"Атанши" – жаңа кітап

Менің өмірбаянымның бір белесі өңіріміздің бір пұшпағы шалғайдағы Атанши ауылымен байланысқан еді. Жас шағымда алты жыл осындағы №69 орталау мектепте мұғалім болып, ауыл балаларын оқыттым. Қой түлігін мыңғыртып отырған бір ғажайып жер болатын. Шағын болса да дәулеті де, сәулеті де келіскен ақ шаңқан ауыл еді... Жүздеген жанұяларға жұмақтай қоныс болған-тын... Бозғұлан, Шындалы, Тоқтықара, Әділхандай ел ағалары сүттей ұйытып отырған... Еңбегімен елге танылып жүрген шопандар, механизаторлар көп болатын... Бүгінде Атанши ауылы жоқ. Өтпелі кезеңнің өкпек желіне тап болып, жұрты ғана қалған...
1976 жылы ауданымызда "Жіңішкеқұм" кеңшары құрылғанда, оның №1 фермасы осы Атаншиде орналасқан екен. Міне, оған да 50 жыл болыпты. Жер-жердегі атаншиліктер енді жарты ғасырлық мерейлі межені атап өтпекші боп уағдаласқан-тын. Соның бір шаруасы– Атанши ауылы, оның адамдары туралы кітап шығару деп келіскен. Кітапты жазу шөбі қолға қалам алып жүрген бізге түскен соң, бес-алты ай жазу столына табжылмай байланып, архив ақтарып, деректер жинап, естеліктер айттырып, жақында Алматының "Арна" баспасынан 304 беттік көлемді "Атанши" атты жинақты шығардық. Бір ауылдың бүкіл шежірелі, сан тарам, сырлы тарихын күн-түн отырып қал-қадерімізше түгендедік.
Бұл еңбегіміз аудан өлкетануындағы бір соқталы дүние болып қалса деген бастапқы мақсатымызға жеттік-ау деп, енді марқайып отырған жайымыз бар.










