Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білім саласында бірегей бетбұрыстар бар

Білім саласында бірегей бетбұрыстар бар

Болашақ иелерінің келешегін кеңейтіп, ертеңін еңселі ететін білім саласы екені даусыз. Содан да шығар Мемлекет шәкірттерге қолайлы жағдай жасаудың жолдарын қарастырып келеді. Президент Қ.К.Тоқаев әрбір Жолдауында бұл салаға айықша көңіл аударып, болашағымыз үшін жарқын бастамаларға қол қойып келеді. Күздің алғашқы айындағы «Әділетті Қазақтан: Заң мен тәртіп экономикалық өсім қоғамдық оптимизм» атты стратегиялық құжатында да Мемлекет басшысы көп мәселенің мәнін ашты. Нақтырақ тоқталсақ, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету өзектілігі, жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік берілу керегі айталды.
Иә, қазан айының басында ұстаздар күнін Респубика көлемінде ұлықтау үрдіске айналғалы қашан. Бала бағбандарының кәсіби мерекесі қарсаңында ауданның бас педагогы, яғни, білім бөлімінің басшысы Санира Жанназаровамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Арал ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 48 мектептің ішінде 39-ы орта мектеп екенін бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде жақсы білеміз. Сондай-ақ, 3 бастауыш, 6 негізгі білім ұясы шәкірттерге дәріс беріп отырғанынан да құлағдармыз. Осы ретте Арал ауданында 4 «Жайлы мектеп» бой көтеріп жатыр. Сол жайында тоқтала кетсеңіз?
– Бұл рас. Мемлекет білім беру саласына ерекше қолдау танытып отыр. «Жайлы мектеп» жобасы да соның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Атап айтсақ, Арал қаласындағы тұрғындар көп шоғырланған мөлтек ауданның және де іргелі Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінде бой көтереді деп келісілген. Тарқатар болсақ, қаладан 2, ал Сексеуіл мен Жақсықылыштан осындай соңғы үлгідегі мектептер салу жоспарланған. Себебі, бала санының күрт артуы, халық санының өсуі байқалады. Бұл жақсылықтың нышаны деп білеміз.
– Аудандағы Тоқабай елді мекенінде салынған №248 орта мектеп сол кездегі мердігерлердің салғырттығынан апаттық жағдайда тұр деп танылып, аталған ауылдағы балалар мен ұстаздар қауіпсіздігі үшін қайта тұрғызуға жұмыс қолға алынған еді. Қазіргі жай-күйі қалай?
– Иә, орынды сауал. Талайды толғандырған бұл мәселеге оң көзбен қарағаны үшін ең бірінші кезекте облыс әкіміне алғыс айтамыз. Өйткені, аймақ басшысының тікелей назарындағы мәселе құрылыстың қайта жандануына септігін тигізді. Қазіргі таңда жаңадан жеке инвестор есебінен мектеп жұмысы жандану үстінде. Іс басындағы құрылысшылар осы қарқыннан бәсеңдемесе, 100 орындық мектеп ғимараты ел игілігіне берілетініне сенім мол.
Бұдан бөлек, Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекеніндегі 50 орындық негізгі орта мектептің ғимараты да аймақ басшысының тікелей ықпалымен жеке кәсіпкердің есебінен салынды.
– Аудан мектептері арасында топ жарып, білім бәйгелерінде алға озған білім үйлері көптеп саналады. Оны талай рет айтып та, жазып та жүрміз. Патша көңілді оқырмандарымыз орта білім беретін үздік ұйым конкурсында жеңімпаз болып, миллионер мектеп атанған еді. Кәсіби мереке қарсаңында білім саласындағы жарқын жетістіктерді қаузаған артық етпесі анық. Ендеше, кеше мен бүгінді саралап, табысты мектептер қатарынан табылғандар жайында атап өтсеңіз?
