Төлеген РАШЕВ: Экономикалық өсім – ел несібесі
Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы толымды көрсеткіші туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Төлеген Рашевпен сұхбаттасқан едік.– Экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– «Сабақты ине сәтімен», – дегендей сіздермен аудан экономикасының даму барысы мен бағыттары туралы сұхбаттасудың реті бүгін келіп отыр. Сөзімді Ел Президентінің «Кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет», деген сөзімен бастағым келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, аудан әкімдігінің күнделікті жұмысы экономикалық өсімді тұрақтандырып, халықтың әл- ауқатын жақсартуға, экономикаға теріс әсер етіп жатқан факторларды анықтап, жедел шаралар қабылдауға бағытталуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасты, оған дәлел ресми статистикалық көрсеткіштер болып отыр. 2025 жылдың 9 айында ауданда 26 888 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 65,0 пайызы өңдеу ісіне тиесілі болып, 17 600 млн теңгенің өнімі өндірілді. Жыл ішінде 911,6 мың тн тұз, 119,3 мың шаршы метр кварц топырағы қазылып, 5 400 тн балық өнімдері, 241,0 мың тн йодталған ас тұзы өндірілді.
– Ауданға инвестиция тарту жұмыстары жоспарға сай жүзеге астырылып отыр ма?
– 2025 жылы аудан көлемінде жалпы құны 6,2 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланды. Бүгінгі күнге құны 1,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Атап айтар болсақ, құны 300 млн теңгенің «Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақ өндіру» жобасы, 500 млн теңгенің «Sinooil» ЖШС-нің «Жанар-жағармай құю станциясын салу» жобасы және 422 млн теңгенің «Қарашалаң балық» ЖШС-нің «Арал қаласында балық өңдеу зауытын ашу» жобасы. Қалған құны 5,9 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылу сатысында. Олар 3,0 млрд теңгенің «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы, 1,2 млрд теңгенің «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы, 1,0 млрд теңгенің «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» жобасы және 700,0 млн теңгенің «Petro Retail PFS» ЖШС-нің «Жол бойы қызмет көрсету орталығын ашу» жобасы.
– Ауданның ең табысты салаларының бірі ауылшаруашылық саласында тың серпін бар ма?
– Әрине, ауылшаруашылығы саласында 8 339,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрады. 4 түлік малдың басын көбейту, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие, субсидиялар алып, жұмыс ауқымын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру шараларында да оң өзгерістер байқалуда. Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның ішінде, Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттарында бар. Бұдан бөлек 21-ге жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс істеп тұр.
– Ауыл халқының әлеуетін көтеру бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазір маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. Ол дегеніміз агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру болып табылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы шағын несиелер беріле бастады. Соңғы 3 жылда 852,3 млн теңгенің 144 жобасы несиелендірілді. «Ауыл аманаты» жобасының басты көздеген мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру. Бұдан өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл адамдарының кәсібін қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
– Аудан көлемінде өңдеу өнеркәсібі секторларын дамыту жұмыстары қай деңгейде?
– Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен инвестиция тарту жұмыстары бойынша Арал ауданы аймақта бірінші орынға шықтық. Өздеріңіз білесіздер, бұл оңай шаруа емес. Ауданға тартылған әрбір тиынның артында табанды жұмыс, қажыр-қайрат жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл ішінде 31 256 млн теңге инвестиция тартылып, өсім 163,2 пайызды құрады. Оның ішінде ауылдық жерлерге тартылған инвестиция 80,8 пайызға өсіп, 16 011,5 млн теңгеге жетті. Арал ауданы аграрлы-өнеркәсіптік аудан болғандықтан, өңдеу ісіне аса мән беріліп келеді. Өңдеу өнеркәсібіне жеке сектордан 3 680,1 млн теңге инвестиция тартылып, 5 есеге өсіп отыр. Оның ішінде тамақ өндірісіне салынған қаржы 3 487,7 млн теңгені құрап, 11 есеге артты. Ауданға тартылған инвестицияның арқасында жыл басынан бері жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 41,4 пайызға артып, 14 451 млн теңгені құрады. Оның ішінде 27 672 шаршы метрді құрайтын 186 тұрғын үй (4 163,0 млн теңге) пайдалануға берілді.
– Осы ретте аудандағы кәсіпкерлік саласының аудан экономикасының өсуіне қосқан үлесі қандай?
Есепті мерзімде 9 768,0 млн теңгеге бөлшек сауда, 17 530,0 млн теңгеге көтерме сауда жасалып, тиісінше өсім қалыптасты. Ауданымызда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4933 бірлікті құрады. Оның ішіндегі жұмыс істеп тұрғандары 4764 бірлікті құрап, тіркелген субъектілердің ішіндегі жұмыс істеп тұрғандардың үлесі – 96,6 пайызға жетті.
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 7449 бірлікті құраса, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 23,5 млрд теңгені құрап, 159,1 пайызға өсім көрсетті. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 2 375,0 млн теңгенің 94 жобасы несиелендірілді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы ауданда 144 адамға қайтарымсыз 226,5 млн теңге табысталды.
– Бюджеттің толығуына негіз болатын салық түсімдері жоспарға сай жүзеге асырылып отыр?
– 2025 жылға аудан бюджетінің өз кірістері 3 893,5 млн теңге көлемінде бекітілсе, жыл ішінде 4 518,5 млн теңге болып нақтыланды, немесе 625,0 млн теңге салық түсімдері ұлғайтылды, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда бюджет түсімдері 473,6 млн теңгеге артық түскен.
Өзіңіз байқап отырғандай, бүгінгі күні аудан толағай табыстарға жетіп, ел экономикасы қарыштап дамымаса, игілікті істер атқарылар ма еді. Біз келешекке зор үмітпен қараймыз. Заман талабына сай даму – өмір талабы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н. МАРАТҚЫЗЫ









