Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқын ҚАБЫЛША: Өлеңдерім шынайы сезім ноталарымен жазылады

Толқын ҚАБЫЛША: Өлеңдерім шынайы сезім ноталарымен жазылады

Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар,
Тағдырым анық,
Түсіне алмайды мені олар.
Афродитадай Гефестті сүйген от болып,
Кеудемде ыстық жебе бар.
Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі,
Ақынның жаны –
Тағдырдың қилы шешімі.
Гомерлер сүйген «Иллиада» сынды дастаны,
Ғұмырым менің – От пенен Судың кесімі!
Иә, қазақта өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. Мариям Хакімжанова, Зияш Қалауова, кейін келе Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина секілді ақындық өнердің шолпан жұлдызына айналған әйелдердің ізін Күләш Ахметова, Ханбибі Есенқарақызылар жалғаса, 90-жылдары Роза Қарева мен Жанна Елеусіздердің аты кеңінен танылды. Бүгінгі күні де ақын қыздар лек-легімен әдебиет әлеміне қадам басып жатыр. Солардың ішінде жаны нәзік, сыршыл ақын, халықаралық «Шабыт» Шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты, «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш», «Осы бір сәт ұнайды» жыр кітаптарының авторы Толқын Қабылшамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қайырлы күн, Толқын ханым! Алғашқы сөз басын өзіңізбен таныстықтан бастасақ. Қай өңірдің, қай елдің тумасысыз? Отбасыңыз, өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
  •  Қайырлы күн! Өзім туралы ғұмырдәйекке үңілсек, Алматы қаласында өмірге келгем. Дегенмен, мені қалың көпшілік «Сұлу сырдың сыршыл ақыны» деп бағам беріп жатады. Себебі, Қызылордада өсіп, мектеп бітірдім, «тұлға» ретінде қалыптастым, елге танылдым. Негізі, жаңа айтқандай, ата-анам оңтүстік астанада тағдыр қосқан. Мен сол аяулы сезімнен туған тұңғыш перзентпін. Өзімнен кейін 4 ер бала өмірге келді. Сондықтан болар, мені ата-анам «Бір түйір қызғалдағым» деп қатты еркелетіп, жақсы көретін. Әкем Шахарбек Қабылшаев әдебиетті жан-тәнімен сүйетін, ұлтжанды азамат болатын. Өзі мемлекеттік қызмет саласында жұмыс атқарса да, «қара сөздің ақыны» атанған шешендік қабілетіне көп адам сүйінетін-ді. Балаларының бойына өр рух пен адал, асқақ мінезді дарытқан әкем жайлы тіл қатқанда, кеудемізді толқыныс пен мақтаныш сезімі қоса кернейді.
Елінің есінде перзенттік қарыз бен парызға  адал, қалтқысыз азамат ретінде қалған әкем осыдан бес жыл бұрын өмірден озды.
Ал,анамыздың бойынан біздер мейірім мен нәзіктік, әдеп пен иба, кешірімшілдік дейтін ізгі қасиеттерді көріп, жетілдік. Бүгінде Толқын ақын болып танылып, қалыптассам, өн бойымдағы өміршең құндылықтардың бастауында осынау ұлы сезімдер жатыр. Бүгінде өзім де тұрмыстағы бақытты анамын. Жолдасым екеуміз ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырмыз. Сондықтан, отбасымды басты байлығым деп білемін.
– Көпшілікке журналист маманынан көрі, ақын ретінде көбірек танылдыңыз. Бойыңыздағы сыршыл ақындығыңыз қалай байқалды, өлеңге деген құштарлық қай жасыңызда басталған?
– Кімнің де болса, ең сұлу, ең сұңғыла, таза қабілеті мектеп жасында ашылады ғой. Менің де ақындық тұмса қабілетім мектеп қабырғасында оянып, алғашқы тырнақалды дүниелерім 4-5 сыныптың кезінде туған. Ол  кезде әдебиет пәнінен Жамбыл Қырданов деген ағайымыз ұстаздық етіп, поэзия сағаттарын ұйымдастыратын. Сонда алғаш рет «Мен отырмын терезе алдында» деп жазған балауса 2 шумақ өлеңімді оқығанмын. Сабақ соңында ағайымның: «Бәріңе рақмет, жоғары баға қоямын, бірақ араларыңнан болашақта шығатын бір ақынды көріп тұрмын. Ол – Толқын. Өлеңдерінен ақындықтың ұлы ұшқынын байқадым» деп қанаттандырған болатын. Кейіннен осы пәннен түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатыстым. «Сырдария», «Сыр бойы» газеттеріне алғашқы өлеңдерім, новеллаларым шыққанда да мектеп қабырғасындағы оқушы едім.
