өзгеге шарапаты мен шапағатын дарытып, еткен еңбегі – халыққа қызмет етуге арналған.
Бозбала Алмас Жақсылықұлы Арал топырағында өсіп,№13 Т.Шевченко атындағы орта мектепті бітірген соң,аялы арманы қанат бітіріп келіп,Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, 1979 жылы «Емдеу ісі» факультетін жақсы тәмамдап, адам өмірінің арашашысы болуды таңдады. Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек қалауымен таңдалатын, айнымас жанкештілікті талап ететін жауапкершілігі мол жол еді.Қызылорда облыстық ауруханасында интернатурадан өтіп, құлақ-мұрын, тамақ ауруларының толық құқылымаманы боп шығып, еңбек жолын Арал аудандық орталық ауруханасында бастады. Ақ халатты абзал жан ретінде ол әр науқастың дертіне шипа, көңіліне медеу бола білді.
Аз жылда тиісті тәжірибе жинаған жас дәрігер 1991-1996жылдар арасында Арал аудандық орталық ауруханада құлақ-мұрын, тамақ аурулар бөлімінің меңгерушісі болып жоғарлатылып, жауапкершілік артылды. Оның қабылдауына келген әрбір адам тек дәрігердің ем-домдық көмегін ғана емес, биік адамгершіліктің, өлшеусіз жан жылуының жайлы лебін айқын сезінетін.
Кейінқай қызметте жүрсе де, Алмас Жақсылықұлының адами болмысы еш өзгерген жоқ. 1996-2000 жылдарымедицина саласындағы заманалық жаңа реформаларға байланысты құрылған Қызылорда облыстық міндетті медициналық сақтандыру қорының Арал аудандық филиалында директор, 2000-2006 жылдары  аудандық денсаулық сақтау бөлімінің ұйымдастыру-әдістемелік орталығының басшысы қызметтерін үлкен іскерлікпен абыроймен атқарды. Ол басшы болса да, бойындағы қарапайымдылығын жоғалтпады, адамдарға деген жүрек жылуын қай-қашанда да суытпады. Терең кәсіби білімділігі мен ұстамы зор парасаттылығы, ерекше елгезектігі мен қайырым-қомы мол қамқорлығы оны барша әріптестері мен халықтың ерекше құрметіне бөледі. Адамгершілік ұстанымы бекем, айтар ойы мен сөзі орнықты зиялы жан болатын. Алмастың денсаулық саласындағы орасан еңбегі еленбей қалған жоқ. Ел өкіметі мен денсаулық сақтау саласы басшылығы  тарапынан  әлденеше рет Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттар иеленіп мәртебе-мерейі өсті.
     Кезінде Арал ауданының медицина саласында ұзақ жылдар қызметтес болған, әріптес ретінде сыйластықтары жарасқан белгілі дәрігерлер Нағашыбай Халықұлов, Досхана Ранов, Самат Ілиясов, Гүлжан Дошниязова, Толыбай Медетов, Асылхан Нұрқожаев, Арғынбай Асанбаев, Жолдасбай Жақсылықов, Әмірхан Жүсіпов, Жаңаберген Жұмахметов, Амантай Нұрпейісов, Шарапат Медетовтер, тағы басқа да халық ықыласына бөленген жандармен қатар, иықтаса қызметте жүруі – оның өмірінің жарқын да ұмытылмас сәттері еді. Өз мамандығы -  дәрігерлік қызметті алдына ауруы меңдеп келген әрбір науқастың кеудесіне үміт отын тұтатып, дертті жандарға өмір сыйлайтын кәсіп деп білген Алмас Жетесов қай уақытта да өзінің айрықша адами артық қасиеттерімен жұртшылыққа сүйкімді болып жүрді.
 Ол қай қызметте жүрсе де, ізденімпаздыққа негіздеген білімділігімен, тынымсыз еңбекқорлығымен және де өз мамандығының адал да арлы иесі ретінде алдыңғы қатарда болғандығын әлі күнге дейін замандастары құрметпен айтып, өзгелерге үлгі етіп отырады.Жаңалықтың жаршысы боп жүретін медицина қызметкері, қаламгер-эссеші Сайлау Ботабаевтың Алмас дәрігер туралы мақаласында «…Үнемі күлімдеп жүретін бұл адамды Хақ Тағала о баста адам жанының арашасына жаратқан ба дерсің. Ақ халатын киіп палатаға енгенде, науқасқа жанға жайлы жағымды дауыспен халін сұрағанда, кеселін ұмытып, оған үлкен үмітпен, оның құтқарушысы кездескендей, жанарынан үміт оты маздап қуана қарсы алатын. Үлкенді аға, кішіні іні тұтқан ибалы да ізетті, қимас ініміздің жарқын бейнесін ұмытқан емеспіз» деп тебірене мұңая жазған-тын.
