Алашаның жібін үзбеген әже
Алаша – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнердің бірі. Кезінде әр үйдің төрінен орын алған бұл өнерді бүгінде зейнет жасында болса да, қолынан тастамай, кейінгі ұрпаққа үйретіп жүрген жандар бар. Солардың бірі – бала күнінен анасы мен әжесінен алаша тоқуды үйреніп, араға жылдар салып қайта қолға алған Шөміш ауылының тұрғыны Гүлнар Анапияева. Өзі үшін бұл кәсіп – ермек қана емес, анасы мен әжесінен қалған өнегенің жалғасы.– Алаша тоқуды анамнан, әжемнен үйрендім. Кішкентай кезімізде үйге көрші қыздар, туысқандардың қыздары келіп, шешемнен алаша тоқуды үйренетін. Әжем алаша тоқуға қажетті терімдердің түр-түрін салып, бояп, дайындап беретін. Біз 3-4 сыныпта оқып жүрген кезімізде анамыздың алашасын тоқып, кейде бұзып та қоятынбыз. Кейін қолымыз үйреніп, өзімізге тоқытып қоятын болды. Осылайша бала кезімізден алашаның қасында өстік.
Кейін тұрмысқа, жұмысқа байланысты біраз уақыт алаша тоқымай кеттім. Бірақ бұл көңіл түкпірінде сақталып жүрді. 2017 жылы Астанадағы ЭКСПО көрмесіне шақырылдым. Сол жерде алаша тоқитын шеберлердің аз екенін естігенде, бірден анамның өнері есіме түсті. «Қолымнан келеді. Неге мен тоқымаймын?» деген ой келді. Үйде анамнан қалған жіптер бар болатын. Сол жіптерді алып, бояп, қайтадан алаша тоқуды бастап кеттім.
Негізі, біздің ауылда алаша тоқитын аналарымыз бен әжелеріміз өте көп еді. Өкінішке қарай, уақыт өте келе ұмыт бола бастады. Соған қатты қынжылдым. 2017 жылы Қызылорда облысынан алаша тоқудан бір ғана Ханым апаның шыққанын естігенде, «Неге Аралдан алаша тоқитын адам шықпауы керек?» деген ой мені одан сайын жігерлендірді. Содан бері осы өнерді үзбей жалғастырып келемін.
Алаша тоқу оңай жұмыс емес. Бір үлкен, жақсы алашаны дайындауға шамамен үш ай уақыт кетеді. Оның көп уақыты жіпті иіруге, бояуға жұмсалады. Ұршықпен жіпті иіреміз, бояймыз, кептіреміз, содан кейін ғана өрмекке салып тоқуға кірісеміз. Ал дайын жіппен алашаның өзін шамамен 18-20 күнде тоқып шығуға болады.
Бұл өнерде атадан қалған құралдардың да орны бөлек. Негізгі қолданатын жабдығым – ата-бабадан келе жатқан өрмек ағаш. Сыныптас құрбыларым да өз аналары мен әжелерінен қалған құрал-жабдықтарын маған берді. Олардың арасында жіптер, өрмек ағаштар, ұршықтар, алаша тоқуға алдын ала иіріп қойған жіптер бар. Сол кісілердің берген жабдықтары маған үлкен көмек болды. Алашаларымды тоққанда сол аналарымның рухына сыйынып, ықыласпен тоқимын.
Алаша тоқу мен үшін жай ғана қолөнер емес. Тоқыған кезде ерекше бір күйге енемін. Кішкентай кезімдегі, жастық шағымдағы естеліктерім есіме түседі. Үйдегі балаларға айтып жүретін әндерімді айтып отырып тоқимын. Бір жағынан қолыңдағы жұмысыңды істейсің, екінші жағынан ойың бөлініп, түрлі қиындықтарды, ауруды, проблемаларды ұмытып қаласың. Өрнектерін салып, алашаңды бітіруге асығасың. Сөйтіп, көңіліңе де жылу беретін бір дүние дүниеге келеді.