Сондағы ата-анамның қуанышында шек болмайтын. Әсіресе әкем барлық газетті үйге жинап, «бұл – мен қызым, келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесі де өзіме тартқан жалғыз гүлім» деп ерекше мақтанып, еркелетіп отыратын. Өзім де жастайымнан ең құнды деген сырларымды ата-анама хатпен жеткізетінмін. Анамның арнайылап жинаған папкасында сол кездегі естеліктердің бәрі әлі де сақтаулы.
– Өзіңіздің шығармашылығыңызда адам жанына жақын, сырлы, нәзік, астарында бір сағыныш пен мұң мұнартқан өлеңдер қатарын жиі байқаймыз. «Көп ақын өз табиғатын түсіне алмай ғұмыр кешеді» дейді ғой, жалпы өзіңіздің жаныңызды не нәрсемен салыстырар едіңіз, сіздің лирикалық өлеңге құштарлығыңыз немен байланысты?
– Ақын болу – ақиқатпен үндесу, ақын болу – өмірдің сан қилы сәттеріндегі күйініш, сүйінішіңді өлеңге айту, өлеңді өзім деп сырласу болса керек. Сондықтан менің жан дүниемдегі осы нәзік те терең сезім иірімдері, кеудені кернеген сағыныш пен алғаусыз мұң өлеңдерімде шынайы сезім ноталарымен жазылып, оқырман жүрегіне жетіп жатады. Негізі Абай ақын «Өлең, шіркін, өсекші, жұртқа жаяр» дегендей, кескінін білсек те, өлеңнен баз кеше алмайтын аяулы ғұмырдың  иесіміз. Бұл тұрғыда «неге өлеңдеріңіз мұңды, сізді не толқытады?» деген сұрақтарды жанымдағылардан, сұхбат барысында көп естіп қалып жатамын. Өзімнің болмысымды өлеңнен жасыра алмайтын жан ретінде, иә, менің кеудемді ұдайы тербететін сағыныш сезімі бар екенін жасырмаймын. Оның бәрі өлеңдерімде сыбырлап тұрғандай. Ақын болудың өзі – мұң кешу, алапат құшу. Ақын жаны – мыңдаған сезім толқынының тоғысқан мұнарасы. Сондықтан барлық сезімімді, ойымды, жанымды өлеңімнен ұғыну қалыпты жағдай.
– «Күн кешемін әйел емес, ақын боп!» деп жырлайсыз. Әйел-ақын болудың қиындығы неде?
– Бұл өлең менің тағдырға дат айтып, үн қатқан, сертімдей болған өлең.
«Аққа қара жұқпайтынын ұқтырып,
Көздерімде мөлтілдей ме шық тұнық?
Жазмышына жылап тұрып, дат айтқан,
Менің сүрген әр мезетім – мықтылық...
...Беу, дүние, болса-дағы датың көп,
Кінәлай бер, қаралауға хақың жоқ.
Аяқ асты ете алмайтын арманын,
Күн кешемін, әйел емес, ақын боп» деп жазған тағдырға айтқан базынам еді. Жалпы әйел болып ғұмыр кешудің өзіндік жауапкершілігі, миссиясы бар екені баршаға мәлім. Ол – жар болу,  ол – ана болу, ол – отбасының шырағын маздату, ол – өмірдің қиын сәтінде табаның тайқып кетпеу, ол – сын сағатта сүрінбеу және ұл-қызыңның үкілі үмітін ақтап, жарық дүниенің шамын сөндірмеу деп білемін. Ал әйел-ақынның бойындағы буырқанған сезімдердің, жан-дүниеңізді кернеген алапат дауыл мен боранның, кейде аптап ыстықта тоңдыратын ызғарлы сәттердің тегеурінін біліп, жүрегіңде әлдилеп жүріп күн кешу, әйел-ана болып таразының басын тең ұстау – ұғынғанға ұлы сын. Мен де сондай ғұмырды екшеп келе жатырмын. Негізі әр адамның өмірде өзіндік атқаратын миссиясы болады дейді ғой. Менікі ақын-әйел тағдырының ғажабын, ғазалын, ғанибетін өз жырларым арқылы оқырмандарыма жақсылықпен жеткізу болса керек. Осы жолда аяулы, мағыналы, мазмұнды тағдыр иесі болғаныма шүкір айтамын.