– Мұның жөн. Жақсылықтың жұғысты болғаны көңілге демеу. Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған конкурста тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Премьер министрі Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы осыдан екі жыл бұрын үздік деп танылып, 34 млн еншілеген-ді. Мектептегі толымды тірлік мұнымен тоқтап қалған жоқ. Оқушыларға арналған «Телестудия» кабинеті жасақталып, мектеп-гимназиясының материалдық базасы қайта жаңаланды. Уақыт талабына бейімделген оқушылар «Жас мобилограф» үйірмесі арқылы жаңа қырларынан таныла бастады. Бұдан басқа, №62 Жарасқан Әбдірашов атындағы мектеп-лицейі де өткен жылы республика деңгейдегі ауылдық мектептердің әлеуетін көтеру жобасы аясында «Қазақстан халқына» қорының құны 250 млн тұратын заманауи мектепке арналған құрал жабдықтарына қол жеткізіп, аудандағы білім саласының мерейін үстем етті. Соның нәтижесінде ардақты ақын атындағы мектеп ұжымы шағын жинақты мектептер бойынша тірек мектебіне айналды.
– Барлық орта білім беретін кәсіби бағдар беру ғылыми-зерттеушілік жұмысты арттыруға мүмкіндік беретін жобалар әзірленіп, оның қызмет аясын кеңейту мақсатында өңірімізде жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен меморандуға отыру бүгінгі күннің міндеті. Осы ретте Президенттің болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек деген сөзімен үндескен бастамалар қалай жүзеге асып жатыр?
– Біз қаласақ та, қаламасақ та интернет дәуірі салтанат құрып тұрған заман. Мектептерде уақытпен үндесіп жаңалықтар легін дер кезінде ақпараттандыру үшін №220 орта мектебі «Жаңа медиа және журналистика мектебі» жобасын қолға алды. Нәтижесінде мектепішілік газет жарық көріп, шығармашылыққа бейім оқушылардың жазуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік жасалды. Талапты шәкірттердің журналистикаға деген қызығушылығы оянып, диктор электрондық және сандық медиа редакторына, бағдарламалаушы арналарда жүргізушілік мамандықтарды меңгеріп, блогерлікке бейімделуі бір жолға түсті. Бала тәрбиесі қай кезде де өзекті мәселелердің бірі. Жеткіншектеріміздің ерекшеліктеріне қарай қарым-қатынас жасап, ұлттық тәрбиенің үлгілерін ойларына сіңіруі елге, отанға деген сүйіспеншілікті санаға тоқуы бәрінен маңызды екенін естен шығармаған мектеп педагогтары үйірмелерге де, шәкірттерді түрлі салаға баулу үрдісін жолға қойды. Атап айтсақ, ата-анамен бірлесіп жұмыс істеу ойдағыдай атқарылып, ұл-қыздарымыз оқудан тыс кезде мектепішілік 1294 үйірмеге қатысуда.
– Қай кезде де барлығы дерлік материалдық-техникалық базаға тірелері анық. Бала үшін мүмкіндік жасалса, саналы тәрбие, сапалы білім алуға жол ашылары даусыз. Тағы бір қойылуы тиіс сауал аудан мектептерінің бүгінгі жай-күйі. Сол жөнінде білсек?
– Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жылма-жыл заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылып, ақпараттық панельді тақталармен жаңғырытлып келеді. 77 жаңа үлгідегі пән кабинеттері (25 мектепте физика, 26 мектепте биология, 26 мектепте химия) болса, ағымдағы жылы 10 мектеп (3 химия, 1 физика, 1 биология, 5-СТЕМ) пән кабинеттерімен қамтылады деп жоспарланып отыр. Қаладағы 7 мектепке 70 интерактивті панельді тақта қондырылды. Қазіргі таңда аудандағы 16 мектептің интернет жылдамдығы 300 мбит/сек. көтеріліп, «Старлинк» жобасымен жұмыс істеуде.
– «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген тәмсіл бар. Кім де кім болсын сол ұстаздың арқасында білім алып, көркейеді. Күнгей мен көлеңкені, жақсы мен жаманды жазатын қалам ұстағандар ішінде біз де бармыз. Талай мәрте ұстаз мәртебесін ұлықтап, мұғалімдердің абыройын арттырып, беделін биіктетуге ойдың кенін қаздық, жаздық. Әлі де мектептердегі мерейлі мұғалімдердің мерейін тасытуға үлес қоса береміз. Ендеше, білім бөлімінің басшысы ретінде аудан мақтанышына айналған ұстаздар хақында сөз сабақтасаңыз?
