Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Асыл ағаның қамқорлығы

Асыл ағаның қамқорлығы

70-жылдардың аяғы ма, әлде 80-жылдардың басы ма, сол кездегі аста­намыз Алматы қаласында республика­мыздың түкпір-түкпірінен барлық облыс­тардан 35 жанұялық ансамбль өнер бай­қауына келді. Бұл үлкен дода еді. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" дегендей, сон­шама жанұялық ансамблдің ішінен оза шауып, бәйге алу оңай емес.
Осы өнер додасына айдынды Арал жағасынан біздер де, яғни Сыдықовтар жанұялық ансамблі де үмітімізді үкілеп бардық. Байқауға келген өнер ұжымдары­на қарасақ, көбінің 10-15-ке дейін мүшелері бар. Ал біздің Сыдықовтар отбасылық музыкалық ұжымымызда бар болғаны бес-ақ адамбыз. Мүкең, яғни Мұрат Сыдықов, мен Базар Қостаева, қобызшы Тәжібай Үмбетәлиев, бала­лар­ы­мыз Жандос пен Төлеген Сыдықовтар еді. Осыны көргенде әжептәуір ойланып та қалдық. Алайда талаптанып келген соң тау қопарардай екпінімізбен әсем қала Алматының үлкен сахнасына барлық талапкерлер бірімізден соң біріміз жар­ыса шығып, өнер көрігін қыздырдық.
Өнер байқауын үкіметі­міздің биік шенді басшыларымыз келіп көріп отыр­ды. Концерттік номерлер бірінен бірі өткендей еді.
Байқау да мәресіне жетті. Содан өнер байқауының әділқазылар алқасының төрағасы, атақты композитор Еркеғали Рахмадиев шешім шығарған қорытын­ды сөзінде: "Алыста­ғы Аралдан келген Сыдықовтар ансам­бл­і­нің мүшелері саусақпен санарлық, яғни бесеу-ақ болса да, музыкалық орын­дау деңгейі өте жоғары болды, көңілі­міз­ден шықты. Мұндай шебер орындау­шы­лық кәсіби деңгейді, көп дайын­дық­тан өткендіктерін көрсетті. Мәскеу қала­сын­да өтетін концертке жолдама Сыдық­овтар жанұялық ансамбліне беріледі..." деді. Қуанышымызда шек болмады. Төбеміз көкке жеткендей боп қалдық. Құттықтаушылар да жетіп артылады.
Мәскеуге жолдамамызды қолға алып, қуана-қуана туған жерге оралдық. Талай байқау сайыстарды көрген Мүкең мұн­дайда шаршау дегенді білмейді ғой. Бір ай бойы үйде де, сахнада да Мүкеңнің басқаруымен жатпай-тұрмай дайындал­дық.
Сөйтіп қызу дайындықта жүргеніміз­де, бір күні Алматыдан Мәдениет министрлігінен: "Мәскеуге бармайсыздар, дәл қазір ол жақтан қонақ үйлерден орын табу өте қиын" деген хабар келді. Қуан­ышымыз су сепкендей басылғанмен де, жаспыз ғой, бір сыласы әлі де болып қалар деген оймен өзімізше дайынды­ғы­мызды жүргізіп, алаңсыз жүріп жаттық.
Бір күні аудандық мәдениет бөлімін­дегі басшыларымыз: "Сіздерді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бодаш Уәлиев шақырып жатыр" деген хабарды жеткізді. Неге шақырғанын түсінбей, Мүкең екеуіміз аудандық партия комитетінің Орталық алаңдағы еңселі ғимаратының табалдырығын аттадық.
Осыдан біраз күн бұрын біздің Алматыдағы өнер сапарымыз туралы, одан жеңімпаз болып оралғанымыз жайында аудандық "Толқын" газеті, облыстық "Ленин жолы" газеті сурет­терімізбен бірге мақалалар жариялаған болатын.
Шақырылған уақытында ауданның бірінші басшысының кабинетіне кірдік. Жылы жүзбен қарсы алған Бодаш ағамыз аз-кем өз жайымызды сұрағаннан кейін:
-Алматыдағы республикалық деңгей­дегі байқауда топ жарып, таланттарыңызды үлкен сахнада белгілі адам­дардың алдында абыроймен көрсеткендеріңіз құтты болсын!-деп құттық­тап алды да: -Ал енді Мәскеуге қашан жүргелі жатырсыздар?-деп сұрады.
Басшының сұрағына Мүкең:
-Өзіміз де түсінбей қалдық, жеңіп алған жолдамамыз қолымызда. Бірақ бармайтын боп тұрған жайымыз бар. Қазақстанның Мәдениет министрлігі бізге осылай құлағдар етті,-деді сәл көңілсіздеу үнмен.
