Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заңды қорғаған заңғарлар

Заңды қорғаған заңғарлар

Прокуратураның басты қызметі заң мен құқықтың шырақшысына айналып, әділетті қоғамның алтынқазығын қалыптастыру. Себебі Республикада жоғары қадағалау қызметін жүзеге асыратын жалғыз мемлекеттік орган – прокуратура.
Прокуратура органдары қызметкерлерінің жоғары кәсіпқойлығы, олардың өз ісіне берілгендігі мен адалдығы, кез келген заң бұзушылыққа ымырасыз көзқарасы және жауапкершілігі азаматтарға Заңның жеңісіне деген сенімін сақтауға көмектеседі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 20 жыл бұрынғы бұйрығымен 6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, атап өту белгіленді. Ата Заңда көрсетілгендей, заңдылықты қадағалаушы орган ретіндегі беделі мен рөлін көтеру, заңсыздық пен құқықбұзушылыққа жол бермеу, құқықтық мемлекет құру ісіне салмақты үлес қосу – прокуратура органы қызметкерлерінің басты борышы. Сол үшін де мереке қарсаңында Арал ауданының прокуроры Мадияр Бекпановпен сұхбат құрдық.
Тарих пен тағылым
– Мадияр Ертарғынұлы, Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының прокуроры қызметін атқардыңыз. Тәжірибеңіз мол. Саланың тарихы мен тағылымын, ел қорғаны болған азаматтардың қызмет жолын жақсы білесіз. Әуелі осыған толық тоқталып өтсеңіз...
– Еліміздің әрбір азаматы отанымыздың нығаюына, кемелдене түсуіне өз үлесін қосады. Мемлекетіміздің іргесі мықты, шаңырағының биік болып жаһандық қауымдастықтан өз орын лайықтап алуы – әрбірімізге басты мұрат. Ал мемлекет мүддесін қалтқысыз қорғап отыру – прокурорлардың міндеті. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы ішінде Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасында барша заңдылықтардың селкеусіз орындалуын мүлтіксіз атқарып келді.
Иә Қазақстан Прокуратурасының бір ғасырлық тарихы бар. 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан орталық Атқару Комитетінің шешімімен Әділет халық комиссиариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылған. Ал еліміз егемендігін жариялаған тұста, 1991 жылы 6 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 1992 жылы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне енді.
Қадағалаушы органның атаулы күні әрдайым біздің өткен күндерімізді әрдайым еске түсіріп отырамыз. Ал өңірдегі прокуратура тарихы 1938 жылдың бастау алады.
Аралдың тұңғыш прокуроры қызметін Ж.Мықтыбаев атқарған. Азаматтың адалдықты, заңгерлік біліктілікті, үлкен жауапкершілікті қажет ететін ерекше қызметті Қ.Шектібаев. Б.Жанбекова, К.Құлмурзина, С.Каухарбеков, Ж.Берденов, Ж.Исаев, А.Көптаева, А.Кенжеғараев, А.Әлібаев, А.Музатов, Т.Рахимов, А.Смағұлов, Е.Жалғабаев, К.Қосекеев, Б.Бұйраев, А.Аймағанбетов, И.Махшатов, Ә.Абдуллаев, Б.Елшібеков, Б.Тоқмырза, А.Таженовтер атқарып, сабақтастық маған дейін келіп жетті.
Аралдың арда Аралбегі
– Расымен, аудан прокурорларының қай-қайсысы да осы органның мәртебесіне лайық қызмет етіп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті жоғары қадағалауда қырағылық танытып, алдыңғы буын салған сара жолмен жүріп келеді. Осылардың әрқайсысы аудан көлемінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ауқымды жұмыстар атқарды. Соның ішінде есімі ел ішінде еңбегімен танылған, «Заңды мүдде қорғаудың заңғары» атанған Аралбек Аймағанбетов туралы ой бөліссеңіз...