Алашаның әр өрнегінің өз орны, әр тоқымасының өз ерекшелігі бар. Әжем мен анамнан шым теру, түрікпен теру, тиыршықтап теру, ара теру, қақпа алаша секілді тоқудың бірнеше түрін үйрендім. Қазір осы тоқу түрлерімен түрлі фестивальдерге қатысып жүрмін.
Қолөнерге деген қызығушылығым мен ата кәсіпті жалғастыру ниетім мені түрлі фестивальдерге алып келді. 2021 жылы Семей қаласында өткен қолөнершілердің халықаралық көрмесінде III орын алдым. 2022 жылы Екатеринбург қаласында өткен «ИННОПРОМ» көрмесіне делегат ретінде қатыстым. Сол жылы Шымкент қаласында өткен «Алтыннан да ардақты алаша» конкурсының жеңімпазы болдым. 2023 жылы Абай облысында өткен «Асыл мұра» фестивалінде «Төлтума» номинациясын иелендім. 2025 жылы Шығыс Қазақстанда өткен «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалінде I орын алдым. Сол жылы Қызылорда облысының қолөнершілер көрмесінде де I орын иелендім. 2026 жылы Зейнолла Шүкіров бірлестігі бойынша халықтың таңдауымен «Үздік қолөнерші» атандым. Биыл Өскемен қаласында өткен фестивальде «Үздік дәстүрлі басқұр» номинациясына қатыстым.
Осы фестивальдердің ішінде Шымкентте, Семейде және Шығыс Қазақстанда өткен шаралар ерекше әсер қалдырды. Себебі ол жақта ұлттық өнерге деген құрмет ерекше. Қазылар алқасы да, халық та қолөнерге қызығушылықпен қарап, еңбегіңді бағалайды. Фестивальдер арқылы өз өнеріңді көрсетіп қана қоймай, басқа шеберлерден де үйренуге мүмкіндік аласың.
Қазір мен Қазақстан шеберлер одағының және Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесімін. Сонымен бірге «Республикалық ұршық» қоғамдық бірлестігімен жұмыс істеймін. Биыл Американың Аризона штатынан келген шеберлермен де тәжірибе алмастық. Олардан көптеген тоқу тәсілдерін үйрендік. Осындай кездесулердің арқасында өзің білмейтін дүниені үйреніп, тәжірибеңді толықтыра түсесің.
Мен үшін осы өнердің ең маңыздысы – оны өзіммен бірге алып кетпей, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Қазақта «көзім тірісінде» деген сөз бар ғой. Мен де осы кәсіптің өлмей, өшіп қалуын қалаймын. Сондықтан қазір алаша тоқуды үйретіп жүрмін. Жақында Сәтбаев қаласынан Гүлсара деген апай келіп, менен үйреніп кетті. Қазір Көкшетау қаласына фестивальге барып, сол жерде тоқу сабағын өткізгелі отырмын.
Өзіміздің жақта алаша тоқуды үйренуге ниетті адамдар бар. Солардың қатарын көбейткім келеді. Себебі бұл – жай ғана бір бұйым тоқу емес, атадан балаға жеткен ұлттық өнерді сақтау. Әжем мен анамнан алған өнерді өзімнен кейінгі ұрпаққа жеткізсем, мен үшін одан үлкен қуаныш жоқ.
Алдағы мақсатым – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі фестивальдерге қатысып, өз өнерімді көрсету, өзім білмейтін алаша тоқудың жаңа түрлерін үйрену және ұлттық өнерді кейінгі жастарға үйрету. Үйренемін деп ниет қылған адам болса, білгенімді аямай үйретуге дайынмын.
Бүгінде зейнет жасында отырғанымен, кейіпкеріміз қолөнерден қол үзген жоқ. Керісінше, бос уақытын ұлттық өнерді дамытуға арнап, алаша тоқудың дәстүрлі үлгілерін жаңғыртып, білгенін кейінгі буынға үйретіп келеді. Ол үшін әрбір тоқылған алаша – өткен күннен жеткен естелік қана емес, анасы мен әжесінен қалған өнердің жалғасы. Сондықтан бар мақсаты – өзі меңгерген өнерді кейінгі ұрпаққа аман жеткізіп, алаша тоқудың жібін үзбеу.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ










