Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Руслан ТОЛЫБЕКҰЛЫ: АНА МЕН БАЛА ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Руслан ТОЛЫБЕКҰЛЫ: АНА МЕН БАЛА ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері.
Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей». Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар.
Қ.К.ТОҚАЕВ

Ана мен бала денсаулығы – кез келген қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен адамгершілік деңгейін айқындайтын басты өлшем. Бұл салада атқарылған жұмыс пен қабылданған шешім тікелей адам тағдырымен байланысты. Арал аудандық орталық ауруханасы құрамындағы перзентхана бөлімі осы жауапты міндетті ондаған жыл бойы абыроймен атқарып келеді. Бөлімнің бүгінгі жұмысы, мүмкіндігі мен басты бағыты жайлы перзентхана меңгерушісі, жоғары санатты акушер-гинеколог Руслан Бекбосынов кеңінен баяндап берген еді...
– Ана мен бала қауіпсіздігі медицина жұмысының өзегі екені белгілі. Перзентхана тарихында бұл бағыт қалай сақталған және бүгінгі жұмысқа қалай әсер етеді?
– Арал аудандық перзентханасы 1957 жылы ашылып, содан бері бірнеше буын аналар мен сәбилерге қызмет етіп келеді. Бұл жылдар ішінде мекемені басқарған әр басшы ана мен бала өмірін басты құндылық ретінде қарастырды. Атап айтсақ, 1967-1981 жылдары Болат Әлсейтов, 1982-1999 жылдары Айткүл Илиясова, 2000-2001 жылдары Алдахияр Маханбетжанов, ал 2001 жылдан 2022 жылға дейін Қанымша Құлбаева перзентхананы басқарды. 2022 жылдан бері осы жауапты міндетті мен атқарып келемін.
Басшылық құраммен қатар перзентхана тарихында қызмет еткенҚымбат Тәжиева, Набатхан Ташкенова, Фариза Мыңғышбанова, Дина Қожаниязова, Бақыткүл Нұрманова, Роза Шаймерденова, Валентина Пак, Алдаберген Сүлейменов сынды мамандар ауыр жағдайда көптеген аналардың өмірін сақтап қалды. Оларорта буын мамандар үшін – нағыз кәсіби ерлік пен адал еңбектің үлгісі.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қорытындысымен 1998 жылы «Сәбиге тек жақсылық тілейтін, ана сүтімен қоректендірудің 10 түрлі принципін іске асырған аурухана» («Больница дружеблюбного отношения к ребенку») ретінде мойындалуы да алғашқы және жалғыз аудандық аурухана үшін үлкен жетістік.
Негізгі қағидат, әрине, өзгермейді. Ана мен сәби – ұлт болашағы, олардың амандығы үшін қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Сол себептен жұмысқа салғырттық танытуға болмайды.
– Перзентхананың құрылымдық дамуы мен бүгінгі жағдайына қысқаша тоқталсаңыз. Цирфландыру жүйесінің қызмет сапасына көмегі қандай?
– 2010 жылы перзентхана Арал аудандық орталық ауруханасының құрамына қосылды. Бұл медициналық көмекті бір жүйеге түсіріп, мамандар арасындағы өзара байланысты күшейтті. 2018 жылы жаңа ғимаратқа көшуіміз қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда перзентхана өңірлік даму деңгейі бойынша ІІ санатқа жатады, бұл біздің мүмкіндігіміз бен жауапкершілігімізді нақты айқындайды.
2018 жылдан бастап бөлімшенің барлық жұмысы толық цифрландырылды. Біз DAMUMED ақпараттық жүйесіне қосылып, бүгінге дейін тұрақты жұмыс істеп келеміз. Цифрландыру жүкті әйелдің жүктілік кезеңінен бастап, босану, босанғаннан кейінгі бақылауға дейінгі барлық мәліметтің нақты тіркелуіне мүмкіндік береді. Ол дәрігердің де, пациенттің де жұмысын жеңілдетіп, ашықтықты арттырды деп толықтай айта аламын.
– Перзентхана мүмкіндігі төсек қоры мен бөлімшелер құрылымына байланысты екенін білеміз. Сонымен қатар ана мен бала қауіпсіздігіне жауапты мамандардың біліктілігі туралы айта өтсеңіз...
– Бүгінде перзентхана 40 төсектік. Оның 19 төсегі босану бөлімінде, 10 төсегі гинекологиялық бөлімшеде, 8 төсегі патология, ал 3 төсегі жаңа туған нәрестелерді қарқынды емдеу палатасында орналасқан. Бүгінгі құрылым аудан халқының сұранысын толықтай қамтып отыр.