-Неғыл дейді, мұны сендерге кімдер айтып отыр? Бұлары дұрыс емес қой. Үлкен қаладан, астананың қонақүйінен бес адамға орын табылмады дегені не сұмдық?! Олай болмайды! Бүкіл қызыл­ордалықтарды тік тұрғызсам да, сендердің Мәскеуге баруларыңа мүмкіндік жасаймын,-деді аудан басшысы ашулы қабақпен.
Енді қалай болады екен дегендей біздер үнсіз отырып қалдық. Бодаш Уәлиұлы нық дауыспен:
-Сіздер бара беріңіздер, дайындық­тарыңызды үзбей, жақсылап жалғастырыңдар. Ертең Мәскеуде ұят болмайтын болсын. Ол жаққа бару жағын уайымда­маңыздар, өзім айналысамын,-деп шы­ғарып салды.
Содан тамыз айының орта тұсында жиналып Мәскеуге жүретін болдық. Өйткені бірінші басшымыз айтқан сөзінде тұрып, біздің ол жаққа бару сапарымыздың барлық мән-жайын нақтылап берді. Бір қызығы, кең жүректі, ақ тілекті бірінші хатшы Бодаш Уәлиев ағамыздың өзі шығарып салуға вокзалға келді. Бұл не деген құрмет десеңші! Дән риза болдық. Үлкен кісіге деген айтар алғысымызда шек жоқ еді. Біз жүрердің алдында Бодаш Уәлиұлы сол кездегі Мүкеңнің жұмыс істейтін мекемелері - Арал балық комбинаты мен қаладағы балабақша мең­герушілеріне теле­фон шалып, іс-сапар қаржылар­ын дұрыстатып, "Бас-аяғына жете­тіндей етіп төлеңдер" деп тапсырма беріпті.
Сол кездегі ел астанасы Мәскеуге көңілімізге қанат бітіп, үлкен қуаныш үстінде марқайып бардық. Сыдықовтар ансамблінің концерттік номерлері мәскеуліктер мен қала қонақтарының қоше­метіне бөленді. Әр концертімізден соң, әр күн сайын өңір басшысына рахметімізді айтумен-ақ болдық. Қаржы жағын шешіп бергендіктен де Мәскеудің жақсы-жақсы мейрамханаларына барып тамақтандық. Тіпті елдегілерге алар сан алуан базар­лық­қа да ақшамыз молынан жетіп жатты. Дәл мұндай сәтті өнер сапарлары күнде бола бермейтіні белгілі ғой.
Мәскеуден оралған соң біздің ондағы концертіміз туралы газеттер жарыса жазып, біраз мақтаулар естідік. Әсіресе аудандағы досымыз, ақын, "Толқын" газетінің қызметкері Серік Сейітмаған­бетұлы бүге-шүгесіне дейін жазып отыр­ды. Айтса айтқандай, біз осы жолы Бүкіл­одақтық фестивальдің лауреаты атандық. Біз Аралға барам дегенше Серік дос­ымызға хабаралаған жетістіктерімізді газетке шығарып үлгерген екен. Осындай мүмкіншілік туғызған ел ағасы Бодаш Уәлиұлы екенін ұмытамыз ба.
Мүкең мені ертіп келген күннің ертеңіне ауданның бірінші хатшысының кабинетіне бардық. Біздің жадырай күліп берген сәлемімізді алған Бодаш аға риза­лық кейіп танытты. Сөз ауанына қара­ғанда біздің барша жетістіктерімізді, концерттік сапарымызды газеттен оқып, біліп отырғаны білінді.
-Біздің Аралдың атын шығардыңдар. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Міне, Мұрат бастаған Сыдықовтар отба­сылық ансамблі лауреат атанды. Бұл жал­ғыз біздің ауданның ғана емес, Қызылор­да облысының мәдениеті мен өнерінің жетістігі. Өте жақсы, азды-көпті еңбегі­мізді  керемет өнерлеріңізбен қайтардың­ыз­дар. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Шығармашылық табыстарың мұнан да биік, мұнан да мәртебелі болсын,-деп бата берерліктей тілегін риясыз жеткізіп бізді шығарып салды.
Одан кейінгі жылдарда біздер - Қазақ­стан Композиторлар одағының мүшесі Мұрат Сыдықов пен оның жанұялық ансамблі елімізде үлкен-үлкен концерттер қойдық. Алайда бізді алғаш боп демеген Арал ауданының бірінші хатшысы Бодаш Уәлиұлы ағаның осы бір қамқорлығы ешқашан естен кетпейді.
Базар ҚОСТАЕВА,
 Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі
12 тамыз 2026 ж. 118 0