Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Барыс жылының баянды белестері

Барыс жылының баянды белестері

Қашаннан «Жаңа жылда жарылқа, ескі жылда есірке» деп тілек тілейтін қазақпыз ғой. Расында тілеуің қалай болса, уақыттың берері де соған байланысты деген сенім санамызға ұялап алған. Сондықтан болар, әр жыл есте қалар жақсылықтарға толы, жемісті болып жатады. Ұлттығымыздың, қазақылығымыздың халыққа берер сыйы да адал тілеуімізге байланысты болса керек.
Жылдар тоғысында біз осы әдеттен айнымай, барыс жылының аудан халқы үшін қаншалықты табысты болғандығын еске алып өтуді жөн санадық. Егемендік алғалы бері әр жылды өзіндік тарихи сәтпен есте сақтап келе жатқан аралдықтар биыл қандай қуанышқа бөленді?
Тарихи сәттерді еске алуды көнеден жалғасқан терең тарихтан бастауды жөн көрдік. Әрине, биылғы жылдың басты жаңалығы Арал қаласының 95 жылдығы болды. Тау-тау тұзымен, тай-тай балығымен әлемге әйгілі болған Аралдың мерейтойына орай қаланың мерейін өсіретін түрлі шаралар ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде өткен бұл шаралар, әсіресе республикалық ақындар айтысы халықтың есінде мәңгі сақталары ақиқат. Аудан топырағында алғашқы рет өткен үлкен додада Аралдың мәселесі ауқымды көлемде қаузалып, жетістіктердің желісі жырмен жалғанды.
Барыс жылынан қалған тағы бір естелік, теңізді өлке халқының түптен келе жатқан ата кәсібі балықшылықты ұлықтау болды. Ғасыр бұрын бүтіндей Поволжье халқын аштықтан құтқарып, бас-аяғы 75-80 күннің ішінде 14 вагон балық жөнелткен балықшылардың мекенінде "Балықшылар аллеясы" ашылды. Мұнда сала ардагерлерінің есімі жазылған ескерткіш тақта мен өткен күннен сабақ боларлық түрлі бағалы жәдігерлермен толықтырылды. Арал антологиясы жарық көрді.
Сондай-ақ тарих қойнауына аттанғалы тұрған 2022 жылдың басында Мемлекет басшысы «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, "Балалар жылын" жариялаған болатын. Сондықтан өскелең ұрпақтың болашағына берілген үлкен мүмкіндіктерге толы бұл сәт те ауданымызда елеусіз қалмады. Ауқымды шаралар өткізіліп, "Балалар аллеясы" ашылып, бүлдіршіндерге шаттық сыйлады.
Балалардың тағы бір қуанышы апатты болып табылған №71 орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылуы болды. Білім үстемдік құрған бүгінгі таңда жаңа үлгідегі білім алуға қолайлы, заманауи мектептің іске қосылуы расында тек оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы үшін ғана емес, барша аралдық үшін жылдың жетістігі болып отыр. Себебі бүгінгі балалар еліміздің кемел келешегі үшін ерінбей еңбек ететін тұлға болатынын уақыт дәлелдеді. Ал олардың қауіпсіздігі мен білім алуына біз жауаптымыз.
Барыс жылында көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан, ауызсудан қиындық көріп жүрген ауылдарға ауызсу тартылып, құрылысы жүргізілді. Құмның қойнауындағы Көктем елді мекені мен аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақбасты ауылы тұрғындары осындай қуаныштың мекеніне айналды. "Таза ауызсу ауыл азаматтарының арманына айналған еді. Жиі айтылып, оң шешілуін сабырмен күтіп келдік. "Сабыр түбі – сары алтын" деген осы шығар. Биыл сол мәселе шешімін тауып, ауылға су құбыры тартылған сәттегі көңіл-күйімізді жеткізу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін қажетімізді құдықтан тасып ішуге мәжбүр болғанбыз. Енді міне, сол күндердің бәрі ұмыт болатын күн жақын. Биылғы жыл бізге табысты жыл болды" деген көктемдіктердің сөзінен ескі жылдың ерекше болғанын анық аңғарамыз.
Ал сексеуілдіктердің қуанышы тіпті бөлек. Аралға көгілдір отын кіргеннен кейін тұрғындар санынан қаладан кейінгі орында тұрған Сексеуіл кенті кезек күткен болатын. Міне, биыл осы мәселе іс жүзінде бастау алды. Алдағы уақытта кент тұрғындары Арал қаласы мен Жақсықылыш кентінен кейін көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алады.
Бұл табысты аяқталған жылда тындырылған толағай еңбектің бір бөлігі ғана. Мұнан бөлек аудан көлемінде көптеген жұмыстардың істелгені, тың бастамалардың қолға алынып, нәтижеге жеткені халықтың көз алдында. Келер жылдан да күтерім көп. Қоян жылы құтымен келсін дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
31 желтоқсан 2022 ж. 433 0