– Ақын болу халық алдында жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен бүгінде екі сөздің басын құрап, ұйқасы келсе «өлең, жыр» атын беретін жандар көбейді. Бұл жағдайға қандай пікір білдіресіз?
– Әдебиет – арда әлем. Бір кездері әдебиеттің табалдырығын жасқана аттаған қазақтың қаракөздері бұл күндері өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұлтымыздың поэзиясына өз үлестерін қосып келеді. Қазақтың қаракөздері дегенім, тек қана тұлымшағы желбіреген бойжеткендер ғана емес, қазақтың мықты тегеурінді ұл-қыздары. Бүгінде біздің замандастарымыздың әрқайсысы өзінің дара жолын қалыптастырып, әдебиеттің айна қатесіз бейнесі болуға үн қатып келеміз.
Әрине, кейде айналамызда екі сөздің басын құрап өзін танытқысы келген адамдардың болуы ғажап емес. Дегенмен, бәрі уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Уақыттың көзімен қарасақ, кімнің шынайы екені, кімнің жалған дақпырттың адамы екені сүт бетіне шыққан қаймақтай белгілі болады. Сондықтан, уақыттың ұлы дүрбісіне салуды жөн көремін.
– Қызылорда қаласында журналист болып қызмет етіп, Астанаға ауысқан едіңіз. Алдағы уақытта елге қайта оралу ойыңызда бар ма?
– Қызылорда қаласында, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында 14-15 жылдай қызмет еттім. «Маржан сөз», «Тіл-таным», «Өмір-Өлең» бағдарламаларының, «Өмірдің өзі» әлеуметтік ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі ретінде көптеген күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне ат салыстым. Мысалы, ата -анасы науқас Мырзабек есімді жас жігіттің баспаналы болуына үлес қосқаным, ең бақытты сәттерім ретінде есімде қалды. Соңғы екі жылдың бедерінде қызметім еңселі Елордадада жалғасын табуда. Оның бір жылында «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Абай» телеканалында «Тағдырлы туынды» атты зерттеушілік бағыттағы 20 деректі фильмді өмірге алып келдім. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап,  Баянауыл жері, Жетісу өлкесі, Маңғыстау өңірінде қаншама түсірілімдер жасадым. Сол 20 фильмнің ішінде айдынды Аралдан шыққан жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызы», Зейнолла Шүкіровтың «Арал  толқындары», Асқар Тоқмағанбетовтың «Шынар ана туралы аңыз» еңбектерін зерделеген толғақты дүниелер. Арал қасіреті тұтас  адамзаттың  қасіреті екенін ұғындырған, шағын, десе де көтерер жүгі ауыр ол фильмдер зиялы қауым өкілдері тарапынан оң бағасын алды. Бұл күнде «Хабар» агенттігі «Еларна» телеканалында «Тағдыр жолы», «Өмір –Өлең» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісімін.
Әрине, туған жерім, қалыптасқан ортам қымбат, алайда қайта оралу әзірге ойымда жоқ. Онда менің қайын жұртым тұрады, төркінім қазір Алматы қаласында.
– Айдынды өлке тұрғындары үшін «Толқын» сөзі көп мағынаны білдіретін, ыстық сөз. Есіміңізді кім қойып еді және не үшін?
– Есімімді әкем қойған. Анамның маған аяғы ауыр кезде дәрігерлер «Өмірге егіз қыз балалар келуі мүмкін» деп болжам айтыпты. Сонда ата-анам «Толқын, Самал» деген есімдерді дайындапты. Алайда өмірге мен жалғыз келдім. Осылайша «Толқын» атандым.
