Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақбосын Аралұлы: білікті маман қашан да сұранысқа ие

Бақбосын Аралұлы: білікті маман қашан да сұранысқа ие

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді қазақ. Қай заманда, қай елде болмасын, мұғалімнің орны ел үшін биік екені рас. Оның үстіне қазіргідей жан-жақты дамыған заманда қабілетің мен шеберлігің үйлесімділік таппаса, «мұғалім» деген атқа сын болмақ. Бұл орайда ауданымызда мақтануға тұрарлық білікті мамандар жетерлік. Олардың бірі талай шәкіртін ел асырып оқуға түсірсе, бірі ұстаздықпен қатар оқушылардың жеке қырын ашу үстінде. Бүгінгі сұхбатымыз жас маман, «Оқу ісінің үздігі» куәлігінің иегері, сонымен қатар аудан жастарын қолөнерге баулып жүрген Бақбосын Мұратбаевпен болмақ.
–Қайырлы күн, Бақбосын Аралұлы. Алғашқы сөз басын өзіңізбен таныстықпен бастасақ, жалпы өзіңіз туралы айта өтсеңіз?
–Мен өзім Арал ауданы, Аралқұм елдімекенінде дүниеге келгем. Сондағы №61 орта мектебінің түлегімін. Ата-анам сол мектептің білікті ұстаздары. Өзім де ата-анамның ізін жалғап, бүгінде №262 мектепте «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаймын.
–Жалпы осы мұғалімдік мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды? Ата-анаңыздың ықпалы болды ма?
–Негізі қазіргі жастардың мамандық таңдауына қызығамын. Оларға жастай өз қабілетіне қарай шыңдалуына жағдай жасалған. Біздің кішкентай кезімізде ондай болмады. Ауылда мектептен үйренген сабағымызды ғана оқитынбыз. Сондықтан есейгенше «икемім қай салаға келеді, бойымда қандай өнерім бар» деген сұрақтар көп мазаламайтын. Менің демамандық таңдауым да қызық болған. Үйдің үлкені болғандықтан ата-анам өз жолдарын қуғанымды қалады. Әкем дене шынықтыру мамандығын таңдағанымды қаласа, анам технология пәніне бейімділігімді байқап, соны ұсынған. Өзім де кішкентай кезімнен шимайлап сурет салатынмын. Осылайша Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетті бітірдім. Қазір анамның әріптесі болып көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Дегенмен кейіннен 2-ші мамандық ретінде «дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығын оқып шықтым. Кейіннен ізімнен ерген бауырларым да осы саланы меңгерді.
–Бүгінде мамандығыңыз бойынша бірнеше жылдық тәжірбиесі бар мамансыз. Еңбек жолыңыз қалай басталды?
–2017 жылы оқу бітіріп келген соң сол кездегі «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңадан салынған Жетес би ауылдық округі, Ескіұра елдімекеніндегі №281 мектепке жұмысқа орналастым. Ол жақта көп тәжірбие жинақтадым десем болады. Нағыз қазақылық сақталған ауыл көп әсер берді. Араға 3 жыл салып №262 мектеп-гимназиясына ауыстым. Ұжымдастарым өте жылы қарсы алды. Оның ішінде, Сисенов Руслан ағайым маған жол көрсетіп, білгенін үйретті. Жұмысқа орналасқан кезде ең алғаш: «Сізден тек жұмыс және нәтиже күтеміз» деген болатын. Сол сөзі маған ерекше дем берді. Соның арқасында болуы керек, сол жылы-ақ Қызылорда облыстық Білім басқармасының «Үздік көркем еңбек пәнінің мұғалімі-2020» байқауынан 1 орын алдым. Содан қазірге дейін осы мектепте жұмыс жасап келемін. Барша ағай-апайларыма алғысым шексіз.
–Қазіргі таңдағы «қалдықсыз Қазақстан» жобасына көзқарасыңыз қалай? Өзіңіз бұл салаға үлес қосып жүрсіз бе?
–Негізі Арал ауданында шеберлік өнері Құдайберген, Берік ағайлардан бастау алған. Кейіннен Нұржан, Әділбек ағайлар ізін жалғастырса, қазіргі таңда бізде сол қатарға қосылудамыз. Оның ішінде тастан, темірден, ағаштан, сүйектен бұйымдар жасайтындар бар. Ал өзім ауданда сазбалшықтан құмыра жасау өнерімен танылғанмын. Оның бір ерекшелігі Қызылорда-Ақтөбе облыс орталықтары арасында алғашқылардың бірі болдым. Бүгінде осы бағытта «GN» академиясында қосымша сабақ беремін. Ал нақты қоқыстан бұйым жасау шеберлігімен мектепте, сабақ барысында айналысамын. Оқушыларға білгенімді үйретуден, оның ішінде қоршаған орта тазалығына атсалысудан әсте жалыққан емеспін.
–Жаңа айтқандай, мұғалімдік жұмысыңыздан бөлек, өнер академиясында жұмыс жасайсыз. Осы жұмысыңызға тоқтала кетсеңіз...
–«GN» академиясында ашылған сәтінен бастап жұмыс істеймін. Оның алдында осы бағытты оқып келгендіктен, өзім де ендігі жерде өзгелерге үйретіп, білгеніммен бөлісудің жолын іздеп жүргем. Осылайша Назерке Әлиқызымен жолығып, сөйлесіп, жұмысқа орналастым. Қазір тегін және ақылы түрде сабақ өткіземін. Сурет салу, сызба сызу, құмыра жасау өнерлерін үйретемін.
Оқушыларға қиыны қазіргі таңда мектеп бағдарламасынан «Сызу» пәні алынып тасталған. Дегенмен ҰБТ уақытында шығармашылық бағытта таңдау пәні ретінде бекітілген пәннің бірі осы. Осы жағынан мектептегі оқушыларымды академияда қосымша дайындаймын. Тіпті ауылдық жерлерден келіп сабақ алатындар бар. Қазірге дейін көптеген оқушым арнайы конкурстарға қатысып, жүлделі орынмен оралып жүр. Шетелге оқуға түскендер де, конкурстан жолдама ұтып алғандар да. Барлығы дерлік еңбегімнің жемісін көрсетіп, үмітімді ақтап келеді.
–Қазір мектеп түлектерінің мамандық таңдау уақыты. Өзіңіздің болашақ әріптестеріңзге, педагогикалық мамандық таңдаған жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
–«Оқы, оқы және оқы» дегендей, білікті маман болу үшін тек оқу керек. Қазіргі жастардың ересек адамдарша ойланып, әрекет еткенін қалаймын. 4 жыл уақытын тек диплом алу үшін сарп еткенін қаламаймын. Оқып, тәжірбие жинақтап, «жастарға не бере аламын» деген ұстаныммен оқыған шәкірт болашақта еліміздің даму тұтқасын ұстар білікті маман болмақ.
–Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен, Гұлмарал САҚТАПОВА
15 шілде 2024 ж. 550 0