Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылдан күтеріміз көп

Жаңа жылдан күтеріміз көп

Келер жылдан, алдағы күннен жақсылық қана күтетін халықпыз. Бірақ "Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа" деген көнеден келе жатқан тәмсілден-ақ біз өткенімізді де естен шығармай, әркез алғысымызды арнауымыз қажет. Өйткені әр уақыт өзіндік естелігімен сақталады. Ол ертеңгі тарихқа айналады.
Жылдар тоғысында табалдырықтан енген жаңа 2022 жылдан күтеріміз көп. Бірақ осы тұста кеше ғана тарих қойнауына аттанған сиыр жылы қандай жаңалығымен есте қалды деп ойланып көрейік.
Әуелгі кезекте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы еске оралады. Баға жетпес құндылығымызды қастерлеу қашанда басқадан биік тұрады. Тәуелсіз Қазақстан егемендігіне қол жеткізгеніне 30 жыл ғана уақыт болса да қандай қиындыққа да қарсы тұра алатын деңгейге жеткенін анық көрсетті осы жылы. Оған дәлел мынау.
2021 жылы аудан халқы жауын-шашынның аздығы мен жайылымдық жерлердің құрғап қалуына байланысты қуаңшылықты бастан өткерді. Табиғаттың тосын сыйы ғой. Бұл әсіресе бізге, мал шаруашылығымен айналысып отырған жандарға өте қиынға соқты. Ол жасырын емес. Көктем шығысымен көңілімізді елеңдетіп, енді қайтпек керек деп абдырап қалдық. Бірақ өзіміздің қолымыздан келетін шаруа емес. Оны жақсы түсіндік.
Осы ретте аудандық атқарушы биліктің шұғыл әркетке көшкені біз үшін қуанышты жаңалық болды. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов үлкен қолдау көрсетіп, жедел түрде шара қабылдап, халықтың сөзін жоғарыға жеткізе білді. Нәтижесінде ауданда төтенше жағдай жарияланып, көп көмекке ие болдық. Ауданнан бөлек, облыстан, республикадан келген мал азығы сонадй қиын сәтте үлкен көмек болды. Осы ретте меценат Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаражаттың да тиесілі бағытқа жұмсалуын тікелей қадағалаған аудан басшысына, қиын сәтте көмек көрсеткен аймақ басшысына және Болат Өтемұратовқа айтар алғысымыз шексіз.
Міне, 2021 жыл осылай есте сақталды. Қиындықсыз кезең жоқ. Бірақ қиындықтың ақыры баянды болғаны барлығын ұмыт қылады. Сондықтан өткен жылды өкпесіз шығарып салып, келер жылдан күтеріміз көп.
Міне, жоғарыда аталған төтенше жағдай уақытында тек мал азығы, жем-шөп қана ауданға әкелінді деу қате пікір. Мұнан бөлек көптеген шаруалар шешімін тапты. Субсидия тарту, ауылдарда су ұңғымалары салынып, жайылымдық жерлерді суару бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Міне, жаңа жылда біз сол атқарылған жұмыстардың жемісін көріп, жайлауында төрт түлігі өрген, малы мен жанына жайлы жыл боларына сенеміз.
Жәли БАЙТУҒАНОВ,
"Жәли Байтуғанов" ШҚ төрағасы
02 қаңтар 2022 ж. 356 0