Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өткенді ұлықтау – бүгінгінің парызы

Өткенді ұлықтау – бүгінгінің парызы

Көлімбеттің Дандайынан тарайтын төрт ұрпақтың бірі – Мерген аталығы. Бұл шежіре білетіндерге жақсы таныс. Бүгінгі күні осы ұрпақтан тарағандар тектерін қастерлеп, бірлігі ұйысқан, өсіп-өнген елге айналып отыр.
Заманында Мерген бабамыз халқының қадірлісі болған әрі елінің біртұтас ауызбіршілігін сақтаушы ретінде есімі ерекшеленген. Өмірден өткеніне үш ғасырдай болған. Өкініштісі деректер сақталмаған. Тек біздің білетініміз Мерген бабамыздан алты бала тарағаны. Оның ішінде Қарашора, Қармыс би. Басқалары жас болған. Ағалы-інілі екеуі ел арасында, жорықтарда бірге жүргендіктен айырмай, бірге атап өткен. Бұл дерек репрессия құрбаны ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының "Сартай батыр" дастанында көбірек кездеседі.
Тағы бір дерек: Көлімбет Құрымға баласы Байкісі ас бергенде інісі саналып кеткен Қармыс би көпшілікке ертең өтіп, арғы күні аламан бәйгеге шабатын жүлдеге санап шығарған 5000 жылқы, 1000 нар, 600 қой, 1000 сиыр мен 600 нардың үстіне атлас кілем жабылатынын жар салып:
Ас иесі бес Шекті,
Атың келсе бәйгеден.
Мал басына бармаңдар,
Бір тұяқ та алмаңдар.
Жауда қалған орта жүз,
Көрсетіп көмек беруге,
Осы жүлдені қамдаңдар, – деуі көрегендіктің нышаны емес пе? Мұндай сөзді көпшілік жиналған жерде ықпалын елге жүргізе алатын адам ғана айтатыны хақ. Яғни, "тектіден текті туады" деген сөз бекер айтылмаса керек.
Мерген бабамыздың бұдан басқа да Тоқшора, Қожакелді, Меңдібай, Қалдыбай сынды балалары да ешкімнен кем болмаған. Олар да ұрпақтан ұрпаққа жатталып, ұмытылмас есімдерге айналып отыр, шүкір!
"Өлі разы болмай, тірі байымайды" демекші жақында дүйім Көлімбеттен тараған Құмбазар елдімекенінің мешітінде Мерген аталығын еске алу, ас беру рәсімі өтті. Оған Қазалы, Арал, Тереңөзек аудандарынан және басқа да өңірлерден ағайындар мен қонақтар шақырылды.
Жиналғандар алдымен Көлімбет қорымына қойылған "Мерген" шаңырақ белгісіне тағзым етіп, марқұмдарға бағыштап дұға оқыды. Одан кейін Құмбазар ауылдық клубы қызметкерлері ұйымдастырған коцертті тамашалап, жас жыраулар, термешілер Нұртуған шайырдың өсиет, нақыл сөздерін, Дәріқұлдың жырын әуелетіп, барша ұйып тыңдады.
Ақсақалдар Мерген ұрпақтарының үлгі боларлық шарасына ризашылық білдіріп, сөз сөйледі. Дәстүр бойынша оларға шапан жауып, батасын алды. Сондай-ақ, ас беруде бастамашы болған Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері Бақыт Жолтерекұлына, Байқоңыр қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Жақан Айтөреевке, Қазалы қаласының тұрғыны Көпболсын Жиенәлиевке ерекше алғыстарын айтты.
Амангелді ӨТКЕЛБАЕВ,
ардагер журналист
22 тамыз 2026 ж. 57 0