Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айна Тұяқова: Арал – дәстүрлі өнердің қара шаңырағы

Айна Тұяқова: Арал – дәстүрлі өнердің қара шаңырағы

Әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі секілді мәдениеті мен өнері болады. Сол арқылы өскелең ұрпақ тәрбие мен жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, әрі қарай жалғастыра беретіні анық. Иә, әрбір адамзат баласына дүние есігін ашқан сәттен бастап Жаратушы өзіне тән қасиет береді. Мәселен, бірінің сурет салуға икемі болса, енді бірінің ән айтуға немесе жыр-терме өнеріне қызығушылығы болары сөзсіз. Біздің Сыр өңірі де өнерден кем де емес. Талай талант иелері шыққан теңізді өлкеден әлі де таланттардың шығары сөзсіз. Міне, бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Арал ауданының жыр-терме өнеріндегі деңгейі. Осы тұста «Арал аудандық мәдениет орталығы» КМҚК-ның директоры Айна Тұяқовамен сұхбат құруды жөн көрдік.

– Қайырлы күн, Айна Қонысбайқызы! Сізге алғашқы сұрағым айдынды өлкеде дәстүрлі өнер қалай дәріптеліп жүр?
– Қайырлы күн! Сыр өңірінің бір шеті Арал өңірінің аймағынан «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» талай – талай терең ойшыл, ділмар, шешендер, жезтаңдай әнші, сал – серілер көп шыққан. Нұртуған шайыр бастаған Молда Бәйім, Нұрмағамбет, Емпембет, Құлжан, Иса сынды бабаларымыздың асыл мұралары халықтың рухани нәр алатын шежірелеріне айналды. Жыраулық – қанымызға сіңген қасиетті өнер. Арал – дәстүрлі өнердің қара шаңырағы. Сонымен бірге қазақы өмірдің қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді биік ұстанған киелі мекен. Осындай дүлдүлдердің асыл қазыналарымен сусындап өскен өнерлі жастарымыз жетерлік. Қазіргі таңда үйірменің дүлдүл жырау, жыршы-термешілерінен тәлім алып жатқан жас шәкірттерде сүлейлердің сарқытындай, алтынның сынығындай жыр көгінде жарқырап келе жатыр. Сонымен бірге аудан абыройын да шығарып жүргені анық.
– Жыраулық өнердің көшін жалғап келе жатқан шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз?
– Мәдениет орталығының үйірме мүшелері Сыр елінің мақам саздарымен терме-толғауларын үйреніп, Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді. Мәдениет орталығының алғашқы шәкірттері Хасенхан Кішкенеев, Абылайхан Бектасов, Мәди Нұржанов, Ерсейіт Әлиев, Ақмарал Ідірісова, Нұрайым Ерталапқызы, Ақдана Жәнділдаева, Аяжан Шынберген сынды талапты да талантты шәкірттері бүгінгі күні жоғары оқу орындарында дәстүрлі жырдан сабақ алып, қанаттарын кеңге жайып Арал өңірінің Нұртуған жыр мектебінің өкілдері ретінде халықтың қошеметіне бөленіп жүр.
– Мәдениет орталығындағы үйірмелердің жұмысында тоқталып өтсек?
–2019 жылы мәслихаттың қолдауымен Қарақұм елді мекенінен жыр-терме үйірмесі ашылып, ол үйірмеге Ғанибек Өмірзақов жетекшілік етеді. 2020 жылы мәдениет орталығына екі штат бірлігінде екі үйірме жұмысы қосылды. Олар «Домбыра үйренейік» үйірмесі және Арал аудандық мәдениет орталығы 2018 жылдың наурыз айының 12 –нен бастап «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста «Қорқыт. Қобыз» жобасы әзірленіп, Рухани жаңғыру өңірлік жобалық офисіне ұсынылған. Қазіргі таңда осы жоба аясында Мәдениет орталығында «Қобыз» үйірмесі ашылып, қобызшы Айымкүл Кимбаева жетекшілік жасауда. Қазіргі таңда мәдениет орталығында штаттық негізде 10 үйірме жұмыс жасайды. Атап өтер болсақ, «Нұртуған шайыр» үйірмесі, сонымен бірге «Жаңаберген жырау» үйірмесі, «Жақсан жырау» үйірмесі, «Дәріқұл жырау» үйірмесі және де «Әбілхан Маханов» үйірмесі, «Р.Әшімов» үйірмесі, «Қобыз» үйірмесі, «Ғ.Садықова» дәстүрлі ән үйірмесі, «С.Тілепов» күй үйірмесі, сондай-ақ «Сырлы бояу» үйірмесі. «Арал аудандық мәдениет орталығы» алдағы уақытта көптеген түрлі үйірмелерді ашуды мақсат етуде. Жалпы үйірмеге 145 оқушы қатысады. Оқушыларымыз жергілікті Сыр елінің 20-дан аса мақам – саздарын, 100-ден аса терме-толғауларын үйреніп, түрлі Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәдениет орталығының жанынан 2014-2015 жылдары әуесқой үйірме ашылды. З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік 2015 жылдан бері мәдениет орталығының жанынан құрылған. Шығармашылық бірлестік 5 секциядан тұрады. Құрамында Арал ауданының өнер өкілдері бар. Шығармашылық бірлестік жылына дәстүрлі түрде «Зейнолла жұлдыздары» атты жас ақындар мүшәйрасын өткізіп тұрады. Шығармашылық бірлестіктің жанынан «Арал әлемі» газеті ашылды редакторы, ақын Ерғали Абдулла.

