Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Алаяқтардың 70 пайызы – әйелдер»

«Алаяқтардың 70 пайызы – әйелдер»

Кейінгі кезде алаяқтардың торына түсіп, пұшайман күй кешіп жүргендер көбейді. Бірі қаржы пирамидасына ірі көлемде қаражат салып сан соқса, енді бірі бейтаныс адамның  телефон қоңырауынан түскен жалған ақпарға имандай сеніп, артынан ақұрып қалуда.  Бұл халықтың құқықтық сауатының қандай деңгейде екенін көрсете ме, әлде әлеуметтік ахуалдық бүгінгі бет-бейнесін сездіре ме? Жалпы мұндай жағдайлардан аулақ болу үшін қалай сақтану керек? Осы  сауалдар бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдібек Жаназаровпен аз-кем пікірлескен едік.
–    Әбдібек Сламбекұлы, қазір алаяқтық әрекет белең алып тұр. Өз құрбандарын табуда неше түрлі айла-шарғыға баратындар көбейді. Тіпті, шімірікпестен құқық қорғау қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындарды алдауға көшті…
– Оныңыз рас. Кейінгі уақытта қала тұрғындарының үй және ұялы телефондарына белгісіз тұлғалар хабарласып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстыратындар көбейді. Алаяқтар сіздің балаңыз немесе жақыныңыздың есірткімен ұсталғаны не өзге де жалған деректер келтіріп, қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін қомақты қаржы талап етеді.
Алуан түрлі айласы бар олар әсіресе, үй телефонына хабарласып, қарт адамдарды өз құрықтарына түсіруде. Өйткені үлкен адам кішкентай бала секілді сеніп қалады. Ешкімге айтпауды бұйырып, келісілген қаражатты «KIWI кошелёк» арқылы аударуды сұрайды. Осы сияқты оқиғалардың құрбаны болмас үшін, бірінші кезекте аты-жөні аталған жақындарыңыз бен балаларыңызға хабарласып және олардың нақты аман екеніне көз жеткізуіңізді сұраймыз. Егер сол сәтте ұялы телефоны сөндірулі немесе байланысу мүмкіндігі болмаған жағдайда «112 арнасына» хабарласып, қажетті ақпараттар алуға болады.
– Алаяқтық  жасайтындар  ішінде әйел азаматшалардың көбейіп баратынын естіп отырмыз. Осының жай-жапсарын екшелеп көрдіңіздер ме? 
– Жасыратыны жоқ, қазір басқармаға арызданып келушілердің басым көпшілігі –  алаяқ әйелге алданып қалғандар. Жалпы алаяқтық деп өзге адамның мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқығына заңсыз барғандардың кез келгенін жатқызуға болады. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады және басқаның сеніміне кіріп, қастық әрекет жасайды. Көбіне алданып, сан соғып қалғандар «ақшамды қайтарып береді» деп күтіп жүреді. Шыдамы әбден таусылғаннан кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Алаяқтық қылмыспен айналысатындардың 70 пайызы – әйелдер. Бұл – әрине, алаңдатарлық жағдай.
–    Құқықтық сауаттылықты қалай арттырамыз?
–    Қазіргі таңда алаяқтық қылмысы былтырғы жылмен салыстырғанда 44,1%-ға азайған. Ол дегеніміз халықтың құқықтық сауатының жылдан-жылға өсіп келе жатқандығын білдіреді. Полиция қызметкерлері күнделікті халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сақтану жолдарын түсіндіруде. Осыған мән берілуі қажет. Қазір ақпараттық қолжетімділік қанша дәуірлеп тұрғанымен, алдап-арбаудың жетегінде кетіп жатқандар көп. Сондықтан нақты, ресми әрі саналық тұрғыдан сүзгіден өткен ақпаратқа мән берген абзал.
–    Өзіңіз айтқандай, әлеуметтік желінің ықпалынан талай адам сан соғып жатыр. Ендігі амал қайсы, қалай сақтанамыз?
– Мәлімет үшін айта кетейік, жыл басынан 224 алаяқтық дерегі тіркелсе, оның 121-і осы интернет арқылы жасалған. Бүгінде биржа арқылы ақша табуға болатынын білеміз. Бірақ жалған сайттар сол биржаның атын жамылып, алаяқтық жолмен жұмыс істейді. Олардың жалған екенін халық айыра алмайды. Сондықтан қомақты қаражатынан айырылып қалады. Ең алдымен сайттарды тексеру қажет. Тағы бір жолы – электронды пошта немесе ұялы телефонға «сіз ұтыс ұттыңыз» деген хабарлама жібереді. Кейін сол ұтып алған ұтысты шешу үшін салық төлеуіңіз керек болады. Ұтыс деген сөзді ести сала кейбір адамдар қомақты қаражатқа ие боламын деп бар ақшаны аударып жібереді. Жалған ақпаратқа сенбеңіз. Instagram желісі арқылы тауар сату және сатып алуда абай болған дұрыс.  Алаяқтар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты сендіреді. Әдемі киім немесе зат көрсек қызығып, сатып алғымыз келеді. Тауар қатты ұнағаны соншалықты алдын ала ақшаны  аударамыз.  Ол дұрыс емес. Сондықтан тауарға тапсырыс  бермес бұрын нақты ақпаратқа көз жеткізу керек. Алдап-арбаудың тағы бір түрі – сізге банк қызметкері болып қоңырау шалады. Сіздің есеп шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керегін айтып сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеу қаупі бар деп есеп шотыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жібереді. Банк қызметкері хабарласып, сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етпейтінін естен шығармаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, өз-өзіңе бекем болу, сауатты әрекет жасау қауіпсіздіктің кепілі. Жалпы жұрт осындай маңызды мәселені әлдебір желі жүзінен емес, тасқа басылып түсетін әрі сұранысы мен жауапкершілігі бар газет не нақты дерек көздерінен іздесе дейміз.
Әңгімелескен
 Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
28 мамыр 2022 ж. 7 596 0