Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ескі жыл жақсылығымен есте қалады

Ескі жыл жақсылығымен есте қалады

Барыс жылы тек аудан үшін ғана емес, еліміз үшін берекелі жыл болғаны жасырын емес. Жыл көлемінде ауданда көптеген жұмыстар атқарылып, халық игілігіне жарады. Соның ішінде кәсіпкерлік нысандардың бой көтеруі ел экономикасына зор ықпалын тигізген болатын. Иә, біршама нысандар ашылып, бүгінде көпшілік ризашылығына бөленіп отырған жайы бар. Балалар жылы аясында кәсіпкерлердің қолдауымен 6 ойын алаңы ашылып, балалар қуанышына бөленді.
Сонымен бірге қаланың 95 жылдығы мен Арал өңірі балықшыларының VI слеті және Поволжье халқына 14 вагон балық жөнелткен қайырымды істің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Мереке аясында облыс әкімінің қолдауымен «Балықшылар аллеясы» бой көтерген болатын.
Білім беру аясын да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. 100-ден астам аралдық оқушылар республикалық байқаулар мен сайыстарда, ғылыми жобалар мен танымдық додаларда жүлдемен оралды. Сондай-ақ асқақ арманға қанат жайып, мектептен түлеп ұшқан жастар үшін де өткен жыл сәттілікке толы болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 651 оқушының 410-ы жоғары оқу орнының, 6-ы облыс әкімінің грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8 пайызға артып отыр екен. Сонымен қатар №71 мектеп-интернат пайдалануға беріліп, 5 балабақша ашылып, теңізді өлке бүлдіршіндері білім алудан тыс қалмады.
Міне, айта берсек атқарылған жұмыс пен олардың нәтижесі де жетерлік. Табыс пен шаттыққа толы 2022 жыл халық үшін берекелі де сәтті жыл болды. Ендігі кезекте келіп жеткен 2023 жыл да тұрғындар үшін жақсылыққа толы боларына сенемін. Бастысы, халқымыздың ауызбіршілігі мен тыныштығы. Дүйім жұрт болып еліміздің дамуына үлес қосып, ашық аспан астында бірлікпен күн кеше берейік.
Д. ЕЛЕУОВА,
қала тұрғыны

Фото: azattyq.org/
---
05 қаңтар 2023 ж. 185 0