– Айна Тұяқова, жыл көлемінде аудандағы ерекше іс-шаралар туралы сөз қозғасақ?
– Мәдениет орталығы 2012 жылдан бері қарай республикалық, облыстық, аудандық деңгейде ірі көлемді іс-шаралармен, Арал өңірінің Нұртуған шайырдан бастаған жырау, жыршыларына арналған еске алу жыр кештерін өткізіп келеді. Атап айтар болсақ, 2012 жылдан бері аудандық «Кәнеки, тілім сөйлеші» атты жыршы-термешілер байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Н.Қосжанұлының 115 жылдығына орай «Мың бала бастаған Сартай батыр» дастанын республикаға белгілі жыршы-термеші Н.Ойнарова жырлап, көрерменнің ризашылығын тудырған жыр кеші жоғары деңгейде өтті. Ү.Сапаровтың 100 жылдығына орай «Жезтаңдай жүйрік жырау Үмбетәлі» атты еске алу жыр кеші, сонымен бірге өзге де түрлі еске алу кештері жүйелі түрде өткізіліп келеді. 2024 жылдың 17 наурыз күні «Наурызнама» онкүндігі бойынша «Шаңырақ күні». Осыған орай, Отбасын қолдау орталығында жаңа отау көтерген жастардың неке қию және келін түсіру рәсімдері өткізілді. Қазақы дәстүрге сай беташар рәсімі ұйымдастырылып, отбасы құндылықтары дәріптелді. Одан соң салтанатты түрде жастардың некесі қиылып, жас отау иелеріне куәлік пен сый-сияпат табысталды. Ауданымызға белгілі мәдениет саласының ардагері, өнегелі отбасының ардақты ақсақалы Байнияз Тілепов жұбайымен бірге жас жұбайларға бата беріп, елімізге бақ-береке тіледі. Сондай-ақ басқа да түрлі мерекелер назардан тыс қалған емес. Оның барлығын тізбектей берсем де жетеді.

– Алда қандай іс-шаралар жоспарлануда?
–Алдағы уақытта көптеген жұмыстар жоспарланып отыр. Мысалы, Сыр елінің соның ішінде Арал өңірінің мақам-саздарын Атырау, Ақтөбе қалаларына концерттік бағдарламамен бару және Астана қаласының тікелей эфиріне жыршы-термешілерімізді қатыстыру ойымызда бар.

–Жалпы орталықтың қазіргі жағдайы қандай?
–Жүз жылға жуық тарихы бар «Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ғимараты 1936 жылы салынған. Жалпы жағдайы өте нашар. Ғимараттың шатырларынан су ағады, есік терезелері, едендері тозған. Көрермендер залы ескірген. Руханиятты орталықтың ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сұхбаттасқан, Айсауле НҰРЛАНОВА
06 сәуір 2024 ж. 3 455 0