– Аға буын қызметкерлердің кәсіптік тәжірибелерін бойға сіңірген бүгінгі буын да өз саласының мықты мамандары болып қалыптасуда. Кейінгілерге үлгі бола білген аудан прокурорларының бірі Аралбек Дәуқараұлын бүгінде еске алып, ғибратты ғұмырын үлгі тұтамыз.
Ол – айдынды Арал өңірінің төл перзенті. 1970 жылы Арал ауданында дүниеге келген. «Тектіден текті туады» деген бар емес пе, әкесі Дәуқара бірнеше балық колхоздарын басқарған, балық кәсіпшілігінің аудандағы көшбасшыларының қатарында болған. Ал атасы Аймағанбет ел жұртына айтқан сөзін тыңдатқан, аузына қараған халыққа жол, бағыт көрсеткен абыз кісі екен.
«Алтынның сынығындай» болған Аралбек Дәуқараұлы Қызылжар ауылындағы №81 орта мектепті бітірген. Алғашқы еңбек жолын «Райым» балық колхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған.
Үш жыл құқық қорғау саласында абыройлы қызмет еткен Аралбек Аймағанбетов 1996 жылы үлкен сенім артылып, прокуратура саласына қабылданып, Қармақшы ауданы прокурорының көмекшісі қызметін атқарған. Жас маман кәсіби шеберлігін шыңдап, мамандықтың қыр-сырына бойлады.
– Аралбек Дауқараұлының Аралға оралуы қалай болды?
– Ол адалдық пен жауапкершілікті жанына серік етіп, мемлекет мүддесін қорғауда қырағылық, батылдық танытып отырды. Кім-кімге де туған жер ыстық қой. Арда азамат 1999 жылы Арал аудандық прокурорының орынбасары болып, айдынды өңіріне оралды. Ата мекеннің гүлденуіне шарапатым тисе екен деген арманы болды.
Сол арман қанатында азаматтың самғауын көрсетті. Оған деген сенім бекіп, 2002-2006 жылдар аралығында Арал ауданының прокуроры қызметін алғаусыз атқарды. Мүлтіксіз жұмысымен дараланып, халық арасында үлкен беделге ие болып, абырой асқарынан көріне білді. Оны жақсы білетіндер осы жылдары оны «Заңды мүдде қорғаудың заңғары» деп атайтын. Бұл ел-халықтың берген жоғары бағасы болатын.
Ол осылайша өзіне сеніп тапсырылған жауапты жұмыстарды алғырлық, іскерлік, сергектік таныта отырып, ең бір сауатты шешім шығара білуімен айрықшаланды. Егемен еліміздің нығая түсуіне өзінің қомақты үлесін қосу үшін, ел талабына сай тер төкті. Туған халқының адал перзенті 2006 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Шиелі ауданының прокуроры қызметін атқарды. Оның алда атқаратын істері көп болатын. Алайда 2008 жылы мезгілсіз ажал өмірден ерте алып кетті. Адам өмірінің мән-мазмұны тек қана жылдармен өлшенбесе керекті. Прокурор Аралбек Дәуқараұлы 38 жылдық ғұмырында облыс прокуратурасының тарихында өз қолтаңбасын қалдырып үлгірді.
Бақылаушы саланың білгірі болатын...
– Ел қорғаны болған ерлердін ұмытпасы хақ. Құқық қорғау органдарының көш басшысы болып саналатын – прокуратура саласында қызмет етудің шынайы үлгісін көрсеткен азаматтар аман болсын!
Сіздердің халық алдындағы беделді көрсететін осындай заңғар тұлғалардың бірі – Бақытжан Бұйраев еді...
– «Өткенсіз бүгін жоқ» дейді дана халқымыз. Кәсіби мерекеміз қарсаңында арыс ағаларымызды еске ала отырып, олардың даңғылды дәстүрі жалғаса берсе дейміз.
Бақытжан Бұйраев 1948 жылы 22 мамырда Арал ауданының Аманөткел елді мекенінде дүниеге келген. Бала кезгі арманына қол жеткізу мақсатында орта мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түсуге аттанады. Арманы орындалып, өзінің қалаған оқу орнына түседі. Сөйтіп, ол С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды.
