Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолдары

Сұрақ: Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының жұғу жолдары туралы айтып өтсеңіз?
Жауап: Көктем - жаз айларында күннің жылуына байланысты кене секілді зиянды жәндіктердің белсенділігі артады. Кенелер жылы қанды жануарлар мен адамдардың қанын сору арқылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға, жан-жануарларға таратушы болып табылады. Ауру тасымалдауда жеке қожалықтағы малдардың ролі зор, кенелер өрістен малдарға ілесіп мал қораларға, аулаларға әкелінеді.
Адамға ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында вирустар бар малдарды сойғанда, ауырған адамдарға туыстары, медицина қызметкерлері көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда жұғады.
Сұрақ: Қырым-Конго-геморрагиялық қызбасыауруының алдын алу мақсатында ауданда атқарылып қандай жұмыстар атқарылуда?
Жауап: Арал ауданы әкімінің 14.03.2025жылғы №56-қ «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық профилактикалық іс-шараларды үйымдастыру және жүргізу жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Қаулысы шығарылып, ауданда қолайсыз 19 елді мекенге кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 14.05.2025 жылдан бастап, 14.06.2025 жылы аралығында жүргізілді. Осы жұмыстарды «Ақтөбе сервис -Дезо» мердігер мекемесінің субподрядчигі ЖШС «Дезинфекция и К» мекемесімен (елді мекендегі мал бастары мен мал қораларға кенеге қарсы дезинсекциялық шаралар) жүргізді, Ал елді мекеннің маңайына (санитарлық қорғаныс аймағына) «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының зоологиялық тобымен жүргізді. Жұмыс барысын бақылау мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және аудандық ветеринариялық станциясының мамандарымен жұмыс тобы құрылып, залалсыздандыру сапасына бақылау жүргізіліп, жұмыс тобының анықтаған кемшіліктеріне байланысты мал бастары мен мал қоралар залалсыздандыру жұмыстарымен толық қамтылмаған 6 елді мекенде мал қоралар мен мал бастарына залалсыздандыру жұмыстары қайта жасалды.
Сұрақ: Аурудың алдын алу шаралары,қандай сақтану жолдары бар,сол жөнінде айтсаңыз?
Жауап:Ауданда кене шағу жағдайы тіркелуде, қазіргі таңда 11 адамды кене шағып медициналық көмекке жүгінген, 1 адамда дене қызу байқалды. Барлығы 14 күн үй жағдайында бақылауда болды, ауру анықталған жоқ. Кенеден сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау қажет.
Малдарды қырыққанда арнайы жұмыс киімін, қолғап киіп жұмыс жасау керек. Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен немесе жіп орап қозғай отырып, суырып алу керек, орнына йод жағып,міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алу керек,алынған кенелерді міндетті түрде өртеп жіберу қажет.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА
Фото: Нұрболат Нұржаубай