Жалпы табиғатымда кейде толқындай буырқансам, кейде самал желдей есемін. Сонда «Менің ішімдегі Самал үн қатып жатыр» деп бауырларыма, анама әзілдеп жатамын. Және кішкене күнімде өзімді-өзім әлдилеп ұйықтайтын әдетім болыпты. Тілім былдырлап шықпаса да, ыңылдап ән салады екенмін. Сонда әкем мені «ария из оперы Абая» деп айтатын көрінеді. «Бәлкім, ақындықтың алғашқы белгісі шығар» дейді анам.
Әрине, «Толқын» газеті Арал ауданында көп жылдан шығарылып, аралдықтар үшін ыстық баспасөз құралы ретінде аудан айнасына айналған. Кейде кездескен аралдықтар елеңдеп, «Толқын, қызым, Арал жаққа қатысың бар ма?» деп жиі сұрап қалып жатады. Жалпы, қай жағынан қарасақ та, теңіздің де, сезімнің де толқындары бойымда бар ғой.
– Қазіргі таңда қыз баланың табиғатына қатысты, феминизм, зорлық-зомбылық немесе олардың шектен тыс нәзіктігі туралы пікірталас көп. Ол туралы не ойлайсыз? «Жылай білмеген әйелден қорық» деген сөз бар ғой. ХХІ ғасыр қыздарына мықты болу талап па?
– Қыз бала – нәзіктіктің айнасы. Қазақ қызына төрден орын беріп, үкілеп өсірген, шашбауын тағып, сырт көзден қорғаштап, 40 үйден тыйым деп, тәрбиесіне мән берген. Олардың жат жұрттық екенін біліп, ұядан ұшқанда артынан беретін дүниесін ертеден баптап, оң жақта отырған қызын ерекше күтіп-баптаған халықтың ұрпағымыз. «Жұмақ ананың табанының астында», «Ең бірінші жақсылықты анаңа жаса, кейін әкеңе жаса» деп ұлтымызда әйел-ананың, қыз баланың орнын биік қойды. Сондықтан да қыз бала нәзік болу керек, жігерлі болу керек, ұятты-арлы болу керек, себебі болашақтың анасы – қыз балалар.
Ал бүгінде қоғамға сіңіскен зорлық-зомбылық оқиғасының бәрі өзгеден кіріптар болып келгендей біздің қазақылығымызға жат әдет. Орын алып жатқан әйелді ұрып-соғу, құқығын шектеу секілді өктемсу қылықтардан әйел адам қорғана білуі керек. Қайта айналып келмейтін аяулы ғұмырының бағасын біліп,  соны бағалайтын ер азаматтың етегін ұстағаны жөн. Яғни әйел барын бағалап, нәзіктігін сындырмайтын, жары деп сыйлайтын азаматпен тағдыр қосқанда ғана бақытты бола алады. Өмірде түрлі тағдыр кездесіп жатады, сонда да сабырмен, көркем мінезімен шілкем-шалыс ер адамды жөнге салып  отырған әйел-аналар да аз емес. Ең бастысы осы өнегені ер де, әйел де өн бойынан өшіріп алмаса екен деймін. Барлық әйел бақытты болуға лайық.
– Шығармашылық жолыңыздағы алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Шығармашылығымда мемлекеттік тапсырыспен 4-ші жыр кітабым дүниеге келіп жатыр. Бұйырса, жыл аяғында көпшіліктің қолына тиеді деп ойлаймын. Оған қоса, Астана қаласында «Бейбітшілік және Келісім» сарайында үлкен шығармашылық кешім өтіп, эстрада жұлдыздары сөзіме жазылған әндерді орындаған болатын. Оны да ел біледі, көгілдір экраннан «Хабар» телеарнасынан көрсетілімі болды. Енді алдағы уақытта публикаға емес, поэзияны шын сүйетін жандарға арнап жеке, эстетикалық кештер ұйымдастыруды қолға алуым мүмкін. Сонымен қатар жас ақындардың өлеңдері бірнеше тілдерге аударылып, оқырмандарға жеткен еді. Оның ішінде, әзірбайжан, түрік, испан, орыс және саха тілдері бар. Алдағы уақытта осы аударма мәселесінде де бірқатар жұмыстарды қолға алу ойда жүр. Оның бәрін уақыттың еншісіне қалдырамын.
– Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА
20 тамыз 2024 ж. 453 0