Оның бойында қайтпас қайсарлық, еңбекқорлық қасиеттері мол еді. Мұны құқық қорғау саласының майталманы десе де болғандай. Билер сөзінің ауыздан-ауызға жетіп, бүтін ұлтқа қызмет етуі жақсы жалғастықтың нәтижесі екені сөзсіз. Адам жақсының жанында, тектінің төңірегінде жүрсе, күбір-сыбырдан аулақ болатыны анық.
Ол әуелі 1979 жылы аудандық прокуратурада прокурордың көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Сосын аға көмекші, прокурордың орынбасары, Қармақшы, Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарында прокурор қызметін атқарған. Осындай жауапты қызметтер кезінде Бақытжан Бұйраұлы жағымды жаңалықтарымен аудан тұрғындарының есінде қалды. Өз ойын батыл айта алатын, әділдік пен тура билікті биік ұстанған айтулы азамат қай ұжымды да қай қызмет тізгінін алса да, жемісті ісімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерен еңбегімен өзгеге үлгі-өнеге бола білді. Төрт ауданның прокуроры болып, сол аудандардың қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан жан.
– Адал еңбегінің бәрі халықтан алғыс болып қайтып, бейнеттің зейнетін көрген азамат екен. Ол кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік жылдары да аталмыш аудандардың дамуы мен өсіп-өркендеуіне білікті прокурор ретінде сүбелі үлесін қосты. Есіл еңбегі үшін ерге құрмет көрсетіліп жатыр ма?
– Халықтың құқығын қорғауда Бәкеңдей азамат қандай құрметке болсын лайықты дер едік. Өзіне сеніп тапсырылған жауапты жұмыстарда алғырлық іскерлік, сауатты шешім айта білуімен ерекшеленген.
Құқық қорғау саласындағы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланды. Өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін адал атқарған азамат «Әділет кеңесшісі», «Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ҚР Тұңғыш Президентінің алғыс хатымен, ҚР Бас прокурорының Құрмет грамотасымен және талай мәрте бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ол өмір жолының табаны күректей 35 жылын прокуратура саласына арнаған. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеруде қадағалау органдары ардагер салған сара жолмен тыңғылықты жұмыстарын жүргізіп келді.
Бақытжан ағамыз өзінің бір сұхбатында: «Аз қазаққа байлықты салыстыру да, жершілдікке қарай бөлінуі де қатер. Әсіресе, мұндай жат халықпен бейкүнә жас ұрпақтың санасын уламауымыз керек. Байлықты, бай мен кедейді емес, тәуелсіздікті, осы тәуелсіздікке қалай жеттік дегенді жастарымыздың ойына орнықтыру қажет» деген еді.
Қай дәуірде де қоғамға лайықты еңбегін сіңірген ардагер Бақытжан Бұйраевтың асыл ағаға қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпесі анық. 2007 жылы пайғамбар жасына келіп, бір салада ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Иә, үлкен абыроймен зейнетке шығу кім-кімнің де арманы, маңызды кезеңі екені даусыз. Бұл жауапты сәтте әрбір адам өзінің өткен жолына қарап қорытынды жасап, алға қарай ұмтылып, екінші жаңа өмір басталғандай күй кешеді емес пе, «Тұлғалардан ешқашан өшпейтін із қалды» демекші, ел ағасының мамандыққа деген сүйіспеншілігі, адалдығы осындай болған.
– Сұхбатыңызға рақмет! Қос азаматтың ел дамуы үшін қосқан ерлігін ұмытпаймыз. Қазіргі сапта жүрген қызметкерлерге де абырой тілейміз. Қазақстан Республикасының «Прокуратура күні» кәсіби мерекесі құтты болсын!
Әңгімелескен Айдар САЙЛАУОВ
03 желтоқсан 2024 ж. 725 0