     Айтса айтқандай, дарқан көңілді дарынды дәрігер туралы қызметтес жолдасы, жоғары санатты дәрігер Әмірхан Жүсіпов «Алекең жігіттің сұлтаны еді ғой. Жастық шақтың ең қызықты шақтарын бірге өткіздік. Қамшы сабындай қысқа ғұмыр-ай» деп сағынышпен еске алып қамықса, тағы бір ақ халатты асыл жан  Бақыттыгүл Төлепова «Сабырлы,көп сөйлемейтін, ешбір жанның көңіліне тиіп сөз айтпайтын жаны жайсаң әріптесіміз еді» деп еске алады.Ал білікті дәрігерге деген кешегі күнгі ем алғандардың айтар алғысы тіптен шексіз. Белгілі қаламгер, ақын Темірхан Әбдіков «Жақсылығы өткен ағам еді. Егер тірі болғанда, қолын алып бір алғыс айтар едім. Сол сезім гүлдеп, Кеудемде ән сап тұр әлі. Еске алам шөлдеп, Мен үшін сыйлы ағаны» деп ризашылығын бір ауыз керемет өлеңімен түйіндеп жеткізсе, аудандық мәслихаттың депутаты Лаура Ибраймова «Білікті дәрігер еді. Мектеп жасымда ангина ауруыма ота жасаған, құлан-таза айығып кеттім. Аман болғанда өзі секілді білімді шәкірттері көп болар еді»деп алғаусыз алғысын жеткізеді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді данахалқымыз. Алмас Жақсылықұлы ширек ғасырдан астам өңіріміздің экономикасындағы ерекше шаруашылық құрылымы болған "Құланды" жылқы зауытын басқарған,мал шаруашылығының көшбасшысы Жетесов Жақсылық пен ардақты ана Жетесова Шакен  ананың үлкен ұлы еді. Осындай текті шаңырақтан шыққан парасат-пайымы мол ұл да ел мен жұртқа арқасүйер, сенімді тірек бола білді. Жарасымды жанұяның алтын қазықтары атанды.
Өмірлік жары Бақтыгүл Мұқанқызы –Арал ауданының білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар танымал педагог. Ол - Қазақстан ағарту ісінің үздігі,"Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері болған, бүгінде ардагер ұстаз. Екі жақсы қосылған бұл отбасы – тек осы бір әулеттің ғана емес, тұтас бір өңірдің мақтанышы десек артық емес.Тәлім-тәрбие берген ата-ананың абыройын асқақтатын әрине саналы ұрпақтары ғой.
Алмас Жақсылықұлының артында қалған ұл-қыздары – оның өмірінің шынайы жалғасы. Қызы Жанар–ғылым мен білімнің биігінде жүрген жаңашыл да озық ұстаз. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, филология білімі бағдарламасы бойынша философия докторы(PһD) атанып жүрсе, күйеу баласы Самат–тарлан теміржолшы,машинист. Ұлы Әлімжан – Атырау мұнай-газ институтын бітірген мұнай-газ инженері.Ол қазіркәсіпкерлік саладатабысты еңбек етуде, келіні Эльвира жоғары білімді фармацевт. Қызы Анар – әке жолын жалғауды титтейінен армандап, Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік  медицина университетін «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша  тәмамдап, құлақ-мұрын,тамақ дәрігері болса, сондай-ақ күйеу баласы Нұрсұлтан да білікті дәрігер. Сүйікті немерелері  Гүлназ, Даулет, Асқар, Әсем, Әлинур, Әлихан, Ахмет–сол ұлағатты да өнегелі тәрбиенің өркен жайған жалғасы, әз-әулеттің болашақтағыжарқын үміттері. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, уақыт өткен сайын дарабоз дәрігер Алмас Жетесовтіңнар тұлғасы биіктей береді, есімі асқақтай түседі.
Иә, ол өзі шексіз сүйген мына жарық дүниеден ертелеу кетті… Бірақ оның шуақты мейірімі, жасаған жақсылығы, елге сіңірген еңбегі – мәңгілік. Ол – адамдардың жүрегінде, ұрпақтарының бойында, еліне қалдырған ізінде өмір сүруде.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист
05 мамыр 2026 ж. 104 0