– Озат тәжірибелі ұстаздар жетістігі – аудан, облыс мақтанышы. №14 мектеп-лицейдің «Шебер» санатындағы орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанна Кунарова республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы болып танылып, арнайы сыйақыға ие болса, №62 мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі Алтынбек Киікбаев республикалық «Идеялар фестивалінде», облыстық авторлық бағдарламалар байқауында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, республикалық «Қазақстан мұғалімі ұлттық сыйлығы» байқауының «Үздік 50 мұғалім» қатарынан Алтынбекпен қатар, оның әріптесі, №62 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Баймаханова да көрініп отыр. Үздік идеяларды анықтау, тәжірибелерді тарату мақсатында өткізілген республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» жас педагогтер сайысына қатысқан №177 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мәди Құрманәлиев байқаудың жеңімпазы атанды. №262 мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі М.Төлебаевтың «Математикалық сауаттылықты футбол ойыны арқылы үйрету» тақырыбындағы жұмысы республикалық көлемде жалпыланып, үздік жас маманның жұмысы ретінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтына жарияланды. №220 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Әбдіқадыр Әбдіжәлелов және №61 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Әлішер Әбдіхалықов республикалық математика пәні мұғалімдері арасында ұйымдастырылған «Математикалық регата» олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысып, арнайы марапат иегері атанды.
– Керемет! Жоғарыдағы жағымды жетістіктермен марқайтқан мұғалімдер қатары арта берсін деп тілейміз. Оқушыларға дәріс беріп, үлкен ізденіспен өзі қызмет қылған мектептің ғана емес, ауданның да абыройын асырған ұстаздарға көпшілік тәнтті. Жақында ғана №262 мектептің бір топ ұстаздары Елордада 30 елдің ең танымал сарапшылары мен ғалымдары қатысқан дүниежүзілік «WALS-2024» конференциясында өз іс-тәжірибелерін таныстырып, аудан абыройын асқақтатып қайтты деп те естідік...
– «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапшыл болмақ» деп халық даналығында айтылғандай, көптеген оқушыларымыздың жетістіктері облыс, республика көлемінде түрлі сала бойынша ұйымдастырылып жатқан интеллектуалдық ойындар, сайыстар мен байқауларда, пәндік олимпиадаларда көрініп келеді. Тағы бір ауыз толтырып айтарымыз ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп түлектері ерекше көрсеткішке қол жеткізді. Ең қуанарлығы, ұстаздардың еңбегін ақтап, үйде тілеуін тілеп отырған ата-анаға салмақ салмайтындай грантқа иелік етті. Олар жаңа өмір, жаңа орта, жаңа қалада мектеп қабырғасынан алған білімдерін онан әрі айтулы университеттерде білімдерін онан әрі шыңдауға мүмкіндік алды.
Шет елге грантқа түскен оқушыларды атасақ, №71 орта мектебінен Жұлқар Ибрагим – Карабюк университеті, Түркия Республикасы. №19 орта мектебінен Оразмағамбет Бауыржанұлы – Business Internettion, Түркия Республикасы. №87 орта мектебінен Амангелді Дамир – Иззет Байсал университеті, Түркия Республикасы. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш. Өзіміз қияға қанаттандырған түлектеріміздің еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, шет ел асып, оқуға деген құлшыныстарымен білім теңізіне еркін құлаш сермеуі аудандағы барша ұстаздарға берілген жоғары баға деп ұғамыз.
– Елдің атын шығаратын да, даңқын шығаратын да жастар. Содан да болар, мемлекет жастарды қолдауға құйылған инвестицияның қайтарымы бар деп есепдейді. Соның шеңберінде түрлі бағытта келешегіміз үшін сан алуан қолдаудың бағдарын жасайды. Жоғарыда атап көрсеткеніңіздей, мектеп бітірген 942 түлектің 625-і мемлекеттік грантқа иелік еткені қаншама шаңырақ қуанышқа кенелді деген сөз. Лайым, келер жылдың оқу жылында осы жетістікпен тәмамдаңыздар! Алтын уақытты бөлгеніңіз үшін көп рақмет.
Сұқбаттасқан А.ЕЛЕШ
05 қазан 2024 ж. 270 0