Бөлімшеде 77 жан қызмет етеді. Оның ішінде,Қанымша Құлбаева еңбек өтілі 40 жылдан аса маман және Гүлханым Көшербаева, Мөлдір Имжанова,Ақтан Қазиев, Жақсылық Кемалов пен мен – акушер-гинеколог мамандармыз. Сонымен қатар 4 неонатолог, 1 УЗИ дәрігері, 14 акушер, 17 медбике жұмыс істейді. Сексеуіл кентінде бір акушер-гинеколог, әр елді мекенде бір акушер бар. Қуаныштысы – кадр тапшылығынан мәселе жоқ.
Сонымен бірге облыс орталығында орналасқан көпбейінді облыстық аурухана, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, облыстық перенталдық орталықтарға мамандарымызды тәжірибе алмасуға жіберіп келеміз. Кәсібилік күрделі жағдайда ана мен сәби өмірін сақтауға мол мүмкіндік береді.
– Материалдық-техникалық база қалай жаңартылып жатыр және ана мен баланың алғашқы байланысына қатысты қандай тәжірибе қолданылады?
– Перзентхана жыл сайын жаңа құрылғылармен толықтырылып отырады. Биыл әйелдерге арналған 3 заманауи трансформер кереует алынды. Сонымен қатар босану алдындағы кезеңге арналған 3 жеке палата бар. Бұл бөлмелерде әйел өз серіктесімен бірге бола алады, яғни серіктестік босануға толық жағдай жасалған.
Қазіргі таңда сәби дүниеге келген сәттен бастап анасының жанына беріледі. Тәжірбие ана мен бала арасындағы табиғи байланысты нығайтып, баланың бейімделуіне оң әсер етеді. Сонымен қатар ананың да психологиялық жағдайына жақсы ықпал жасайды.
– Әйелдер консультациялық орталығының қайта ашылуы сіздерге қандай мүмкіндік берді?
– Иә, А.Байтұрсынов атындағы емхана жанынан әйелдер консультациялық орталығы қайта ашылды. Бұрынғы орталық 1997 жылы жабылған болатын. Қазір онда 3 акушер-гинеколог пен 1 терапевт қызмет көрсетіп жатыр. Бұл жүкті әйелдерді ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік береді.
– Биылғы жыл қорытындылары қандай көрсеткіштермен ерекшеленді. Ауыр жағдайда немесе шала туған балаларға көмек көрсету деңгейі қалай?
– 2025 жылы 1216 босану тіркелді. Оның ішінде 27 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген. 7 егіз нәресте бар. 2 нәресте өлімі тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 72 пайызға төмендеді. Сонымен қатар 264 кесар тілігі жасалып, ана мен бала жағдайы тұрақты болды.
Перзентхана негізінен 34 аптадан жоғары босануға арналған. Дегенмен кейде одан төмен мерзімде де босану жағдайлары кездеседі. Мұндай кезде барлық мүмкіндікті пайдаланып, қарқынды емдеу палатасында толық көмек көрсетеміз.
Егер ана немесе баланың жағдайы күрделі болса, облыстық перинаталдық орталықпен бірден байланыс орнатылады. Баланың жағдайы тұрақты, алыс жолға жарамды болса, облыс орталығына жеткізіледі. Барлық шешім тек ана мен баланың қауіпсіздігі үшін қабылданады.Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағынан да мәселе жоқ.
Алғаш босанатын аналарға немесе жүктілік кезінде күйзеліске түскен әйелдерге психологиялық қолдау қажет. Мұндай жағдайда орталық аурухананың психолог, психиатр мамандары арнайы жұмыс жүргізеді.
Ана мен бала қалыпты даму жағдайында ғана перзентханадан шығарылады. Кейін олардың денсаулығы аймақтық дәрігерлердің бақылауына беріледі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Арал аудандық перзентханасы – жаңа өмір басталатын, үлкен үміт пен жауапкершілік тоғысқан қасиетті мекен. Мұнда әрбір сәби тағдырына бейжай қаралмайды, әрбір ананың амандығы – басты назарда. Тарихы мен заманауи мүмкіндігі үйлескен бұл бөлімшенің басты мақсаты – ана мен бала қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Осындай жүйелі еңбек пен кәсіби адалдық аудан медицинасының беделін арттыра бермек.
Әңгімелескен: Г. САҚТАПОВА
17 желтоқсан 2025 ж. 262 0